• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
10 Желтоқсан, 08:19:43
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

25 Қараша, 2019 NEWS

Діни радикализмнің дәруі – дәстүрлі тәлім-тәрбие

Ислам дінінің атын жамылған лаңкестік ұйымдардың әрекеті уақыт өткен сайын өңін айналдырып, жаңа кейіппен қарапайым жұртшылықты құрбандығына айналдырып келеді. Ал бүгінгі жаһандану дәуірінде өзге құрлықта болып жатқан жарылысты «біздің елге қатысы жоқ» деп айту – бейқамдық. Өйткені қазір ғаламтор арқылы ешқандай шекарасыз әр отбасы, әрбір адамның санасын жаулап жатқан ақпараттық қауіппен қатар, ішке сыналап енген жат діни ағымдар «үнсіз» жатыр деп айта алмаймыз. Сондықтан Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі ретінде жамағатпен кездесулер барысында ұлттық салт-дәстүр, дәстүрлі тәлім-тәрбиенің маңыздылығы туралы үнемі айтуыма тура келеді.

Алматы қаласындағы орта-арнаулы оқу орындарының біріндегі кездесуде өрімдей жас қыздың сауалдары еріксіз назарымды аударды. Киім кию әдебінде ешқандай діни белгілер жоқ, содан ол қызды сөзге тартып едім, ол бір кездері танысының Сирияға баруға ұсыныс жасағанын айтты. «Жақсы жалақы беретін жұмыстар болса, неге бармасқа» деген оймен анасымен ақылдасқанда, мешітке тұрақты барып тұратын, бес уақыт намазы бар анасы, ағалары ол ұсыныстың «қауіпті» екенін айтып күмән білдірген. Отбасының  ақылын алған қыз Шам еліне барудан бас тартқан. Мен ол қызға анасымен, бауырларымен ақылдасудың орасан пайдасы болғанын әрі бұл дінімізде де өзара ақылдасып, іс жүргізу мұсылманның елеулі сипатында бар «шура» (ақылдасу), «машура»(кеңесу) екенін түсіндіріп өттім. Сирияға барудан аман қалған студенттің сөзіне сол мезетте ұстаздары да таңырқап жатты.

Эпизод болса да бұл оқиғаның өзі отбасындағы ата-анамен ақылдасудың, отбасылық кеңестің маңыздылығын көрсетеді. Ежелден қазақ отбасына тән дәстүрге қазіргі жаһандану кезеңінде қауіп күшейгені рас. Себебі ұялы телефондар, ғаламтор, әлеуметтік желілерге әуестік отбасындағы өзара қарым-қатынасқа кері зиянын тигізуде. Адамның санасы мен сенімін, яғни руханият әлемін жаулап жатқан түрлі ақпараттар ағының толассыздығы сонша адамдарды ойлануға, өзара мәмлелесуге, салт-дәстүріміздің озығын отбасылық қарым-қатынасқа енгізуге мүмкіндік қалдырмай барады.

Дегенмен жат елге «жұмақ» іздеп кеткендердің арасында отбасында дәстүрлі тәрбиемен өссе де тағдыр жазуымен тап болғандар да бар. Мәселен, алматылық М. есімді бойжеткен отбасылық жағдайына байланысты 16 жасында өзінен 6 жас үлкен 1991 жылдық оралдық «діндар» жігітке тұрмысқа шығады. Ата-ананың талабымен күйеу жігіт қазақы салт-дәстүрмен құда түсіп, той жасап отау құрады. Алайда көп ұзамай «нәпақа» қамымен Түркияға кеткен  күйеубала бірнеше айдан кейін келіншегін  жанына алмақ болып хабарласады. Бұл кезде де ата-анасы қыздарын жіберуге үзілді-кесілді қарсы болғанымен, «әйеліме өзім жауаптымын, уайымдамаңыздар» деп сендіріп, көндіреді. Стамбулға жеткен соң  тосын сый жасайтынын айтқан күйеуіне иланған қаракөз келіншектің қиялы әлемнің әсем жерлерін шарлап та кетеді. Алайда бір аптадан соң автобусқа отырып, Сирия елінің шекарасынан бір-ақ шыққанда қазақ қызы қайда келгенінен бейхабар, түсініксіз хәлде қалады. «Кейін түсіндіремін, уайымдама, барлығы керемет болады» деген күйеуі екеуін екі жақа бөліп әкеткен. Содан кейін күйеуіне тек хат жазып таныстар арқылы жөнелтіп отырды. Көп ұзамай «шаһид» болды деген хабарын естиді. Жолын тауып елге хабарласқан келіншекке ата-анасы «жібі түзу қазақ жігіті болса, жалғыз қалма» деп ақыл айтудан басқа шарасы қалмайды. «Ол жақта қазақтың жап-жас жігіттері көп еді, менің таңдауым Ақтөбенің тумасына түсті» деген ол елге «Жусан» арқылы күйеуі, екі қызымен оралып, жақында ұл босанды. Оны сөзге тартқанымызда діни білімі жоқтың қасы. Ол бес жыл от пен оқтың ортасында қалса да отбасындағы тәрбиесіне сай елге деген сағынышы өршіп, ата-ана, бауырларымен қауышқанына, «Жусан» операциясын ұйымдастырған Елбасы Н.Назарбаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, құзырлы орындарға шексіз риза.

Тағдыр жазуы десек те, олардың Шам еліне баруына себепші болған адамдардың (күйеуі, әйелі, таныстары, т.б.) теріс діни ағыммен тікелей байланысы болды. Сондықтан «теріс ағымның зарары тиген не болмаса шырмауына түскен жандардың қайтадан тура жолға түсуі мүмкін бе?» деген заңды сауал туындайды. Мамандардың зерттеуінше, тәжірибеде теріс діни ағымға ергендердің 5/1-і райынан қайтады әрі тәжірибелі мамандарға ортақ пікір  «адамның жеке болмысы, сана-түсінігіне байланысты мәселе» екендігі айтылады. Ал психологиялық зерттеу бойынша оларды тұрақты оңалту үшін орташа 15 жыл қажет. Енді осы саладағы тәжірибелі мамандардың пікіріне кезек берейік.

«Жусан» операциясында оңалту жұмыстарына қатысқан мамандардың бірегейі филос.ғ.к. доцент Кеңшілік Тиышқан: Теріс діни ағым салдарынан оңалуы әбден мүмкін. Мұндай тәжірибелер өмірімізде болды. Бірақ қанша уақыт керек десеңіз, ол басқа мәселе. Әрі оның теріс ағымға кіру уақытына да байланысты. Егер енді ғана кіріп жүрген болса, оны тез қайтарып алуға болады. Ал жарты жылдан артық болған болса, ондай адаммен жүйелі жұмыс істелу керек. Ең үлкен қиыншылық біздің теріс ағым деп түсінген ағымдарда жүргендер өздерін ақиқат жолындамыз деп есептеуі. Сондықтан ондай адамдар тіпті оңалуға ниет те білдірмейді, сәйкесінше ондай адамдар оңалмайды да. Теріс ағым өкілдерінде логика харам. Сондықтан сыни ойлауға үйрету арқылы кез келген адамға дәлел іздетуге болады. Шубха, яғни күмән деп қашқанымен кейін өзі сұрақ қоя бастайды. Білім арқылы кез келген мәселені ортаға салып олардың қате жолда екендігін дәлелдей білсеңіз, оңалу процесі басталады. Көкейіндегі ой, бұрынғы алған діни білімі тез жойылмайды. Орташа қарағанда бір адамның оңалуына 2-3 және одан да көп жыл қажет болады. Оның өзінде тұрақты білімді бір адаммен жұмыс істеген жағдайда. Ал тиіп-қашып анда-санда кездесулер өткізу бос әуре. Мұны тәжірибе дәлелдеген, – деген пікірде.

Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев: «Діни оңалту жұмысында жүйелі білім берудің маңызы зор. Өз тәжірибемде алдыма келген 20 шақты шәкірттің 80% әуелгіде сәләфизмдік ұстанымда болатын. Бірақ олар екі жыл тұрақты нақты білім, дәйекті дәлелдерге негізделген дәрістер арқылы түгелдей райынан қайтып, өзіміздің дәстүрлі ұстанымымызға келді. Бұл қашанда классикалық білім тұрақты жүргізілсе, өз нәтижесін беретіндігін көрсетті. Мұндай мысалдар көп», – деп өмірден нақты мысал келтірді.

Алматы облысының әкімдігінің Дін істері басқармасында оңалту бөлімінде бөлім басшысы Ерлан Матаев: «Көзқарасын оңалтуға болады. Бірақ ол адамға байланысты. Көбіне енді ғана сол ағымға кіре бастаған, ақ пен қарасын ажырата алмай жүрген адамды бетін бері қайтарып алу мүмкіндігі бар. Ал ұзақ жылдар сол ағымның жетегінде жүрген адаммен біраз уақыт талап етеді және оны барынша бауырмалдықпен, көркем мінезбен тартуға ғана болады. Бұл бір өзге діннен басқа дінге өткізгенмен бірдей үдеріс секілді. Өйткені дін жүрекпен қабылданатын нәрсе. Жүреккке әмір емес, махаббат, мейірім жүреді. Сондықтан оңалту, бейімдеу деген процесстер махаббатпен, шынайылықпен болса ғана өз нәтижесін беріп, оңалтуға болады деп есептеймін», – деген ойымен бөлісті.

Ал Нұр-Мүбарак университетіндегі Экстремизмнің алдын алудағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры, докторант, теолог Асқар Сабдин: «Қайтып та жатыр. Ұжымдық жұмыспен 2012 жылы бастап 2016 жылдың соңында аяқтаған есеп бойынша 283 адамды қайтардық. Одан кейін күнделікті жазып жүру мүмкін болмай кетті. Бірақ өздерінің теріс ағымда адасқанын түсініп, дәстүрлі ұстанымымыздың тура жолда екенін мойындағандар жайлы бейнероликтер баршылық, тікелей телефоныма рахметін айтып жатқандар көп. Ал қайтпайтындар жайлы айтсақ, олар  теріс ағым идеологиясын санасына сіңіріп, қалыптасқан комфорт зонадан шыққысы келмейді. Өзіне ұнайтын өмірі, қоршаған ортасы, араласып жүрген жамағатын ауыстырғысы келмей, қалыптасқан жолын жалғастыра бергісі келеді. Кез келген сектаға кірген адамның талдау, ойлану қабілеті әлсіз болса, сол деңгейде қала береді. Жаңадан ой қалыптастыру, жаңа сүзгіден өткізуді қиын көреді», – деді.

Тақырыбымды түйіндеуде қасиетті Меккеде өскен қазақ жігітінің оқиғасы отандастарымызға ой салады деген үмітім бар. Іссапармен ұшақта отырғанда жан-жағына мейіріммен қарап, әрбір іс-әрекетінде ерекше ықылас байқалатын азаматты сөзге тарттым. Ол Сауд Арабиясынан Қазақстанға келгеніне 4 жыл, ал Алматыға қоныс аударғанына 4 айдай болған Мұхаммед-Хасан деген қазақ жігіті екен: «Мен саудамен айналысамын, Меккеде де кәсібім сауда болды, әлемнің түкпір-түкпірінен келген ұлттарды көрдім. Сонда байқағаным, қазақ халқын көздерінен тануға болады, қазақтың көзі «тоқ», ашкөз емес. Ал Қазақстан деген мемлекет әлемде жоқ, – деп екпіндеп сөйлеген сөзін бөліп, «Бізде мысалы, қасиетті Меккеге барсақ, тұрсақ деп армандайтындар көп қой» дегенімде, «қасиетті Мекке – ол Мекке. Ол адамзат үшін қасиетті, сонымен қатар мен үшін балалық шағым, 28 жыл ғұмырым өткен, өскен өлкем. Бірақ туған елге, ата-бабаларыңның Отанына жететін ел жоқ, – деп жауап берді.

Мұхаммед-Хасанның діни ұстанымы жайлы сұрағанымда көзін ашқалы отбасында, ата-анасының  тәрбиесі ханафи мәзһабына берік болғандығын мақтанышпен айтты. Сонда мен оның өзге мәзһабтағы дініне берік елде тұрса да ата дін, ұлттық дәстүрден ауытқымай, атамекенге жете алмаған әкесінің аманатын ақиқатқа айналдырғанына шексіз қуанышы оның ішкі әлемін нұрландырып, жан-жағына мейірім болып шашылуының да сыры сол екенін түсіндім.

Атақты Бернард Шоу  «Адамдардың 2%-ы – ойланады, 3%-ы – ойланамыз деп ойлайды, ал адамдардың 95%-ы ойланғанша, өліп кетуі оңайырақ» деген. Бұл сөз бекер дей алмаймыз. Себебі  хәкім Абай да өзінің 37 қара сөзінде:  «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, Пайғамбарымызды (с.а.у) түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал. Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват...» дейді. Абайдың бұл сөзі бүгінгі көзіқарақты, көкірегі ояу білім иелеріне қаратыла айтылса керек.

Яғни ұлттық тәлім-тәрбие – ата дініміз бен салт-дәстүр сабақтастығымен ғылыми негізде жүйеленіп, ұлттық педагогика үлгісінде отбасы институтын күшейту арқылы әлеуметтік институционалды даму жүйесін қалыптастырумен қоғамдағы діни радикализмнің ғана емес, жаһандануға қарсы таптырмас қалқан болары сөзсіз.

Айша КЕҢЕСБАЙ

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз хатшысы, исламтанушы-журналист

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір