• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
11 Желтоқсан, 20:04:33
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

15 Қараша, 2019 Маңғыстау облысы

Серікбай Трұмов «Әкім Сағаты» бағдарламасына қатысты

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов «Маңғыстау» арнасындағы «Әкім сағаты» бағдарламасы аясында өңір тұрғындарының сауалдарына жауап берді. Облыс халқын толғандырған басты дүниелер – облысішілік, ауданішілік және қалаішілік жолдардың жай-күйі, жолаушылар тасымалын жүйелі ұйымдастыру мен қоғамдық көліктерді жаңарту, жаңа шағын аудандардың инженерлік инфрақұрылымын жасақтау, сондай-ақ білім беру жүйесіндегі олқылықтарды жою, денсаулық сақтау саласындағы сапалы қызмет пен халықты жұмыспен қамту мәселелері әрі қаланың болашақтағы даму жоспары еді. Облыс әкімі тұрғындар тарапынан түскен түйіткілді мәселелер төңірегіндегі сауалдарға тұщымды жауап қатып, егжей-тегжейлі түсіндірді. 90 минутқа созылған тікелей эфир барасында облыс әкіміне жүздеген сауал келіп түсті. Мәселен, алдағы жылы тозығы жеткен көліктер 18 автобуспен алмастырылады. Солтүстік-батысқа қарай қанат жайған қала аумағында қоғамдық көлік қатынайтын жаңа бағыттар пайда болады. Қазіргі таңда жолаушылар тасымалын үздіксіз жүргізу мақсатында автобустардың жол жүру бағыттарына бірқатар өзгерістер енгізу көзделген.
Сапасыз жол қала келбетіне сызат түсіреді. Қауіпсіздікке де қатер төндіреді. Сол себепті биыл 5 шағын ауданның ішкі жолдарын ағымдағы жөндеу жұмысына 6 млн. теңге бағытталған. Шұқыр-тесіктерді жамау, тегістеу бойынша қауырт жұмыстың қазіргі таңда 90 пайызы толық орындалған.

Облыс әкіміне ең жиі жолданған сауалдардың бірі – қала тазалығы. Тұрғындар қордаланған қалдықтар мен күл-қоқыстан арылту ісімен айналысатын мекемелер қызметіне көңілі толмайтындығын да жеткізді. Қазіргі таңда қала тазалығына жауапты мекемелермен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Күл-қоқысты жинайтын арнайы техниканың жеткіліксіздігі мәселенің туындауына басты себепші болып отыр. Облыс әкімі бұл бағытта бірқатар іс-шаралар іске асатындығын жеткізді.

Сондай-ақ «Әкім сағатында» облыстағы өзге қалалар мен аудандардағы ең өзекті мәселелер сөз болды. Жаңаөзен қаласындағы апатты жағдайдағы үйлерді күрделі жөндеуден өткізу үшін арнайы іс-шаралар жоспары жасақталған. Өзекті мәселе Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілген. Алдағы жылы Құрық ауылында кәріздік тазарту жүйесін салу жоспарланған. Таяуда мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында «Реал Строй» мекемесі арқылы кәріз тазарту имаратының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.

Атамекен ауылдық округі мен Басқұдық ауылдық округтерінің жер асты суларын жою және 2016 жылы жауын-шашынның көп түсуіне байланысты, жауын суларын ауыл сыртына шығару мақсатында дренаж жүйесін жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары жасақталды. Алдағы уақытта аталған жобаны сәтті жүзегеге асыру көзделген. Бұдан бөлек, бағдарлама барысында облыстың даму бағдары бойынша бірқатар маңызды дүниелер сөз болды. Сондай-ақ өңір басшысы өлкенің өрісті өркендеуіне өзгеше серпін беру, экономиканы әртараптандыру мақсатында өндіршу әрі өңдеуші өнеркәсіп саласына қолдау көрсету, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, технологиялық жетістіктерді ел игілігіне бағыттау арқылы қоғамның кез келген мүшесіне қолайлы орта құру төңірегінде кеңінен ой-пікір өрбітті.

 Сондай-ақ, өңір басшысы ардагер журналист Жоламан Бошалақ,
Қожахмет Демеуберген және "Маңғыстау" телеарнасының ұжымымен кездесіп арнаға қатысты ұсыныс, пікірлерін тыңдады.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір