• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 10:32:28
Алматы
+35°

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚР Спорт және дене шынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қол қойды. Бұл туралы спорт комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. 

 

Заң жобасы допингке қарсы ережелерді бұзғандардың жауапкершілігін қатаңдатуға, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге бағытталған.

"Қолданыстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, атап айтқанда спортшыға допинг тағайындаған адамдарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті енгізу қажеттілігі туындады. Ол 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жазаны көздейді" - делінген комитеттің хабарламасында.

Заң жобасында допингті пайдаланған спортшыға дисквалификация, спортшының спорттағы нәтижесін жою және біліктілік ұпайларын немесе балдарын алып тастау, ақшалай көтермелеуді қайтару, спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуді тоқтату, спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб командаларының басшыларына ай сайынғы ақшалай қамтуды тоқтату, спорттық атағынан айыру, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және жүлдегері тұрғын үйді пайдалану шартын бұзу, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан спортшыларды, жаттықтырушыларды шығару жазалары қарастырылған.

Тоқаев қол қойған заң бойынша, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне 10 жыл мерзімге жалға баспана беру, сондай-ақ допинг-тестілерді сақтау мерзімі 10 жыл болуына байланысты осы мерзімге аталған тұрғын үйді иеліктен шығаруға тыйым салу көзделген. Егер осы кезеңде сынамаларда допинг анықталмаса, тұрғын үй спортшының меншігіне беріледі.

Қазақстан спортшылар 2016 жылы допинг пайдаланды деген күдікке ілінген кезде қоғамда сыни пікірлер көп айтылып, "допинг дауына іліккен спортшылар мемлекеттен алған сыйақыларын қайтарсын" деген талаптар қойылған. 2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті  2008 жылы Пекинде және 2012 жылы Лондонда өткен олимпиаданың допинг сынамаларын қайта 49 ауыр атлеттің анализінен допинг табылған. Олардың басым бөлігі - постсоветтік елдердің, Қытай, Болгария, Түркия атлеттері.

"Қайта тексеру" кезінде Пекин және Лондонда чемпион атанған қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің екі олимпиададағы сынамасынан допинг табылғаны хабарланып, ол екі алтынын қайтарып берген. Пекинде қола медаль алған қазақстандық ауыр атлет Мария Грабовецкая, Лондонда чемпион болған Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедованың да анализдері оң нәтиже беріп, олар да медальдарын қайтарған. Пекин мен Лондон олимпиадасына қатысқан Владимир Седов пен Алмас Өтешов те допинг қолданды деп айыпталған.

IWF (халықаралық ауыр атлетика федерациясы) шешімімен Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза екі жылға, Светлана Подобедова сегіз жылға (екі рет допингпен ұсталғаны үшін) спорттан шеттетілді. Алғашқы үшеуінің жазасы 2016 жылдың маусымынан басталып есептеліп, 2018 жылдың жазында аяқталды. Чиншанло мен Ильин спортқа оралды. Ал Манеза спорттан кетті.

Бұдан бөлек, 2018 жылы қыста қазақстандық шаңғышысы Алексей Полторанин Австриядағы әлем чемпионаты кезінде қан допингін қолданбақ болды деп айыпталып, уақытша жарыстан шеттетілген. Халықаралық шаңғы федерациясы мен Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) Полторанин ісіне қатысты әлі нақты шешім қабылдаған жоқ.



"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір