• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
20 Қаңтар, 00:51:49
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

12 Желтоқсан, 2019 Аймақтар

Жас ақындар Жастар жылын жырға қосты

Qamshy.kz

Тараз қаласындағы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтой мен Жастар жылына орай «Жастар жылы – жастары жыры!» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті.

Жыр додасының ашылу салтанатында аталған оқу орнының проректоры Орынқыз Жолдасова университетте жастар жылында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылғанын, сондай Абай Құнанбайұлының 175 жылдық жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылған шараларды тілге тиек етті.

Облысқа танымал ақын Нұрлыбек Құрманов тізгінін ұстаған сөз додасына сайдың тасындай іріктелген, сөздері мірдің оғындай өткір 9 ақын қатысып, бақ сынады. Жас ақындардың бәсекесіне айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағынның облыстағы филиалының төрағасы, Мәдениет саласының үздігі, азулы айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков, елімізге танымал бірқатар айтыс ақындарының томағасын сыпырған белгілі ақын Айтмұханбет Исақов, ТарМПУ «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова қазылық етті.

Сөз бәсекесінде алғаш болып сахнаға тараздық Дидар Аббас пен Медеу Мырзатай шықты. Жастар айтысында ысылып, төселіп қалған қос ақын өз деңгейлерінде сөз қағыстырып, өңір тарихын жырларына арқау етті. Мұнан соң тараздық Нұржан Манатбек пен Жамбыл ауданынан келген Елібек Нұрмағанбетов айтысты. Сондай-ақ тағы бір Жамбыл ауданының намысын қорғау үшін келген Мерейхан Райымбаев пен шулық Айым Көшербай да қыз бен жігіт айтысын жасап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Байзақтық Ернұр Бейсенов пен меркілік Мұқағали Балтабек те қағытпа қалжыңды өлең шумақтарына үйлесімді кіріктіре отырып, жастарға көрсетіліп жатқан қолдау саясатын да жырларына арқау ете білді. Ал Шу ауданынан келген Әділет Медетқұл мен тараздық Медеу Мырзатай айтысып, өңірдің арғы-бергі тарихы мен Абай жырлары туралы ойларына ортаға салды.

Сонымен жыр додасының қорытындысы бойынша жүлделі І орын байзақтық Ернұр Бейсеновке бұйырды. Ал ІІ орын шулық ақын Әділет Медетқұлдың еншісінде кетсе, ІІІ орынды Жамбыл ауданының жас жампозы Елібек Нұрмағамбетов еншіледі. Сондай-ақ өнер жанашыры Әлия Арзымбетова өз ағасы Темірлан Арзымбетов атындағы арнайы жүлделерді Тараз қаласынан қатысқан Дидар Аббас пен Нұржан Манатбекке табыстады.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір