• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 05:17:20
Алматы
+35°

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов  өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы және атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Маңғыстау облысының экономикалық дамуы соңғы үш жылда 3,7 пайызға өсіп, өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 2.4 трлн. теңгеге теңесті. Бұл елімізде өндірілген өнімнің 10%-ы (республикада Атыраудан кейін 2 орын). Облыс өнеркәсібінің 90 пайыздық үлесін тау-кен өндіру өнеркәсібіне тиесілі. Ал мұнай өндіру көлемі 15 млн. тоннаға жуықтады.

Облыс әкімінің баяндамасына сәйкес, жыл басынан бері 2,9% өсіммен биыл өңірге 445 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, 29 млрд. теңгені құрайтын 10 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда оның 5 жобасы толықтай іске қосылды. Атап айтсақ, «АқтауТеңізПорты» арнайы экономикалық аймағында «Satex Chemi» битум эмульсиясы негізінде гидро-оқшаулағыш материалдар өндіретін зауыт іске қосылды. «BEST-Group NS» ЖШС жел электр стансаларын салу жобасын сәтті жүзеге асырды. Сондай-ақ,  өңірдің экономикалық дамуына оң серпін беретін, жалпы құны 1.8 млрд. АҚШ долларын құрайтын метанол мен олефин өндіретін зауыт пен Әзірбайжанмен бірлескен талшықты-оптикалық байланыс желісі жобасы қолға алынды.

Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 131 млрд. теңгені, ал оның ЖІӨ-дегі үлесі 5,7 пайызды құрады. 2022 жылға жасақталған жоспарға сәйкес бұл көрсеткішті 10-12 пайызға өсіру көзделіп отыр. Бұл өңдеу өнеркәсібінің серпінді дамуына ерекше ықпал етеді деп күтілуде.

Өңір басшысының мәліметіне сүйенсек, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 961 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, әлеуметтік аз қамтылған санатындағылар баспаналы болуы үшін тұрғын үй сертификаттарын беру шарасы да сәтті жүзеге асуда. Қазіргі таңда облыста құны 22 млрд.теңгені құрайтын 32 жоба іске асырылуда. Бұл жобалардың негізгі мақсаты – тұрғындарды, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарын (мүгедек балалары бар, көпбалалы аз қамтылған отбасылар, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар) қолжетімді баспанамен қамту. Облыс әкімі келтірген деректерге сүйенсек, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы іске қосылғалы бері облыста  құны 87 млрд. теңгені құрайтын 935 жоба жүзеге асқан. Ал биыл 4 млрд. теңгеге 170 жоба субсидияланған. Осы жұмыстар нәтижесінде 5000-ға жуық жаңа жұмыс орындары құрылып, 13 636 жұмыс орны сақталды.

Биыл жеке кәсібін жүргізуге ынталы азаматтарға 2,2 млрд. теңгеге шағын несие берілді. Жаңадан іске қосылған 279 жоба аясында 397 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал «Нұр Капитал» өңірлік бағдарламасы бойынша 2,2 млрд. теңгеге 113 жоба қаржыландырылып, 932 жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға төмендеді. Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесінде 30 мыңнан астам жұмыс орны бой түзеді.

Сондай-ақ, Серікбай Трұмов  өңірдегі су тапшылығын жою мақсатында  «Каспий» су тұщыту» зауытының  тәуліктік қуатын 40 мыңға дейін көбейту бойынша құрылыс жұмыстары бастау алғандығы туралы мәлімдеді. Бұдан бөлек, «Кендірлі» аймағында (50 мың т.м), Құрық ауылында (45 мың т.м) және «Қаражанбас» кенорнында (17 мың т.м), барлығы 112 мың текше метрді құрайтын су тұщыту зауыттарын салу жоспарланды. Нәтижесінде ауыз су өндіру көлемін 130 мың текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Өңірде ауылдарды орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші - 69%, жыл соңында 75%-ға жеткізу жоспарланған.  (халық санына шаққанда - 93%).

Баспасөз мәжілісінде облыс әкімі өңірдің транзиттік және көліктік-логистикалық әлеуетіне ерекше назар аударды. Тоғыз жол торабындағы түбекте тоғысатын магистральды желілер сапасын  жақсарту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайын баяндады. Биыл «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» автожолы қолданысқа берілген. Қазіргі таңда «Жетібай –Жаңаөзен –Түркіменстан» автожолы құрылысы қызу жүріп жатыр. 

Сондай-ақ облысішілік жолдарды ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алып келеді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылішілік жолдарды жөндеу жұмысына 7 млрд. теңге бөлінген.

Маңғыстау облысында басымдық берілген саланың бірі – туризм кластері. Осы бағытта қазір Ақтау қаласында түркиялық инвесторлардың (Сембол Контракшн) қатысуымен құны 57 млрд.теңге болатын 500 орынға арналған туристік қонақ үй кешенінің құрылысы жүруде. Нысанның 1-ші кезеңі 2020 жылдың соңында іске қосылады (600  жұмыс орны құрылады).

Қызмет көрсету саласындағы қажетті мамандар Түркиядағы қонақ үй кешендерінен қазірден бастап арнайы оқытудан өтіп жатыр. Нәтижесінде әлемдік талаптарға сай қызмет көрсететін мамандардың біліктілігі артады.

Басқосу барысында Маңғыстау облысының әкімі өңірдегі өзге де өзекті мәселелер жөнінде мағлұмат берді. Кәсіпкерлік өрісін кеңейту, өңдеу өнеркәсібін өрістету, қала келбетін көркейту, экологиялық ахуалды жақсарту секілді аса маңызды дүниелер сөз болды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір