• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
11 Желтоқсан, 19:52:17
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

26 Қараша, 2019 Оқиғалар

Ұлынан айырылған ана Асановтан әділдік сұрайды (видео)

Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны Жазира Қалығұлова Қазақстанның жоғарғы сотынан әділдік сұрайды. Қалығұлованың жоғарғы соттан әділдік сұрауының себебі, 2017 жылдың 28-қазанында Талғар қаласының маңындағы "Көлсай" мейрамханасында топтық төбелес болып, сол төбелесте оның ұлы Сұңғат Сәрсемхан көз жұмған. Қалығұлованың айтуынша, осы оқиғаның болғанына екі жыл өтсе де, сот әділ шешім шығармай, істі созып келе жатыр.

Қалығұлова Жазира Арғынбайқызы, қайтыс болған баланың анасы: 

- Менің баламның қайтыс болғанына екі жылдан асты. Сотта ешқандай әділдік жоқ. Міне, әлі созып жатыр. Осы істе әділдік берулеріңізді сұраймын. Сотталушылардың өздері баламды өлтіргенімен, кінәсін мойнына алып жатқан жоқ. Негізі менің баламды топ болып өлтірген. Соның екеуі ғана ұсталған. Біреуі қамауда отыр. Біреуі әлі бостандықта жүр. Қалған төртеуі жоқ бұл жерде. Енді, сіздерден осы сотты әділ шешуге көмектесулеріңізді сұраймын.

Негізі ұйымдастырған Дүйсен Бекарыстың әке-шешесі келді кешірім сұрап. Изат Суньяттың әке-шешесі үш ай өтіп кеткенде, түнгі сағат 10 да көңіл айтуымыз керек деп есігімізді тақылдатып тұр. Бірақ, кешірім сұраса да мен кешірім бере алмаймын. Себебі олар менің баламды өлтіріп отыр. Артында жас әйелі, 6 айлық қызы жетім қалды.

Талғар ауданының Прокурорларының істеп отырған әрекеттеріне көңілім толмайды. Қазір процесті бесінші прокурор жүргізіп жатыр. Соттың өзі санасам отызыншы сот па білмеймін. Судьяларда ауысып жатыр. Мұхамедиұлынан кейін екі судья келді. Сотты дұрыс жүргізбейді. Өтеді, кетеді, одан кейін басқасы келеді. Сотқа ешқандай көңіліміз толмайды. Соттың өзі де дұрыс өтпейді. Міне бесінші прокурор жаңадан келіп отыр. Ал, қазір өткен мына сот ДС тан кейінгі оныншы сот па есімде жоқ. Бұл бір сағатта болған жоқ. Оның өзі кешігіп басталды. 32 ме 38 бе куәгерлер бар деді. Оның өзінің сұралғаны сегіз бе, он шақты ғана. Уақыт созылып жатыр, шынын айтқанда.

Осынша созылудың себебі - жемқорлықта. Балам қайтыс болып жатқанда, балаңыз неден қайтыс болды деп ешқандай тергеуші де келген жоқ. Үш күн өткеннен соң, баламды жерлегеннен кейін күйеуім өзі барып сол мейрамханада оқиға болған жерден балалардың видеоға түскен төбелесін алды. Талғардың соты қарамағаннан кейін біз жоғары облыстық сотқа шағымдандық.

Оспандияр Бегдалиев, қайтыс болған баланың әкесі: 

 - Баламның қайтыс болғанына екі жыл бір ай болды. Ешқандай нәтиже жоқ. Сотқа келеміз, кетеміз. Бұл сот емес базар боп жатыр. Құрметті сот бізге сөйлеуге сотталушылардың құқығы бар, сіздердің құқығыңыз жоқ дейді. Оларды қалай сөйлесе, солай сөйлетіп қояды. Мен осыған ескерту жасап ем, өткендегі бір сотта маған әкімшілік жазаға тартам деді. Ал, сотталып отырғандарға рұқсат беріп қойған.

 Бұл жерде ұрып құлатқанын, басынан тепкенін көрген екі куәгер де бар. Төбелес видеокамерада да көрініп тұр. Бірақ, осының бәрін Прокурор да, Судья да жоққа шығарып отыр. Міне екі жыл бір ай болды.

Құрметті Жоғарғы Сот, менің сізден енді сұрарым, сот әділ өтіп екеуі жазаларын алсын.

Камшат Есмұхамбетқызы, қорғаушы: 

- Қазір Алматы облысы, Талғар аудандық сотында ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-бабы, 2-бөлігі 1-тармағымен айыпталған Бекарыс Қамбарұлы Дүйсенге және ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, 2-бөлігі 1-тармағымен, 106-бабының 3-бөлігімен айыпталған Суньят Изат Гизатұлына қатысты іс қаралуда.

Шыны керек, ісіміз өте созылып кетті. Біз бұл істі 99-бапқа ауыстыру қажет деп қанша айттық. Себебі, кісі оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Екіншіден, тергеу барысында тергеушілердің Талғар аудандық ІІБ мен жіберілген кемшіліктері көп болды. Сосын Прокуротураның уақытылы қадағаламауы да үлкен әсер беріп, бұл іс үш рет қосымша тергеуге қайтып, одан кейін міне тағы Талғар аудандық сотында қаралуда.

Талғар аудандық сотына неге көңіліміз толмайды? Себебі, уақытылы сот процесін қамтамасыз етуі нашар. Не куәләрі жоқ, олардың бірі келсе, бірі келмейді. Сосын сот уақытында басталмайды. Залдар бос емес деген желеумен соттың басталуын 40 минут, кейде, бір сағат күтеміз.

Енді, құрметті Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Қажыманұлынан осы соттың әділ шешілуін қамтамасыз етуін талап етемін!

Гүлмира Садықова, Алматы облыстық адвокаттар алқасының адвокаты:

 - Мен Талғарда болып жатқан Бекарыс Дүйсен мен Суньят Изатқа қатысты қылмыстық іс бойынша жәбірленуші Бегдалиев Оспандиярдың мүддесін қорғаймын.

Енді жәбірленушілер айтып кеткендей, бұл сот екі жылдан бері болып жатыр. Бала қайтыс болған күннен кейінгі үшінші күннен бастап мен осы іске қатысып жатырмын. Негізі бұл істе бірінші күні айғақтар жоғалып кеткен. Тергеуші Ғани Балаханов тергеуді шала жүргізгендіктен, қажетті айғақтар алынбаған. Сол жерде төбелескен адамдардың киімдерін айғақ ретінде алу керек еді.Істің ұзаққа созылып жатқаны содан. Қайтыс болған баланың Суньят Изаттың ұрғанынан құлағанын бір ғана куә Кеңесбаева Анар көрсетіп отыр. Анардың сөзін бейне камерадан да көруге болады.

Ал, сот медика-криминалистикалық бөлімінің сарапшысын сотқа шақырып жауап алғанда, ол, өлімнің себебі - иектің астынан тиген соққыдан құлап, миына қан кеткен. Соның әсерінен болып отыр деді.

Мен бұл істі алғашқы күннен ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабына жатады деп жазып келе жатырмын. Ал, Сот пен Прокуратура Суньят Изаттың адам өлтіремін деген қылмыстық ойы болған жоқ, бұл аяқ астынан болған өлім дегенді алға тартып отыр.

Бірақ, бұл жерде сарапшының тұжырымы - иектің астынан тиген соққыдан құлағаннан және сол жерде миына қан кеткеннен деді ғой. Ал, менің 99-бапқа сәйкес келеді деп отырған себебім - камерадан қарап отырғанда қайтыс болған баланы бір емес, бірнеше рет тепкен. Және ол ең соңғы иектің астынан тиген соққыдан кейін өліп отыр ғой. Және, өткенде бір куә "мынау өтірік өліп жатыр деп тағы бір рет басынан теуіп кетті" дегенді айтып қалды. Демек, бұл 99-баптың 2- бөлігіне жатады. Себебі, ол өліп жатқан адамды қатыгездікпен тағы теуіп кетті. Мен мұны соттың аяғындағы жарыссөзде куәні анықтап көрсетіп, айтып кетемін. Яғни, мұнда оның бірнеше рет соққы беріп, өліп жатқан адамды тебуіне қарап қылмыстық ойы болған деп ойлаймын.

 Сол 99-бапта көрсетілген "аяқ астынан туындаған қылмыстық ой дегенді" негізге алып отырмын. Себебі, бұл - жазатайым соққы емес, адам өліміне әкеліп отырған әдейі ұрылған соққы.

Бұл соттың ұзаққа созылғанының тағы бір себебі - Прокурорлардың қателігінен болып отыр. Алғаш бұйрық бойынша бекітілген Маралов қазақша білмейді. Не оқығанын өзі түсінбейді. Сондықтан біз оны шағым жазып жүріп бұл істен ауыстырғыздық.

Одан кейін келген екінші Прокурор келе салып мен қазақша жүргізе алмаймын дейді. Оны да ауыстырдық.

Үшіншісі келіп бір процеске қатысып еді, сұрақ қоюды да білмейді. Оны да шағым жазып ауыстырдық.

Ал, мына прокурор осымен бесінші рет қатысып отыр. Бұл Прокурордың қазіргі іс алысы жақсы. Бірақ, бұлар куәларды толығымен алып келмей отыр. Мәселен, үшінші куәгер Қуаныш Ізбасарды алдыра алмады. Ол тергеу кезінде жауап береді, бірақ, сотқа келмейді. Біз оған соттың күші жетпейді деп отырмыз. Сосын, негізгі куәлар қыз жолдас, той иесі Дархан әлі келген жоқ. Бізге тек қосымша куәларды алып келіп жатыр. Ал, олардың жауаптарының маңызы жоқ болып тұр.

Сол тергеудің салғырттығы мен Прокуратураның қадағаламағанынан бұл іс ұзаққа созылып кетті.

Ал, осы төртінші сот отырысында қайтыс болған баланың әкесіне әкімшілік жаза тағайындады. Оған ықпал еткен сотталушының қоғамдық қорғаушысы Жазылбекованың жөнсіз сұрақтары еді. Енді мұнда жәбірленуші тарапты түсінуге болады. Себебі, екі жылдан бері олардың шыдамы әбден таусылды. Сондықтан судья Мұхамедиұлы да сабырлық танытып, дұрыс жауап беруі керек еді. Өзі жараланып отырған адамдарға одан сайын ауыр тиіп отыр.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір