• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Наурыз, 15:13:26
Алматы
+35°

Бүгін, 26 қаңтарда Канаданың Монреаль қаласындағы "Montreal Casino" аренасында мексикалық Рикардо Лараға (22-7, 10KO) қарсы  жекпе-жек өткізген қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев мерзімінен бұрын жеңіске жетті. 

Бірінші жартылай орта салмақта (63,5 кг) өткен кездесу 10 раундқа жоспарланған еді. Алайда Жүкембаев қарсыласын екінші раундта екі рет нокдаунға жіберген соң мексикалық боксшының секунданттары жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

Бұл - 28 жастағы Жүкембаевтың кәсіпқой бокстағы 18-жеңісі. Бұған дейін 17 жекпе-жек өткізген ол барлығында жеңіске жеткен. 13 кездесуде қарсыластарын мерзімінен бұрын ұтқан. Соңғы рет ол өткен жылы қыркүйек айында мексикалық Мигель Васкесті жеңген еді. 

Жүкембаев кәсіпқой боксшылардың рейтингін жасап отыратын Boxrec сайтының тізімі бойынша өз салмағындағы 1690 боксшының арасында 19-орында келе жатыр. Ол WBC тұжырымы бойынша 14-і, ал IBF тұжырымы бойынша 15-сатыда тұр. Қазақстандық боксшыда қазір өз салмағындағы ІВО International, WBC Continental Americas, WBA Continental, IBF Inter-Continental чемпиондық белбеулері бар. Бірақ бұл белбеулердің барлығы кәсіпқой бокста үшінші, төртінші дәрәжелі саналады. 

Батыр Жүкембаев - Жамбыл облысы Шу ауданының тумасы. Ол 2015 жылдан бері кәсіпқой бокста жүр. Қазақстандық боксшы "Eye of the tiger management" промоутерлік компаниясымен жұмыс істейді. Канаданың Монреаль қаласында тұратын Жүкембаев кәсіпқой бокстағы барлық жекпе-жегін осы мемлекет аумағында өткізіп жүр. 

 

Мият Кәшібай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір