• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
06 Желтоқсан, 19:35:59
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

22 Қараша, 2019 Сұхбат

Шалқар Нұрсейітов, саясаттанушы: 2019 жыл – Жастар жылы емес, "Қос президент" жылы болды

Биылғы 2019 жыл – Жастар жылы, 2020 жыл – Еріктілер жылы болып жарияланғаны мәлім. Жастар жылында белгіленген жол картасы аясында жүзеге асырылатын шараларға қажетті 120 млрд теңге көлеміндегі қаржы да бөлінді. Осы орайда жастарға арналған алғашқы жылдың аяқталар тұсында ел өміріндегі, қоғамдық өмірдегі өзгерістер туралы, жастар жылының не бергені жөнінде сөз қозғауды жөн көрдік. Ол үшін АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінің магистратурасын Медиа және стратегиялық коммуникация мамандығы бойынша тәмәмдаған Болашақ бағдарламасының стипендиаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану мамандығының түлегі, бүгінде стратегиялық коммуникация бойынша консультант Шалқар Нұрсейітовті әңгімеге тартқан болатынбыз.

 – Жастарға арналған биылғы жылдың 10 айы артта қалыпты. Осы уақыт аралығында жастарға қатысты қандай елеулі оқиғаларды атап өтер едіңіз?

Қателеспесем, 2003-2005 жылдарды билік «Ауыл жылы» деп атаған болатын. Миллиардтар игерілгенімен, ауылдардағы негізгі деген мәселелердің өзі әлі күнге дейін толық шешілген жоқ. Қазақстанда БҰҰ адамның басты құқықтарының бірі деп таныған таза ауыз суға қол жеткізе алмай отырған қаншама ауыл бар. Ауылдардағы мектеп пен ауруханалардың, мәдениет үйі мен кітапханалардың жай-күйін, жалпы тұрмыс деңгейін мен айтпай-ақ жақсы білесіз. Мұны не үшін айтып отырмын? 2019 жылды жастар жылы деп атап, бюджеттен миллиардтарды бөліп, той-томалаққа ұқсас іс-шаралар ұйымдастырғаннан еліміздегі 29 жасқа дейінгі азаматтардың проблемалары шешіліп кеткен жоқ. Шын мәнінде, 2019 жыл – жастар жылы емес, «Қос президент» жылы болды.

Жастар үшін де, бүкіл қазақстандықтар үшін де осы жылдың ең елеулі оқиғасы ретінде елді 30 жылға жуық басқарған Н.Назарбаевтың президент қызметінен 19 наурызда бас тартуын атар едім. Неге 19 наурыз? Неге Астана Нұр-Сұлтан атанған күн емес? Неге Қазақстанда екінші президент сайланған күн – 9 маусым емес? Түсіндірейін. Саяси-экономикалық зерттеулерге сүйенсек, кез келген мемлекетте бүкіл елдің тағдыры бір-бірінен тәуелсіз саяси институттарға емес, абсолютті билікке ие жалғыз саясаткерге және оның айналасындағы топқа тәуелді болуы саяси тұрақтылық пен экономикалық дамуға кедергі келтіреді. Өкінішке қарай, соңғы 20 жылда мемлекеттік пропаганданың арқасында «Назарбаев» пен «Қазақстан» синонимге айналып кеткен еді. Ал 19 наурызда Қазақстан азаматтары билік ауысса «ақырзаман» болмайтынына, президент Назарбаевсыз Қазақстанда таң атып, күн бататына көз жеткізді. Бұл – іс жүзінде демократиялық ел ретінде қалыптасуымыз үшін өте маңызды нәрсе.

– Жалпы жастарға кең мүмкіндіктер ашып, ерекше көңіл бөлу үшін арнайы жылды жариялау қаншалықты қисынды? Кең мүмкіндік пен ерекше көңіл ұдайы жүргізілуі тиіс қажеттілік емес пе еді?

Жастар жылында жастарға жаңа мүмкіндіктер пайда болуы керек, жастарға ерекше көңіл бөлу қажет деген пікірмен келіспеймін. Өз азаматтарын қолдау үшін билікке бір әлеуметтік топты басқалардан бөліп-жарып, соларға арнайы жыл арнап, «қамқорлық танытудың» қажеті шамалы. Биліктің ондай қадамдары маған кейде дискриминация сияқты көрінеді. Конституцияда өзін әлеуметтік мемлекет деп жариялаған ел бала болсын, жас болсын, кәрі болсын бәрін бірдей әлеуметтік қолдауға талпынуы тиіс. Күн сайын. Мемлекеттік биліктің басты міндеті – азаматтардың конституциялық құқықтарына қол сұқпай, олардың өз елінде өгейсімей, өзін толыққанды азамат сезінуін күн сайын қамтамасыз ету. Ең бастысы, мемлекет әлеуметтік қолдау саясаты арқылы азаматтардың саяси құқықтарын «бартерге» салмауы керек. Ондай «бартерге» жол бермес үшін азаматтар құқықтық сауатын арттырып, инфантализмнен бас тартып, өз болашағына өзі жауапты азамат болуға ұмтылуы қажет.

– «Бартер» деп биліктің жастарды «жарылқауға» тырысуының астарын меңзеп отырсыз ба?

– Иә, жастарға және басқа да әлеуметтік топтарға «қамқорлық» танытуды айтып отырмын. Қазір қоғамда отыз жыл бойы ауыспаған биліктен шаршау анық байқалады. Н.Назарбаевтың билікте қалу үшін президенттіктен «кеткенін» жұрт жақсы біледі. Оған азаматтардың кедейленуін, күн сайын теңсіздік пен әділетсіздіктің куәсі болуды, азық-түлік бағасының қымбаттауын қосыңыз. Әлеуметтік наразылық пен саяси наразылық ұштасса, азаматтарды «шүкір» арқылы басқару мүмкін емес. Сондықтан қазір билік «өрт сөндірумен» айналысып жүр. Бүгін көпбалалы аналар Ақорданың алдына шықса, олардың мәселесі күн тәртібінде бірінші мәселеге айналады. 21 мың теңге ұсынады дегендей. Яғни, қай әлеуметтік топ өз наразылығын ашық білдірсе, билік өзін сол топтың мәселесін шешуге дайынбыз деп көрсетуге тырысады. «Ертең жаппай көшеге шықпаса болды, әйтеуір» деген логика.

Ал ертең компартияның тәрбиесін көрмеген, сайлаудан кейін партия құрамын деген мәлімдемесі үшін полицейлер ұстап алып кеткен Ринат Зайытовтың босатылуын талап еткен жастар саяси талаптарын қоюға көшсе ше? 2020 жылды президент Тоқаев «Еріктілер жылы» деп жариялап қойды. Елдегі волонтерлердің көбісі жастар. Көптеген дамушы елдерде жастар – саяси өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Ал билік жастардың саяси күшке айналып кетуіне мүдделі емес. Екі жыл қатарынан жастарды жарылқауға тырысуының астарында осы жатса керек. Әрі «Желтоқсан оқиғасымен» бірге «Араб көктемі» биліктің есінен шыға қоймағаны анық. Сондықтан Қазақстан секілді  елде билік кез келген сынға өте сезімтал келеді. Оған нақты мысал – президент сайлауынан кейін болған бейбіт наразылық шерулерінде 4000-ға жуық адамның қамалуы. Ол – президенттің кеңесшісі Ерлан Карин айтқандай, плюрализмнің көрсеткіші емес, биліктің әлсіздігінің, сенімсіздігінің көрсеткіші.

– Билік «азаматтардың бейбіт митинг өткізуге құқығы бар» деген мәлімдемелерді айтып алып, өзіңіз айтқандай жастарды қамауын неге жоруға болады? Бұл саяси реформалардың имитациясы ма?

Ешбір елде билік етуші саяси топ еш уақытта өз билігін басқа топтарға оңай бере салмайды. Демократиялық елдерде бәсекелес мүдделі топтар, партиялар кім мықтыны ашық әрі әділ сайлау арқылы анықтап отырады. Ал авторитарлық мемлекеттерде қолында билігі бар аз ғана топ өз үстемдігінен айырылып қалмас үшін пропаганда мен күштің қызметіне, непотизм мен трайбализмге жүгінеді. Атқарушы биліктен тәуелсіз парламент және әділ сот билігі қалыптаспаған кезде жасанды институттар құрады. 9 маусымдағы президент сайлауынан кейінгі наразылықтан соң құрылған «Ұлттық кеңес» солардың бірі. Бізде қашан әділ әрі ашық президент немесе парламент сайлауы өтіп еді? Сондықтан билік соңғы уақытта ғана саяси реформалардың имитациясымен айналысып жүр дегенмен келіспеймін. Билік 1995 жылы жаңа конституция қабылданған кезден бері саяси реформалар имитациясымен айналысып келеді. Яғни, билік азаматтардың бойындағы үрейін, жаппай үнсіздігін, саяси және құқықтық немқұрайлығын тиімді пайдаланып келеді.

– Соңғы уақытта жастардың қоғамдық өмірдің бақылаушысы ғана емес, қатысушысы да болғысы келетіні, ендігәрі әділетсіздікке төзе алмайтыны, құқығының тапталғанын қаламайтыны анық аңғарылып жүр. «Oyan, Qazaqstan», «Respublica» секілді қозғалыстар пайда болып, Жанболат Мамай партия құруға талпынуда. Аталмыш қозғалыстар мен бастамаларға бұл да «билік жобасы» деп күмәнданушылар көп. Осыған қатысты ойыңыз қандай? 

– Қазақстанда қазір шамамен 3,8 млн жас азамат бар. Олардың басым көпшілігі саяси бостандықтары мен құқықтарының бұзылуына қарсы көзқарастарын ашық білдіруге дайын деп айту артық болар. Колледж бен университет студенттерінің барлығы дерлік мектеп пен үйдегі «тыныш жүр» деген тәрбиенің әсерінен, «оқудан шығып қалмайын», «биографиямды құртып алмайын» деген қорқыныштан саясатқа бейжай қарайды немесе билікке лояльды келетін сияқты.

Десе де, Денис Теннің өлімі, ресми түрде болса да Н.Назарбаевтың саяси сахнадан кетуі, президент сайлауындағы тәуелсіз бақылаушылардың женкештілігі орыстілді немесе екі тілде еркін сөйлейтін, тұрақты табысы бар Алматы мен Астанадағы шығармашылық ортада жүрген азаматтардың белсенділігін арттыра түсті. Өзіңіз айтқан «Oyan, Qazaqstan» және «Respublica» секілді қозғалыстар пайда болды. Жанболат Мамай партия құрғалы жатыр дегендей. Қазір «Oyan, Qazaqstan» рұқсатсыз митингі өткізіп, оларды ешкім ұстамағаны үшін айыпталып жатыр. «Respublica» рұқсат алып, митингі ұйымдастырғаны үшін «биліктің жобасы» аталды. Жанболат Мамайды кейбір кісілер «екінші Қосанов» деп атап жүр.

Бірден айтайын, ол азаматтардың ешқайсысы менің жақын аралас-құраласым немесе досым емес. Саяси коммуникация маманы ретінде олардың активизміне көңіл бөлетінім рас. Олар менің байқауымша, өз білімі мен кәсіби дайындығына сенімді, нарықта бәсекеге қабілетті, өз құқықтарын өте жақсы білетін азаматтар. Тендермен күн көріп жүрген жастар емес. Яғни, олардың саяси бостандыққа ұмтылуға негіздері бар. Өз басым ол ұйымдарды Ақорданың жобасы дегенге сенбеймін. Расымен де дамыған ел болғымыз келсе, ондай ұйымдар екеу-үшеу ғана емес, көп болуы керек. Ал нақты нәтижеге қол жеткізу үшін саясатты хоббиге айналдыру жеткіліксіз. Саясат – өмір салты, full-time жұмыс. Ол енді басқа әңгіме.

Жастардың бұл бастамаларына биліктің жауабы қандай болуы мүмкін?

– Билік жастардың саясиланып кетпеуі үшін оларды бақылап, уысында ұстауға тырысады. Сол үшін олар жастар ұйымдарын, саяси партияларды қолдан жасап шығарады, жасанды әрі күлкілі митингілер өткізеді. Мәселен, «Жастар жылын» атап өтуге арналған Жол картасында «Jas.Qz» деген жастар қозғаласын дамыту үшін 2019 жылы 252 млн 602 000 теңге бөлу қарастырылған. Бір жылдық бюджеті 647 000 доллар болатын бұл қандай ұйым? Олар немен айналысады? Интернеттен өз басым ешқандай ақпарат таппадым. Мұндай елес ұйымдар жастардың билікке деген сенімін одан сайын төмендетеді.

Сондай-ақ билік тәуелсіз жастармен «түсіндіру» және қорқыту жұмыстарын жүргізеді, жиындарына кедергі келтіреді. Психологиялық қысым жасайды және «күйе» жағу арқылы олардың репутациясына күмән келтіруге талпынады. Бірақ дәл қазір билік сөз болып отырған азаматтарға қатысты бұрынғыдай «тізеге салып» жұмыс істей алмайды.

– Не себепті олай ойлайсыз?

– Менің ойымша, оның негізгі үш себебі бар. Біріншіден, билік транзиті басталғалы бері шетелдік инвесторлардың, әлемдік қауымдастық пен медианың назары Қазақстанға арта түсті. «Кітапхана» да, Ақорда да ірі шетелдік компанияларды елде олардың бизнестеріне қауіп төндіретін ешқандай саяси өзгеріс болмайды деп сендіруге тырысып жатыр. 

Екінші себеп – алда болатын парламент сайлауы. «Ұлттық кеңестің» елдің есінде қалатын жалғыз шешімі «Саяси партиялар туралы» заңға енетін өзгерістері болуы мүмкін. Яғни, саяси наразы топтарға партия ретінде тіркеліп, сайлауға қатысуға мүмкіндік берілуі мүмкін. Ал бұл қадам арқылы Ә.Қосановтың 16% дауысын 4-5 партияға 1-2% дауыстан үлестіріп беруге, биліктің оларды лайықты бәсекелес көрмейтінін танытуға, қоғамдағы «наразылық буын» шығаруға, елде плюрализм бар деп көрсетуге болады. Үшіншіден, билік дәл қазіргі ойын ережесімен, заңдармен ат төбеліндей аз ғана саяси сауатты әрі белсенді азаматтардың жеңіске жете алмайтынын жақсы түсінеді. Оған қоса қазір тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай "романтик" саясаткерлер жоқ. Саяси белсенділерді елдегі қаржылық және саяси топтар қолдауға дайын емес. Ал білімді әрі тәуекелдерді есептей білетін, елдің эволюциялық дамуын қалайтын азаматтардың радикалды қадамдарға баруы екіталай.

– «Жеңіске жете алмайтынын жақсы түсінеді» деуіңізге қарағанда митингке шыққан жастардың «парламенттік республикаға өту», «сайлауды ашық әрі әділ өткізу» деген талаптарының жүзеге асуы екіталай деп есептейсіз бе?

– Қазақстан азаматы ретінде елде саяси реформалардың тез арада болғанын мен де қалаймын. Ал саясаттанушы ретінде орта тап қалыптаспаған, саяси құқықтар үшін күресу тәжірибесі жоқ, заң үстемдігі орнамаған, сөз бостандығы сақталмайтын Қазақстанда саяси өзгерістер бір сәтте болмайтынын жақсы түсінемін. Қазақстандағы саяси реформа жайлы дискурс пен активизм жайлы сөз болғанда ойыма үнемі АҚШ-тағы 1960-1970 жылдардағы азаматтық-құқықтық қозғалыс тарихы келеді. Қара нәсілділер табанды күрестің арқасында 1970 жылдардың басында айтарлықтай құқықтарға заң жүзінде ие болды. Ол – көпшілік ойлайтындай, 1960 жылдары белсенді болған қозғалыстың 5-10 жылда қол жеткізген жеңісі емес, ол – шын мәнісінде, 1930-1940 жылдары басталып, 30-40 жылға созылған жанкешті күрестің нәтижесі. Тіпті ол күрес әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Өйткені азаматтық және саяси құқықтар үшін күрес бар жерде «еркіндік» және «бостандық» сөздерінде мән-мағына, құн бар. Сондықтан жылына 5-6 бейбіт митингі өткізу арқылы аз уақыттың ішінде саяси режимді өзгерту мүмкін емес деп ойлаймын.

Олай болса, Қазақстанда шынайы саяси реформаларды қашан көреміз?

– Ол «Oyan, Qazaqstan» немесе «Respublica» секілді ұйымдарға байланысты емес. Ол мына мен және сіз секілді миллиондаған азаматтың өз құқықтары мен бостандықтары үшін бейбіт жолмен күресуге қаншалықты дайын екендігіне байланысты. Биліктегі аспандап кеткен тұлғалардың тезірек есін жиып, «жерге түсуіне» байланысты.

Тағы бір ескеретін жайт – саяси бостандық үшін күрес бұқаралық сипат алмай, маңызды өзгерістерге қол жеткізу қиын. Саяси еркіндік үшін күрес «намысқой» жігіттердің қазақ қыздарының шетелдіктерге күйеуге шығуына алаңдауды қойып, коррупцияға, әйелдер мен балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырауына, бейбіт шерулердегі полицейлердің бассыздығына, азаматтардың құқықтарының тапталуына наразылығын ашық білдіргенде басталады. Ол күрес ашық әрі әділ сайлау идеясының Инстаграмдағы Б.Мақсатқызы мен М.Тазабектің миллиондаған аудиториясына жетіп, олар «критикалық ойлау», «азаматтық позиция» секілді түсініктермен етене таныс болғанда басталады. Бір сөйлеммен айтқанда, «ҚР азаматы» болуды үйренуіміз керек. Құндылықтарымыз үшін бір жылдық емес, онжылдық күреске дайын болуымыз керек. Міне, сонда Қазақстан нағыз демократиялық даму жолына түседі деп сенемін.

– Аталған жайттардың билік транзиті басталғаннан кейін болып жатқанын айттыңыз. Таяуда президент Қ.Тоқаев министрлер мен әкімдерді Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Н.Назарбаевтың келісімімен тағайындау туралы жарлыққа қол қойғанын білеміз. Бұл ненің нышаны?

Жарлыққа қатысты белгілі заңгер Евгений Жовтистің «Азаттық Радиосына» берген сұхбатында айтқан ойымен толықтай келісемін. Конституция бойынша президент – атқарушы биліктегі, жалпы саяси жүйедегі, ең ықпалды институт. Ал «Қауіпсіздік кеңес жайлы» заңға сүйенсек, «Кітапхана» – Ақордадан жоғары тұрған саяси институт. Басқаша айтқанда, №148 жарлық – құқықтық аспектіден гөрі саяси аспектісі басым мәселе. Өз тарапымнан қосарым – жарлықты «Кітапхананың» Коперниктің гелиоцентрлік жүйесін Ақорда мен елдің есіне салуы деп қабылдау керек шығар.

– Жастар жылы аясында қолға алынған істердің бірі – «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасы екенін білесіз. Биліктегі буын алмастыруды осылай қолдан ұйымдастыруға қалай қарайсыз?

– Маған бұл жоба президент Тоқаев әкімшілігінің Қазақстанда непотизм мен трайбализмнің «ұлттық идеологияға» айналып кеткенін ресми түрде мойындауы сияқты болып көрінеді. «Кадрлық резерв» жобасы – білімі мен еңбек тәжірибесі сай кез келген азамат мемлекеттік билікке араласа алады деп көрсетуге тырысу. Ақорданың қоғамдағы билікке деген жоғалған сенімді қалпына келтіру үшін жасап жатқан талпыныстарының бірі. Өздерін легитимді билік деп көрсетуге ұмтылу.

Осындай талпынысты қазақстандық шенеуніктер ойлап тапқан жаңалық деуге келмес. Даниэл Трейсман, Сергей Гуриев және т.б. ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, авторитарлық жүйелер уақыттың ағымына қарай халықты басқарудың тәсілдерін жаңартып отырады. Қазір күшке негізделген ескі тәсілдермен билікті ұстап тұру тиімсіз. Сондықтан билік басындағылар халықты өздерін елді басқаруға лайықты деп сендіруге күш жұмсайды. Ол үшін қоғамдық пікірді қалыптастыруға, оған әсер етуге қабілетті адамдардың қолдауын сатып алады, қызмет береді, ақпараттық технологияларды тиімді пайдалануға ұмтылады. Яғни, пропаганданың жаңа тәсілдеріне иек артады. Сол себепті «Кадрлік резервке» өтетін 300 азамат ашық әрі әділ конкурс арқылы іріктелуі әбден мүмкін. Бірақ 30 жыл бойы регенарациялық қабілетін шыңдап келе жатқан қазіргі режим оларды өздерінің қалауына қарай икемдеп алуы оп-оңай.

– Жуырда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өзінің жұмысты 12 мың теңгелік жалақыдан бастағанын еске алып, шетелде оқып келген жастарға елде 50 мың теңгелік еңбекақыға дайын болуы керектігін ескертті. Бұны қалай түсіндірер едіңіз?

– Классикалық ақыл айту. Нұр-Сұлтандық шенеуніктердің жастарға «Жалақы маңызды емес, жалқауланбай, Қазақстанды дамыған елдермен салыстыра бермей еңбек етіңдер!» деген дәстүрлі ақыл айтуы. Өз басым шетелдік университетті бітіріп келіп, 50 мың теңгеге жұмыс істеуге дайын немесе жұмыс істеп жүрген адамды кездестірмедім. Бірақ бұл ондай адамдар жоқ деген сөз емес. Менің көз алдыма қолында шетелдік университеттен алған дипломы бар, өз еңбегін 50 мың теңгеге бағалайтын адамның бір ғана портреті келіп отыр. Шартты түрде айтсақ, ол 21-23 жас аралығындағы Астанадағы ықпалды «Бәкенің» көмекшісі немесе кеңесшісі болып резюме үшін уақытша жұмыс істеп жүрген, ешқашан қарны ашып көрмеген, Лондонды өте жақсы білетін, лауазымды шенеуніктің немесе ұлттық компаниялардың біріндегі топ-менеджердің «теплицада» өскен ұлы немесе қызы.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір