• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:06:43
Алматы
+35°

Ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған іс шараларға жұмсалатын қаражат соммасы белгілі болды. Бұл туралы бүгін, 16 қаңтарда Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз жиынында мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлімдеді. 

Оның айтуынша, ақынның мерейтойына жұмсалатын қаражат мәдениет және спорт министрлігінің жылдық бюджетінен бөлінеді.

– Негізі, барлығы жылдық жоспар аясында өтеді. Осылайша, Абай бабамыздың 175 жылдығына арналған барлық шараларға 3 миллиард теңгеге тарта ақша жұмсалады. Ол – жоспарлы қаражат. Мысалы, Абай атындағы опера театрының гастрольдік сапарларына бөлінетін қаржы болады. Олар сол қаржыны Абайдың мерейтойына арнап, Мәскеу, Түркия мен Қытайға барады. Басқа өнер ұжымдары да солай істеп отыр, – деді Дәуешов.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бюджеттің ішінде Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған үш деректі фильмнің қаражаты да бар. Бұдан бөлек, Парижде ЮНЕСКО аясында бірқатар шара ұйымдастырылады.

Мерейтой аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын түрлендіру және ақын есімімен байланысты тарихи-мәдени мұра объектілеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қарастырылған.

– Бұл жұмыстардың бәрі "Қазреставрация" ұйымына бөлінген қаражат есебінен істеледі. Мысалы, Абайдың Семей қаласындағы музейінің ішкі жөндеу жұмыстарына 30 млн теңге бөлінді, – деді вице-министр.  

Ұлы Абай мерейтойының ресми салтанатты ашылу рәсімі 21 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

2019 жылы 30 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы жарлыққа қол қойды. Ал осы жылдың 9 қаңтарында  "Егемен Қазақстан" газетінде Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы жарияланған болатын. 

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы әрі классигі. Ол – жүздеген өлең, поэма мен аударманың, философиялық трактаттар стилінде жазылған "Қара сөздердің" авторы. Сонымен қатар оның 10-нан аса әні мен күйі бар.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір