• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:55:12
Алматы
+35°

Бүгінгі таңда әлемде үлкен қауіп төндіріп тұрған факторлардың бірі – терроризм мен экстремизм мәселелері. Дін атын жамылып, кері пиғылды әрекеттерді жүзеге асырып отырған жат ағымдар қоғамдық санаға барынша еніп, адамдар арасында түсініспеушілік пен алауыздық тұдыруы бүгінгі күнге де, болашақ үшін де үлкен қауіп төндіреді.

Заманауи ақпараттық-сандық қоғамда жат ағымдардың қолданып отырған құралдары да өте күшті. Олар материалдық, экономикалық, саяси факторлармен қатар адамдардың рухани құндылықтық аумағына да қол сұғып, діни сауаты жоқ жастарды өздерінің «ақиқат» деп жүрген псевдоидеологиясымен арбап, басқарылатын қуыршаққа айналдыруда. Бұндай кері әрекеттерді шешуден гөрі, алдын алған абзал, себебі деструктивтік ағымдардың ықпалы мен арбауына түскен адамдарды алып шығу қиынға соғады. Олар әдетте «көр соқыр», «құлақтары бекітілген» дұрысы мен бұрысын ажыратпайтын соқыр діндарларға айналады. Сондықтан да, бұндай жағдайды болдырмастың амалын жасап, терроризм және экстремизммен күресуде мемлекет, құзыретті органдар тарапынан жасалып жатқан шаралар аз емес, дегенмен еркін демократиялық қоғамның азаматтары ретінде әрбір адам мемлекеттің тыныштығы мен тұрақтылығына үлкен жауапкершілікпен қарауы қажет. Құндылықтық жүйелері берік, өзінің тілі мен дініне сыйластығы басым, ұлттық мәдениетін құрметтейтін, отан сүйгіштігі мен бірлігі жарасқан қоғамда ғана терроризм мен экстремизм идеологиясына жол берілмейді.

«Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» аясында халық арасында мемлекеттің дін саласындағы саясатты Қоғамдық даму басқармасының «Мониторинг және талдау орталығының» ұйымдастыруымен арнайы құрылған ақпараттық-түсіндіру тобы арқылы жүргізіп жатыр. Теріс экстремиттік дін атын жамылған мысық тілеу миссионерлер мен шейх сымақтардың құрған арбауына түсіп, шырмауына шырмалған азаматтарымыздың бұндай қателікке бой алдыруларының бірден-бір себебі дер кезінде дұрыс ақпаратқа қол жеткізе алмауында болып отыр. Осы олқылықтың алдын алу мақсатында аталмыш орталықтың басты жұмысы қала тұрғындарының деструктивті жат ағымдардың жетегінде кетудің алдын алуға, мемлекетіміздің дін саласындағы ұстанған саясаты мен діни дұрыс бағыт-бағдарды түсіндіруге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру.

Қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен Әбу Ханифа мазһабындағы ислам діні бір біріне ешқашан қайшы келген емес. Керісінше, ханафи мазһабы біздің мәдениетімізге сіңісіп, қазақ халқының дүниетанымы мен өмірлік құрылымының бөлігіне айналды. Бүгінгі күнде «бидғат», «ширк», «харам» сөздерін жиі пайдаланатын, ұлттық құндылықтарға «қара перде» тағатын, келін иіліп сәлем салмау керек, музыка тыңдамау керек, мемлекеттік мерекелерді атамау керек деген адасушылыққа алып келетін жалған ұстанымдар мен «жиһадқа» шақыратып жат ағымдардың кері пиғылды идеологиялары адамдардың бойында күмән тудырып, адасушылыққа алып келеді. Нәтижесінде, адамдарда діни ұстанымдары мен ұлттық болмысы арасында да қайшылықтар туындап, дін мен ұлт арасында таңдау жасауына итермелейді. Алайда ислам діні бұндай алалаушылықты көздемейді, керісінше басқа дін өкіліне болсын, бір-біріне болсын төзімді қарым-қатынас таныту қажет екендігін алға тартады. Және сенімі (ақида), этикасы (ахләк) және шариғаты (фикһ) өзара келісім мен бітімгершілікті құрайды. Бұл дегеніміз, сенім мен адамгершілік құндылықтар бір қатарда тұратындығын көрсетеді. Сондықтан қазіргі өскелен ұрпақтың бойына дұрысы мен бұрысын ажырата алатындай діни сауаттылықты, ұлттық мәдениеттін өзегін құрайтын мәдени мұралар мен жәдігерлерге, Отанға деген сүйіспеншілікті, дәстүрлі-ұлттық, адамгершіліктік-моральдық құндылықтарды дәріптеуді, азаматтық сана мен ұлт алдындағы жауапкершілікті сіңіріп тәрбиелеу маңызды екенін ұмытпаған жөн. Себебі, бұл – бейбіт болашақтың кепілі болмақ.

 

Ж.Қаңтарбаева,

Әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-нің доценті,

Алматы қалалық

ақпараттық-түсіндіру

тобының мүшесі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір