• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 20:46:23
Алматы
+35°

/qamshy.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен  жемқорлық індетін жою мақсатында түсірілген «1424» көркем фильмінің   алғашқы ашық көрсетілімі өтті.

         Түрен салған тақырыпты терең қаузап, қоғам келбетін шебер айшықтаған кинокартинаның ашық көрсетіліміне өңір басшысы  Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып,  қазақ кино кеңістігіне жол тартқан көркем фильмді көпшілік көрерменмен бірге отырып тамашалады.

         Облыс орталығында алғаш рет түсірілген кинотуынды, ең алдымен қоғамда белең алған жемқорлық көріністерін азайтуға және оған қарсы мәдениеттің жарқын үлгісін қалыптастыруға, сондай-ақ  халықтың азаматтық белсенділігін арттыру арқылы сыбайластық деректерін сейілтуге бағытталған.

         Қоғам өмірінен алынған кинофильмде оңай олжаға құныққан шендінің айлалы әрекеттері мен ата-анасынан ерте айырылып, тағдыр тауқыметін бала күннен тартқан ағайындылардың баспана үшін бәйек болуы кеңірек баяндалады. Сондай-ақ, көркем фильмде жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол берген азаматтар заң алдында жауапқа тартылатындығы мен адал еңбектің әрқашан үстемдік ететіні шебер суреттеледі.

         Адал жолға үндейтін кинокартина Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы, генерал Хаким Көшқалиевтің идеясы негізінде түсіріліп, бүгінде  қоғам өміріне негізделген бірегей туынды ретінде қазақ киноиндустриясының қатарын толықтырып отыр.

         «1424» көркем фильмінің өзіндік ерекшелігі – барлық рөлдерді Департамент қызметкерлері мен Арыс қаласындағы «Т.Тәжібаев атындағы балалар ауылының» тәрбиеленушілері сомдайды әрі кәсіби әртістердің қатысуынсыз-ақ қалың көрерменнің көңілін көлеңкелі қылмыстан алшақ болуға және оны жоюда азаматтық белсенділікті танытуға үндейді.

Кино нарыққа жаңадан қосылған тың туынды бас-аяғы 3 апта ішінде Арыс және Түркістан қалаларында түсіріліп, жарты сағаттық көркем фильм нұсқасында қырағы көрермен назарына ұсынылып отыр.

Көрсетілім жиынында фильм режиссері Бақытжан Ботабеков түсірілім жұмыстарының қазан айының соңы мен қараша айының басында жүргізілгенін тілге тиек етіп, шығармашылық жолдан алыс жүрген департамент қызметкерлері мен басты рөлді жоғары деңгейде сомдап шыққан Арыстағы балалар ауылының тәрбиеленушілері Айгүл Ақжігітова мен Құдайберген Қайратұлының қабілеттеріне түсірілім барысында тәнті болғанын айрықша атап өтті.

         Сондай-ақ, адамгершілік пен әділетсіздік қатар бейнеленген фильмді тапжылмай тамашалаған қалың көрерменнің бірі «Қоғам келбетін жарты сағатқа сыйғызып, көпшілік санасына жеткізу – үздіксіз еңбек пен үлкен шеберліктің нәтижесі»,-деп пайымды пікір білдірсе,  бірі «Бұл фильм пайдакүнем пенделердің сірескен  ой-санасын сілкінтуге сеп болады», -деп көркем фильмнің елге тигізер ықпалын жоғары бағалады.                               Айта кетсек, көркем атауы   Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тәулік бойы тегін қызмет ететін сенім телефоны – 1424-ке негізделіп арнайы қойылған. Бұл қоғам өмірінде сыбайлас жемқорлық фактілеріне тап болған азаматтардың жедел желіге кез-келген уақытта хабарласып, қоғам індетімен дер кезінде құлағдар етуге зор мүмкіндік береді.        Шара соңында Ө.Шөкеев кинотуынды да белсенділік танытқан бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, шығармашылық жолда шарықтай берулеріне тілектестік білдірді.                                                    

Облыс әкімінің оң бағасын алған аталмыш фильм өңірдегі сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендеуіне, рухани болмыстың кемелденуіне және мәдени шаһардың  адалдық мекеніне айналуына тың  серпін бермек.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір