• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
18 Қаңтар, 17:31:12
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

28 Қараша, 2019 Барлық аймақтар

  Ұлан ауданында  ұлт үшін ұтымды жұмыс істелініп жатыр

Ауылдың, аймақтың дамығаны мемлекетке жақсы

qamshy.kz

 Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында халықтың әл-ауқатын, өңірдің экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Айта кету керек, Ұлан ауданының жергілікті атқарушы органдарының қызметі Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, Президент Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалар мен өңір басшысы Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың тапсырмалары да бүгінгі таңда ойдағыдай орындалуда.

Әрине, халықтың жағдайы да аймақтың дамуына байланысты екенін сөзсіз. Бұл орайда экономиканың негізгі көрсеткіштері оң өсім беріп жатыр. Нәтиже бар. Өндірістік өнім көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 9,3%-ға артқан. 20,6 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі де 76,2 пайызға өсті.

Аймақта кәсіпкерлік саласында да жағымды нәтиже бар. Шағын және орта бизнестің саны 7,8 пайызға артып, 2253 данаға жетті. Кәсіпкерліктің дамуы бұл салаға да оң серпін бере бастады. Нәтижесінде жергілікті бюджетке 1,2 млрд теңге салық түсті.

–Ауданда шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасалған. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша бизнес жүргізуді жеңілдету рейтингісінде біздің аудан бірінші орынды иеленді. Аудан экономикасын дамытудағы негізгі драйвері – ауылшаруашылығы саласы болып отыр. Негізгі міндет – облыс орталығының өндірістік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, азық-түлік белдеуін құру. Ол үшін, біз ауылшаруашылық жерлері мен су ресурстарын тиімді пайдалану, бәсекеге қабілетті ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, агросекторға жаңа технологияларды енгізу сынды мақсатты жұмыстарды атқарудамыз. Ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 34,6 млрд теңгені құрап отыр. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімі 13,3 пайызға, мал шаруашылығы өнімі 13,4 пайызға артты,–дейді Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов.

Расында да ауданда қай салада болсын, алға жылжу бар. Ірі қара мен жылқының саны артты. Құс та көбейіп келеді. Соңғы 9 айдың көрсеткіштеріне назар аударар болсақ, 36,5 мың тонна ет, 59,2 мың тонна сүт, 21,1 млн дана жұмыртқа  өндірілді.

Ауданда 39 асыл тұқымды мал шаруашылығы тіркелген, оның ішінде ет бағытында – 9, сүт бағытында – 4, қой шаруашылығында – 6, жылқы шаруашылығында – 8, ара шаруашылығында – 10, марал шаруашылығында – 1 екенін айта кету қажет.

Ірі қара мал басын асыл тұқымдандыру саласында 56 шаруашылық жұмыс істейді. Онда 4356 бас сиыр, 208 бас асыл тұқымды бұқа бар. Қой түлігін асылдандыруға қатысты 15 шаруашылықтың әл-ауқаты тәуір. Ауданда 6 мал сою пункті және 13 мал сою алаңы, 1 құс сою зауыты қызмет атқаруда. Соңғы 3 жылда аудан аумағында 5 сүт тауарлы фермасы (СТФ) салынып, қолданысқа берілді. Ауданда 11 сүт қабылдау пункті бар. 2018 жылы жиналған сүт көлемі 5,7 мың тоннаға жетті.
2019 жылы сүт тапсырушылар санын 300-ге, сауынды сиыр басын 833 басқа арттыру арқылы жеке қосалқы шаруашылықтардан сатып алынған сүт көлемі 7,2 мың тоннаға жетті. Ұлан ауданының агроөндірістік кешенін дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2020 жылы тұрғындардан сатып алынатын сүт көлемін 10,2 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Аудандағы ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер машина-трактор паркінің техникалық жабдықталу деңгейінің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар атқаруда. Барлығы 2622 ауыл шаруашылық техникалары, оның ішінде 1551 трактор, 253 комбайн, 807 тіркемелер, 6 кептіргіш техникасы бар. 

Шаруашылықтарда  ауыл шаруашылық техникалары жаңарып тұрады. Шаруа қожалықтары жалпы сомасы 2,3 млрд теңгені құрайтын 43 техника сатып алды.

–Ауданда су қоры мол. Су қорын тиімді пайдалану – біздің басты міндеттеріміздің бірі. 2020 жылы «Алебастр» су қоймасын қайта құру арқылы Алмасай және Айыртау ауылдық округтеріне суару жүйесін тарту жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде суармалы жердің көлемі 1050 гектарға ұлғаяды. Сондай-ақ, Азовое ауылдық округіндегі Қайыңды су бөгетін қалпына келтіру қаралған, осылайша, суармалы жер көлемі 1,0 мың гектарға артады. 2023 жылға дейін суармалы жер көлемін ұлғайту жоспары жасалынды. «Қазақстан су шаруашылығы» РМК филиалымен бірлесіп, Лебяжье тармағының арнасын тазалап, Ертіс өзеніндегі Саратовка, Таврия су бөгеттерінен, Дресвянка өзеніндегі Каменка су қоймасынан, Каменка ауылдық округіндегі Маймекен өзеніндегі және Таврия ауылдық округіндегі Жартас өзеніндегі су айдындарынан, Ұлан, Песчанка өзендеріндегі су қоймаларынан суару жүйелерін салуды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде, суармалы жер көлемі 6,5 мың гектардан 11,5 мың гектарға артады, – дейді Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Аманұлы.

Президент тапсырмасына орай пайдаланылмайтын жер телімдерін ауылшаруашылық айналымға тартуға бағытталған жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 100 мың гектардан астам ауыл шаруашылық жерлері бақылауға алынды. 64 жер телімі бойынша (11,3 мың га) комиссиялық тексеру жүргізіліп, тексеру актілері жасалды, бұл жерлерге қатысты тексеріс жұмыстары басталды. Жалпы көлемі 22,2 мың га болатын 13 жер телімі иесіз деп танылып, 1 жылдан кейін сот шешімдерінің негізінде мемлекеттік қорға қайтарылады. 4,8 мың га болатын 25 жер теліміне қатысты келісім шарттар бұзылып, аталмыш жер телімдері мемлекеттік қорға қайтарылды. Жоспарлы және жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінгі таңда 24 жер телімі (3,1 мың га) байқау өткізу арқылы жаңа шаруашылықтарға үлестірілді.

–Атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындысы бойынша аудандағы барлық ауылшаруашылық жерлері мақсатына сай жұмыс атқаратын болады, ал қолданылмайтын жерлер мемлекеттік қорға қайтарылады,–дейді аудан әкімі.

Аудан көлемінде «бизнесін бастаймын» деген азаматтарға да зор мүмкіндік беріліп отыр. Мысалы, нәтижелі жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына 119 адам білім алды.

Аталмыш бағдарлама арқылы 14 адам 100 АЕК көлемінде грант иегері атанды, «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 68 адам, 79 адам 200 АЕК көлемінде грант алды, Жыл соңына дейін 21 адамның грант алуға мүмкіндігі бар.

Несиені пайдаланып, шаруашылығын өркендетіп жатқандар да жетерлік. Мысалы,  «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 59 адам (167,3 млн. теңге), «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 12 адам (82,3 млн. теңге) несие алған. Оның ішінде ірі қара мал шаруашылығына 199,7 млн теңге, ұсақ мал шаруашылығына – 25,2 млн теңге, жылқы шаруашылығына – 24,8 млн теңге жұмсалды. Сондай-ақ қазіргі таңда ауданда 8 ірі және орта қайта өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді.

Елбасы, сондай-ақ президент Тоқаев туризм саласын дамытуға қатысты тапсырма бергені мәлім. Расы керек, бұл орайда аймақ басшысы Даниал Ахметов өңірде туризмді дамытуға көп көңіл бөліп отыр. Өйткені туризм аудан экономикасын дамытудағы қосымша сала болып отырғаны жасырын емес. Аталған саланы дамытуға қатысты аймаққа келушілердің саны да кейінгі кезде күрт акөбейді. 2018 жылы саяхатшылар саны 32,0 мың адамды құрап, 74,5 пайызға  артты.  

Ауданда қазіргі таңда 18 туристік нысан жұмыс істейді. Жаңа демалыс базалары мен қонақтарды қабылдау орындарын ашу жұмыстары жалғасып жатыр.

Өңірлердің экономикалық даму көрсеткіштерінің бірі – тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша аудан орталығында екі 40 пәтерлі жалдамалы үйдің құрылысы басталды. 80 пәтерлі несиелі тұрғын үйдің құрылысы бойынша байқау аяқталып, құрылысы қолға алынуда. Сонымен қатар, тағы екі 40 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары жасалуда, құрылыс жұмыстары 2020 жылға жоспарланған.

Осылайша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда құрылыс жұмыстарының көлемі 3,2 есеге артқан.

Ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің қатарында. Бұл бағытта тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған үш жылдық жоспар жасалды. Биылғы жылы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген елді мекендер үлесі 34 пайызға жетті, 2020 жылы бұл көрсеткішті 55 пайызға артырып,  2021 жылы оны  – 81 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Адамдар аз тұратын ауылдардың тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында ол ауылдарға блокты-модульді станциялар орнату туралы облыс әкімінің шешімі қабылданды. Биылғы жылы
10 ауылға аталмыш станциялар орнатылды. 2020 жылы бұл жұмыс жалғасатын болады.

Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының тапсырмасын орындау мақсатында Еуразиялық даму және қайта жаңғырту банкімен ауылдық округ орталықтарын заманауи жарық құралдарымен жабдықтау туралы келісім бар.

Жалпы Ұлан ауданында мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар тұрақты орындалуда. Барлық салада нәтиже бар. Тұрғандарды сапалы жолмен қамтамасыз ету – жұмыстағы басты бағыттардың бірі. Жолдарды күтуге және жөндеуге қомақты қаржы бөлінуде. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен көп балалы аналардың тізімі жасалынып, оларға барлық қажетті жағдай жасалынып жатыр. Келер жылы да алдымызда қомақты жоспарлар тұр. Волонтер жылының тұжырымдамасын жүзеге асыру, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, Әбу Насыр Әль-Фарабидің 1150 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығын, Кеңес Одағының батыры Төлеген Тохтаровтың 100 жылдығын мерекелеу күн тәртібінде тұр. Алдағы 3-5 жылда біз тұрғын үй құрылысы, суармалы жер көлемін ұлғайту, ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану, автокөлік жолдары, сапалы ауызсу және электр желісімен қамтамасыз ету сынды маңызды мәселелерді шешуге бағытталған мақсатты жұмыстар жасаймыз.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында тұрғындардың тұрмыс-тіршілік деңгейін арттыру бойынша нақты міндеттер анықталған. Өз кезегінде біз бейбітшілік, ынтымақтастық және келісім сынды қасиетті ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, аудан тұрғындарының игілігі үшін бірлескен жұмысымызды жалғастырамыз,– дейді Ұлан ауданының әкімі Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов.

...Біз Ұланда ұтымды жұмыс істеп жатқан әкімнің жұмысына сәттілік тіледік.

Еркін Қалдан

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір