• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 13:44:10
Алматы
+35°

Тақырыпты тап осылай қоюымызда қоп-қою себеп бар: Тараздағы мектеп дәретханасында зорланған қыз оқиғасы республикада үлкен дүмпу тудырды. Ал Алматы облысындағы мектептерде  жүздікті үш еселеген дала «туалеті» бар. Салдарынан облыста балалар арасындағы қылмыс өршіп тұр.

Анығы – аймақтағы жасөспірімдер арасындағы заңбұзушылық 4,3 пайызға артқан. Бұл бағыттағы жұмыстың сылбырлығы сол, жуырда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстардың, сондай-ақ жасөспірімдер бұзақылығының алдын алу бойынша кеңес өткізген болатын. Сонда республикадағы қатаң сынға қалған төрт аймақтың бірі ретінде Алматы облысын аталған еді.

Іле-шала Талдықорғанда да балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде жиын өтті. Енді облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат ҰРҰМХАНОВТЫҢ сол отырыста айтқан мәліметін келтіре кетуді жөн көрдік.

– Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша облыста жасөспірімдер арасындағы қылмыс 4,3%-ға артты. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жедел-алдын алу іс-шаралары жеті мәрте ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Жасөспірім» шарасы 4 рет, ал «Түнгі қаладағы балалар» акциясы 3 мәрте өткізілді, – дейді полиция генерал-майоры.

Демек, қос президенттің балалығы өткен Жетісуда шын мәнінде жасөспірімдер қауіпсіздігі алаңдатарлық деңгейде деген сөз бұл. Әдетте көпіріп: «үш ауысымды мектептің мәселесін шешіп жатырмыз» деген облыста, өкінішке қарай, үш жүз дәратхананы мектеп ішіне кіргізердей қауқар болмай тұр.    

Осы ретте, облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен ЖҮНІСОВКЕ хабарласқан едік. Алайда жиналыста отырғанын алға тартқан Дәурен Қабдолданұлы біздің көңілімізде сайрап тұрған бүтін сұрақтың есесіне «официальный хат жіберіңіз, жауап беріледі» деп бір-ақ ауыз кесім айтты.

Өл, тіріл: балаңыздың тағдырына қатысты сұрақ «официальный хат» деген екі-ақ ауыз сөздік құны жоқ болып тұр. Өйтпесе, бір баланың тағдыры опат, иә тәлкек болса (құдай бетін ары қылсын) бұл жазғандар сол хатсыз-ақ журналистің алдында аптығып сөйлеп тұрмас па еді? Шектен шығу емей не сізше?!

Бәлкім, бұл сұраққа облысы сынға қалған, «үй иесі» Амандық БАТАЛОВТЫҢ өзі жауап беретін болар?!

Айта кетейік, облыста 760 мектептің оқушысына 182 полиция инспекторы қарайды. Қазір аймақтағы мектептерде 15860 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Қозыбай ҚҰРМАН.

Алматы облысы.

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір