• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 23:24:34
Алматы
+35°

03 Ақпан, 2020 Саясат

Күлесіз бе, жылайсыз ба: Нұрымбетов енді қарттықты қамтамасыз етпек

Иә, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі  Біржан Нұрымбетов Қазақстан азаматтарының жалақысын көлеңкеден шығару мен қарттығын қамтамасыз ету мәселесіне басы қатып жүр. Дәл осы "қамтамасыз ету" түрін оған президент жүктеген. Ол оны қағып алған.

sputniknews.kz

 

Бұл туралы ол зейнетақы жинағынан қаражатты алдын ала алу ұсынысы жайындағы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз конференциясында айтқан. Енді сол пікірді оқып көріңіз:

«24 қаңтар күні президент өз пікірін айтты, алғашқы маңызды қадам жасалды деді және біздің мақсат жинақтардың бәрін таратып беру емес, азаматтардың қарттығын қамтамасыз ету, жалақыларын көлеңкеден шығару деді. Үкімет пен ұлттық банкке кезеңімен осы мүмкіндікті беруге болатын азаматтардың ортасын кеңейту керегін айтты», – дейді ол.

Еш қағыс естімедіңіз, әуелі азаматтардың «қарттығын қамтамасыз ету» десе, сосын «жалақыларын көлеңкеден шығару» дейді министріңіз. Мемлекет басшысының сөзін дәйек етіп. (бәлкім, "министріңіз" деген сөзге: "мен сайламағанмын, менің министрім емес" деп сіз өре төрегелер ме едіңіз: ғапу өтінеміз!).

Сонымен не түсінесіз бұдан? Мұндайда әке-шешеңнің: «Ертеңің үшін мына ақшаны тығып қояйын» дейтіні еске түспей ме бірден. Сіз ұстап қояды деп қорқады ғой олар баяғы. Себеп – ақыл-есі кіресілі-шығасылы баласыз ғой: құртып қоярсыз. Ол енді жанашырлық деңіз. Ал жаңағы Нұрымбетовтың бір ұшын Тоқаевқа тірей айтқан сөзін бұл логикаға салсаңыз, үкімет халықты бала көріп отырғаны байқалады. Сосын да халыққа жаны «ашып»: «Аз тірнектеп жиған тиынын құртып қойса, қарттығы қалай қамтамасыз етіледі?» деп бас қатыру бұл.

Бас қатпай көрсін. Тоқаевтың қызды-қыздымен айтып қойған реформалық сөзі үкіметтің байқамай "бас жаққа" барып қоюына себеп болды да, дәл осыған дейінгі зейнетақы жөніндегі, тіпті қазақстандықтардың орташа жалақысы жөніндегі пафостың парша-паршасы шықты білген адамға. Оны байқау тіптен оңай. Алысқа бармай министрдің мына бір сөзін есепке алыңыз:

«Жинақтаушы зейнетақы қорында азаматтардың 10.4 трлн теңге жинақтары бар. Қазақстан бойынша 9,9 млн зейнетақы есепшоты бар. Өкінішке қарай, салымдардың мөлшеріне келсек, 53 пайыз жинақтың көлемі 500 мың теңгеге дейін ғана.  16 пайызы 500 мың теңге мен 1 млн теңге арасында. Жинақтардың 15 пайызындағы салым мөлшері – 1 млн теңге мен 2 млн теңге арасында Яғни, салымшылардың 84 пайызында жинақ мөлшері тек 2 млн теңгеден аспайды. Осыны ескере отырып, үкіметтің ұсынысы -  жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру керек», – дейді. 

Тайға таңба басқандай анық тұр осында.  "Зейнетақыны мерзімінен бұрын алу үшін 20 жастағы жігіттің шотында 6 миллион теңгеден астам ақша болуы шарт" деген министрлік "шатпа-шұты" да дәл осы арада жарамсыз болып шығады. Яғни, халықтың 84 пайызы бар-жоғы 2 миллион теңге жинақтауға қауқарлы деп тұрған жоқ па?! Ал 53 пайызы жарты миллионды әрең құрап отыр деген сөз. Осыдан-ақ елдегі кедейліктің, "көтеремдіктің" қай деңгейде екенін ешбір бақсының көмегінсіз айта салу оңай болса керек.
Ал бұдан соң басың тағы қатады келіп-келіп. Айна-қатесіз «жалақыларын көлеңкеден шығару» деп отырмай ма?! Ал ойлаңыз. Зейнетақы деп зар қағып отырған, 84 пайызы екі миллион теңге жинақтай алмай отырған қай қазақстандықтың жалақысы «көлеңкеге» кіріп кетті екен деп? Тіпті, «көлеңкелі экономика» деп келетін (айлығы шайлығынан аспайтын қарапайым халыққа түк қатысы жоқ – ред.) төбел терминмен тәпсірлеп кеп жіберсеңіз, жалақысы көлеңкеде жататын азаматтың тағы зейнетақыға зәрулігі шамалы болса керек-ті.

Әлде, дейміз: таксис пен тандыр жапқанды, қап арқалаған мен қара қазан түбін қырып бәліш сатқанға дейін табысын тіркеп алғысы келген үкімет «көлеңкелі» жалақыны осы төңіректтен іздеп әуіреге түсіп пе еді? Себебі, осының бәрі шын мәнінде бұрыш-бұрышта нағыз көлеңке сағалап, тал жағалап күн көретіндер емес пе. Бірақ олардың онсызда жантайып жатқан табысын күн астына шығарғаннан пайда қайсы? Салыққа сарп ету ме уақытты? Не десе де өздері айтқан «көлеңке» бойынан асып тұрған зейнеткер қазақстандықты біз әзірге көріп тұрғанымыз жоқ.  

Айтпақшы,  былтыр қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өз зейнетақы жинақтары арқылы баспана алу мәселесін шешуді тапсырған болатын. Енді содан бері созбұйдадан өткен министрдің сөзінің біз тәпсірлемеген бөлігінің әлпеті мынау. Біз түсінбеген, сіз түсінеді деп берілген ақпараттың қаз-қалпы қысқа түйіні осы. Сонымен сөз тәмәм:

«Тікелей жарналардың бір бөлігін пайдалану ұсынылды. Біріншіден, жұмыс істеп жүрген азаматтар барынша аз жеткілікті сомадан асатын жинақталған жарналарды алуы туралы ұсыныс. Екінші санат – зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғалар. Біздің ұсынысымыз бойынша, сол жердегі жинағының 50 процентін ала берсе дейміз. Бір ғана шартпен: ол кісінің жинақтаушы қорында қалған ақшасы және мемлекет тарапынан алатын базалық зейнетақысы мен еңбек зейнетақысын қосқанда, ең аз дегенде табысының 40 процентінен төмен болса деген шартпен беріледі», – дейді Біржан Нұрымбетов.

 

Қозыбай Құрман

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір