• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
06 Желтоқсан, 08:58:39
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

11 Қазан, 2019 Барлық аймақтар

Қазақстандағы дінаралық татулықтың қайнар көзі қайда жатыр?

Дін –өміріміздің рухани азығы, дінсіз қоғам, мемлекет жоқ

Дін –өміріміздің рухани азығы, дінсіз қоғам, мемлекет жоқ. Оны жоққа шығара алмаймыз.

Жалпы дін өте нәзік нәрсе. Әлемде дінаралық соғыстар болған. Тарих оны жоққа шығара алмайды. Сондықтан да бұл мәселеге біз шетін қарамауымыз керек. Бұл орайда Қазақстанда дінаралық татулық пен бірлік бар. Елімізде тұратын барлық халыққа еркіндік берілген. Кім қай дінді ұстанса да, еркі өзінде. Бірақ заң шеңберінен асып кетпеуі қажет. Соқыр сенімге бой алдырмауы керек.

Расында дін имандылықты уағыздайды, адам баласын бір-біріне құрметпен қарауға үйретіп, ізгілікке тәрбиелейді. Елдегі дінаралық татулық қайдан келді, оның негізі қайда жатыр? Бұл сауалға жауап берер болсақ, ол ең алдымен мемлекет жүргізген салмақты, сарабдал саясатта жатыр. Қазіргі Қазақстанның саясаты Елбасы негізін қалаған дінаралық татулықта екенін ұмытпауымыз қажет. Ақиқатын айту керек, 100 –ден астам ұлт пен ұлыстар тұратын, өзге де дінді ұстанатын  диаспоралар мекен еткен Қазақстанда бұл мәселе ешқашан проблемаға айналған емес.Мұның қайнар көзі қайда жатыр? Бұл сауалға жауап беру қиын емес. Оның негізі Елбасы іргетасын қалаған Қазақстандағы дінаралық татулық пен ұларалық ынтымақ, бірлікте жатыр.

Жалпы бұған дейінгі қабылданған заңдарға назар аударар болсақ, бәрі де татулықты ту еткенін, оны бағдар еткенін аңғаруға болады. 2010 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасының өзінде де конфессияаралық татулық пен келісім туралы атап көрсетілген. Бұл бағдарлы құжатта тіпті атеистік көзқарасты ұстанатын азаматтардың құқығын құрметтеу керектігі де айтылған. Енді құқықтық саясат тұжырымдамасына жазылған тараудың бір бабын мысалға келтірейік.

«Қазақстан зайырлы мемлекет болып табылады, онда конфессияаралық татулық пен келісім салтанат құруда, дінге сенушілермен қатар атеистік көзқарасты ұстанатын азаматтардың да құқығы құрметтеледі. Мемлекет діни қызмет саласына араласпайды, алайда конфессиялармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуі және азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын қорғауы тиіс, ол үшін осы салада тиімді мемлекеттік саясат қалыптасуы тиіс».

Міне ұлтаралық бірлік пен діни мүдделердің татулық келісімінің көрінісі. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, дінге бетбұрыс біржола өзгерді. Имандылыққа ұйыған жастар көбейді. Бірақ мемлекет жастар жат ағымға еріп кетпеу үшін бәрін де бақылап, реттеп отыр.

Дін дүниенің діңгегі екені рас. Олай болса, еліміздегі көп дін мен ұлттың басын қосқан мемлекеттің ынтымаққа үндеген мызғымас саясатын әрқашан қолдаумыз керек. Конфессиялар арасында түсіністік пен сенім бар жерде олардың арасында ешқашан алауыздық болмайды. Біз осыған қуануымыз керек, осыған шүкіршілік етуіміз қажет.

Дінаралық алауыздықтан әлемнің әр түкпірінде соғыс болып жатыр. Жазықсыз қан төгіліп, мыңдаған бала ата-анасынан, бауырынан, іні -қарындасынан айрылуда. Мұның барлығы да дінаралық алауыздықтан екені сөзсіз. Ал қашаннан әлемнің диалог алаңына айналған Қазақстанның елордасы мұны айқын түсініп отыр. Елбасы Назарбаевтың бастамасының арқасында үш жыл сайын әлемдік діннің көшбасшыларының басын қосқан жиын өтеді. Алғаш рет мұндай жиын 2003 жылы Астанада өтті. Содан бері жиын тұрақты түрде өтіп келеді. Әлемдік діннің лидерлері алты рет Нұр-Сұлтан қаласына жиналды. Алты рет съезд өтті. Мұндағы мақсат не? Дін арқылы адамдардың жүрегіне имандылық ұялату, дін ұлтаралық татулық пен келісім бола алатынына әлем  жұртшылығының көзін жеткізу.

Халықаралық қоғамдастықта татулық пен келісімнің алаңына айналған Қазақстан қазір шынында өзгелерге үлгі десек, артық айтқандық емес. Өйткені бізде бірлік пен ынтымақ бар. Барлық дін өкілдері ынтымақта өмір сүріп келеді. Дерекке жүгінер болсақ, біздің елімізде қазіргі уақытта 3658-ге жуық діни бірлестік бар екен. Ел халқының басым бөлігі де мұсылман дінін ұстанады. Бір діннің басымдығын көрсетіп, екіншісіне еш қысым жасалынып жатқан жоқ. Мемлекеттің саясаты бұған жат. Әрине, табиғи шикізат пен пайдалы қазбаларға бай елміз. Бірақ одан да артық басты байлығымыз бар. Ол – дінаралық татулық, ұлтаралық бірлік. Бұл мемлекеттің ашық ұстанған саясаты. Жыл өткен сайын нығайып келе жатқан осы татулық біздің ырыс-бағымыз. Тек осыны енді баянды етуіміз керек.  

Ата Заңымыз Конституциямызда да ««Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдык татулық пен саяси тұрақтылық», - деп нақты жазылған. Ендеше әлімсақтан бейбітсүйгіш саясатты бағдар еткен қазақ халқы бүгінде де мемлекет жүргізіп отырған саясаттың арқасында татулықтың ордасына айналып келеді. Бүгінгі ауызбірлік неден? Бұл ең алдымен  Елбасының сарабдал сяасатының арқасында негізі қаланғанын айиа кету керек.  Бұл шынайы нақты факт. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Мемлекет немесе елдің басшысы қандай саясат жүргізсе, халық та соны қолдайды, бағалайды, бас иеді. Татулық пен бірлік, ынтымақтың  адам өмірі мен қоғамда қандай орны барын жан жүрегімен, ақыл-ой, парасатымен түсінеді, сезіне біледі.

Елбасы Назарбаевтың бір жолдауында  былай деп айтқаны бар: «Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этносаралық, конфессияаралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз». Расында да солай.

Әлемдік бейбітшілік бастамаларымен белгілі Назарбаевтың еңбегін біз бағалауымыз керек. Бұл уақыт өте келе тіпті айқындала түсетін дәлелдеуді қажет етпейтін нақты шынайы факт.

Дін адамның жүрегіне ізгілікті себеді. Дін –діңгек өзгермеуі мүмкін. Бірақ әр елдің заңы өзгеріп, толықтырылып отырады. Барлық мемлекетте де солай. Сонау тәуелсіздік алған 1990 жылдардың басында қабылданған «Дін туралы» заң» уақыт өте келе Қазақстанда 2011 жылы қайтадан өзгеріске ұшырады. Елбасы қол қойған бұл заң  «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң деп аталды. 2017 жылы оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Біз қазіргі уақытта осы заңның аясында өмір сүріп келеміз.

Қазақстан азаматын еркінен тыс мәжбүрлеп, басқа дінге кіргізу орын алған емес. Бұл болмайтын әрекет, болмайды да. Тек жат ағымның жетегіне білместікпен кіріп кетіп, опық жегендер баршылық. Бірақ мемлекет оларды ешқашан жарты жолда қалдырмайды. Қазір Сириядан әкелінген жас балалар мен аналармен мемлекеттің үгіт – насихат тобы толық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазақта мақал бар: «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген.

Дін – өмір сүрудің озық үлгісі екендігі де рас. Сондықтан оны имандылыққа ынтымақ пен ізгілікке ғана пайдаланған абзал. Қазақстан мемлекеттік саясатын дінаралық татулық пен ынтымаққа негіздеп құрып отырған кезде біз осы саясатты ел, халық болып қолдауымыз қажет.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір