• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 18:13:02
Алматы
+35°

Бүгінде ұрпақ санасынан өше бастаған халқымыздың ежелгі дәстүрі, өресі биік өнерін қайта жаңғырту мақсатында алғаш рет 6-9 желтоқсан күндері Алматы облысының Нарынқол өңірі Қайнар ауылында «СОНАР – 2019» халықаралық турнирі ұйымдастырылмақ.

Турнир мәдениет және спорт министрлігі бекіткен регламентке сәйкес өткізіледі. Құсбегілер жарысына Бағдат Мүптекеқызы басқаратын «Қыран» Федерациясы ұйытқы болып отыр.

Мәдени шараны Нарынқолда өткізудің де өзіндік мәні бар. Нарынқол – халқы қонақжай, қазақтың ежелгі салт-дәстүрі тұнып тұрған, табиғаты тамаша, аң-құсқа бай өңір.

Додаға елдің Ақмола, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы, Астана қаласынан 60-қа жуық білікті құсбегілер, сондай-ақ Қырғыз елінен, Қытай, Монғолиядан құс баптаушы қатысады.

Жарыс бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы күні құстың сыны, құсбегінің киім үлгісі, еркін аңға салу бойынша іріктеу өтеді.  Екінші күні жартылай финалдық кезеңде бүркіттер қоянға, ал ителгі, қаршығалар қолға шақыру, далбайға шақыру, кептер, қырғауылға салу бойынша сыналса, үшінші күні өтетін финалда бүркіттер түлкіге салынып, қаршыға мен ителгілер қоянға жіберіледі. Сонымен қатар, аңшы иттер (тазы) жарысы да қатар өткізіледі.

Жарыс бағдарламасы төмендегідей:

6 желтоқсан, 2019 ж.

Жарысқа қатысушылардың келуі, орналасуы.

7 желтоқсан

09.00- 10.00

Жарыстың ашылуы. Жарыстың алғашқы күні. Дайындық кезеңі. Аттың тағаларын қарау, тағалау. Құсбегілердің Қыран құстармен (бүркіт, қаршыға, сұңқар, лашын), аңға шығу дайындығын сынау (қағушылар, із кесушілер, атқосшыларды жасақтау).

а) қақпан, тұзақ, зақпы, белқанжыға, сақпан, шәңгек, шың, дабыл, дауылпаз, дудыға, жанторсық, сырық (індегі аңды алып шығатын құралдарды түгендеу);

ә) арқан, шоқпар, ет қармақ;

б) аттардың тағасын тексеру, тағалау;

в) ат әбзелдерінің (қамшы, жабу, ер-тұрман);

2) Құсбегілердің ұлттық киім үлгісі, қыран құстарға қажетті құрал-жабдықтарды (томаға, балақ бау, балдақ, шырға, далбай т.б.) түгендеу.

10.00-11.00

Командалардың аң аулайтын аймақтарға аттануы.

Жарыс алаңы.

Ұлттық спорт түрлері: жамбы ату, аударыспақ, аудан өнерпаздарының концерті.

17.00-18.00

Аңшылардың  аң аулайтын аймақтардан қайтуы.

18.00-19.30

Кешкі ас. «Қостағы кешкі алау». Аңшының асханасы (Қыран құстар ұстаған аң-құстардың етінен дайындалған ас, кешкі ойын-сауық, ән-күй, жыр, айтыс).

19.30-20.00

Жарысты қорытындылау.

8 желтоқсан

09.30-13.00

Командалардың қыран құстармен (бүркіт, қаршыға, сұңқар, лашын), аңшы (тазы, төбет) иттермен аң аулайтын аймақтарға аттануы.

14.00-17.00

Жартылай Финал.

  • Бүркітті қоянға салу.
  • Сұңқарларды далбайға шақыру.
  • Қаршығаны кептерге салу.
  • Курсинг. Иттерді 350-500 метрге жарыстыру.

17.00-17.30

Жарысты қорытындылау.

18.00-19.00

Кешкі ас.

19.00-20.00

Алматы облыстық «Жалайыр Шора-Қыран» Федерациясының Тұсау кесер рәсімі.«Жігіттің жеті өнері». Құсбегілердің ұлттық өнердегі белсенділігі (шығармашылығы, ұлттық музыкалық аспапта ойнау, ән-күй орындау шеберлігін сынау т.б.).

9 желтоқсан.

10.00- 10.30

Турнирдің Салтанатты ашылуы.

10.30-13.00

Бүркітті түлкіге салу. Қаршығаны қоянға, сұңқарларды қырғауылға салу. Аңшы иттердің иісшілдік қабілетін, жылдамдығын анықтау, түлкіге салу.

13.00-14.00

Түскі ас.

14.00-15.00

Марапаттау рәсімі. Турнирдің Салтанатты жабылуы.

15.00

Жарысқа қатысушылардың қайтуы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір