• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 13:30:57
Алматы
+35°
7 ақпанда Нұр-Сұлтанда жиырмаға жуық борышкер биліктен мәселелерін шешіп беруді талап етіп, Ақордаға бармақ болды. Бірақ оларды арнайы жасақ өкілдері бөгеді. Борышкерлердің 5 ақпанда Ақордаға бармақ болған әрекеттеріне де тосқауыл қойылған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлайды.

– Біз бүгін ғана барлық банктердің қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысудан бас тартып жатқанын білдік. Біз шок болдық. Себебі бұған дейін 17 банк бағдарламаға қосылды делінген еді. Банктер Ұлттық банк ұсынып отырған түсініксіз шарттарды қабылдай алмаймыз дейді. Ұлттық банк те бірде-бір банктің қол қоймағанын растады. Енді биліктің сөзіне сенбейміз. Қошанов пен Тоқаевтың өзімен кездестіруді талап етеміз, – деді белсенді Қанағат Тәкеева.

Оның айтуынша, 6 ақпанда борышкерлер ұлттық экономика вице-министрі, әділет вице-министрі, сот актілерін орындау департаменті, жоғарғы сот өкілдерімен кездескен. Бірақ борышкерлер олардың "мәселелеріңізді шешеміз" уәделерінен шаршағанын, нақты әрекет жасалмай отырғанын айтты.

– Келеміз – алдап-сулап шығарып салады. Ертең банктің акционерлері келеді дейді. Барсаң – акционерлер тұрмақ, тас та жоқ. Олар тіпті бағдарлама барын да білмейді. Олар халықты осында қинап қойып, қалай тамақ ішеді? Неше күн болды зарлап жүргенімізге? Жауап таба алмай жатырмыз, – деді борышкерлердің бірі Әлия Байболатова.

Екінші наразылық акциясын Нұр-Сұлтан әуежайының тазалығына жауапты клининг компаниясының бір топ қызметкері өткізді. Олар әуежай терминалдарының біріне жиналып, наразылық жасады.

Компания жұмысшыларының айтуынша, басшылық жұмысшыларды қажетті құралдармен қамтамасыз етпейді. Әуежайда резеңке қолғап, шүберек, тазалау құралдары жоқ, резеңке қолғап пен медициналық масканы қызметкерлер өздері сатып алады. Өздерін қажетті заттар мен құралдармен қамтамасыз етуді талап еткен жұмысшылар талаптары орындалмаған жағдайда жұмысқа шығудан бас тартатынын айтты.

– Бізде жұмыс істейтендердің басым бөлігі – жалғызбасты аналар. Бәрінің несиесі бар, пәтер жалдап тұрады. Тоғыз ай бұрын басшылық ауысқан. Осы уақыт бойы шыдап келдік. Шүберек жоқ, бес ай бойы қолғапсыз жұмыс істедік. Ойлаңыздаршы: халықаралық әуежай, әжетханалар толы. Тазалайтын құрал жоқ, сұйық сабын жоқ, пакет жоқ, қоқыстарды шүберекпен ораймыз. Бір сөз айтсаң – бірден жұмыстан шығарады, – деді Ұлжан Телғожина.

Екі жұмысшы бірнеше күн бойы таққан маскаларын шешіп тастағаны үшін жақында өздерін жұмыстан шығарғанын айтты. 112 мың теңге жалақы алатынын айтқан еден жуушылар жұмысқа қажетті заттарды сатып алуға шамасы жетпейтінін айтты.

–  Бір масканы екі күн тағамыз. Бәрі терлейді. Қолғап жоқ, тазалайтын құралдар жетіспейді, сүйтеді де тағы ескерту айтады. Біз құлмыз ба не? Басшылықты ауыстырсын, бізге мұндай нәрсе керек жоқ, – деді Мақпал Болатова есімді жұмысшы.

Наразылардың алдына әуежайды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Арнабол Бақыт шықты. Ол еден жуушылар айтқан мәселені бірінші рет естіп тұрғанын, бұған дейін ешкімнің шағымданбағанын айтты.

–  Маска, тазалау құралдары – барлығы қажет кезде беріледі. Әуежай бәрін толығымен қамтамасыз етіп жатыр. Мен қазір ғана осындай мәселе барын біліп отырмын. Жалақы уақытында беріліп жатыр. Оны екі рет көбейттік, – дейді Арнабол Бақыт.

– Маска тағу деген талапты біз емес, денсаулық сақтау министрлігі қойған. Бірде-бір қызметкер жұмыстан шығарылған жоқ. Ешқандай дау болған жоқ. Маған ешкім шағымданған жоқ. Егер шағым болса, оны қарастыруға дайынбыз. Бірақ ешкім келген жоқ қой, – деді ол.

Әуежайдың кадр бөлімінің жетекшісі Айгүл Шыңғысова бірде-бір қызметкерді жұмыстан шығармағанын, жақын арада жұмысшыларды қажетті құралдармен қамамасыз ететінін айтты.

– Осы аптадан бастап барлық құралдармен қамтамасыз етеміз. Жетпеген заттарға байқау жарияладық. Бәрін сатып аламыз және жұмысшыларға беріледі. Ешкімді жұмыстан шығарған жоқпыз. Ешкім келісім-шартты бұзған жоқ. Мекеменің ішкі мәселелерін өзіміз шешеміз, – деді Айгүл Шыңғысова.

 
"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: наразылық акциялары

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір