• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:17:34
Алматы
+35°

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр Алматыдағы ұшақ апатынан қаза болғандар саны 15 емес, 12 адам екенін айтты. Бұл туралы ол Алматы әуежайында өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.

– Апат салдарына барлығы 12 адам қаза тапты. Олардың сегізі оқиға орынында қаза тапса, екеуі ауруханада, тағы екі адам Алматы әуежайында көз жұмды. Алматы облысы мен қаласының ауруханаларына барлығы 49 адам жеткізілді. Олардың 18 ауыр халде, – деді Скляр.

Бұған дейін БАҚ-та қаза тапқандар саны 15-ке жеткені хабарланған. Премьер-министрдің орынбасары бұл ақпаратты жоққа шығарды. 

Скляр ұшақтың апатқа ұшырау себебінің алғашқы нұсқаларын туралы да айтты. 

– Ұшар кезде әуе кемесі екі рет ұшу-қону жолағына соқтыққан. Ұшу-қону жолағы аяқталғаннан кейін әуе кемесі оңға бұрылған. Шасси (ұшақ дөңгелі – ред.) бұл уақытта жинақталып қойған. Ұшақ ұшып кетпек болғанымен оң жаққа ауып кетіп, жеке үйдің қоршауына соғылған. Үйде ешкім болмаған. Ұшақ соқтығыс салдарынан екіге бөлініп кеткен. Бұл ұшқыштың кінәсінен болды ма, әлде техникалық ақаудан ба, анықталу үстінде. Негізінен ұшақтың алдыңғы жағында отырған жолаушылар көз жұмған. Қаза тапқандардың отбасы мен зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетіледі, – деді  Скляр.                                                 

Бүгін,  27 желтоқсан күні таңертең Алматы әуежайы маңына Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы құлады. Ұшақта 93 жолаушы мен бес экипаж мүшесі болған. Жолаушылар арасында Украинаның екі азаматы, Қырғызстанның бір азаматы, Қытайдың бір азаматы бар.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, барлығы 66 адам ауруханаға жеткізілген, 50 адам ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер олардың кейбірнің жағдайы ауыр екенін айтты. 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  Алматыдағы ұшақ апатына байланысты 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні етіп жариялады. 

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Ұшақ апаты Алматы 2019

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір