• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 22:45:55
Алматы
+35°

18 Қазан, 2019 Барлық аймақтар

1 миллион ағаш немесе жаңа Экологиялық кодекстен не күтеміз?

Экологиялық тұрғыдан қатал заң қажет, тұрақты бақылау керек.

Қазір жер-жерде, атап айтқанда республиканың түкпір-түкпірінде ағаш отырғызу науқаны жалғасып жатыр. Өйткені жасыл желектің пайдасы үлкен. Олар көмір қышқыл газын өзіне сіңіріп, атмосфераға таза ауаны бөліп шығарады. Ал мұның пайдасы өте зор. Экологиялық тепе-теңдік бұзылып, жағдай қиындаған кезде экологиялық заң қажет, бақылау керек.

Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев осыдан бірер апта бұрын республика бойынша ауқымды акция басталғанын жария етті. Ол өзінің Твиттерінде «Біздің шамалауымызша, күзде Қазақстан бойынша 1 миллион ағаш отырғызылады», деп жазды.  Көшет, ағаш отырғызылатын жерлердің бәрі алдын ала белгіленіп қойылды. Оған студенттерден бастап, депутаттар, Үкімет мүшелеріне дейін қатысты. Бұл керек акция. Ағаштар қырқылып, көшеттер оталып жатқан тұста біз экологияның олқы орнын ағашпен толтыруымыз керек. Бұл қолдауға тұратын шара.

Сонымен қатар, республикамызда тағы бір шара қарқын алғанын айта кетуіміз керек. Ол – полиэтилен пакеттерден бас тарту акциялары. Қазір еріктілерлерден құрылған топ аталған пакеттерден бас тарту акцияларын бастап кетті. Бұл керек. Қазір жер-жерде шашылып жатқан пакеттерден аяқ алып жүргісіз. Әлемнің дамыған елдері қазір осындай полиэтилен пакеттерден бас тарта бастады. Тіпті еліміздің бірқатар ірі сауда орындары мен желілелерінде, атап айтқанда Алматыда  қазір тауар салатын осындай пакеттер 1 желтоқсаннан бастап ақылы болатын болды. Ал олар бұрын тегін таратылып келген. Пакеттер ақылы болғасын, халық та одан да бас тарта бастайды. Мұның барлығы да экологиялық тепе -теңдіктің бұзылмауы үшін жасалынып жатқан шара. Сондықтан біз мұндай акцияларды қолдауымыз керек. Оның үстіне көптеген өркениетті дамыған елдерде полиэтилен пакеттері мен пластик бөтелкелер үйден қоқыс қалдықтарын шығарғанда, бөлек жәшікке тасталады. Бұл да бізде алдағы уақытта жолға қойылады. Осыдан біраз уақыт бұрын еліміздегі ірі  кәсіпкер қауымдастығын біріктіріп отырған «Атамекен» одағы бірқатар экологиялық ұйымдармен осындай пакеттерді тегін беруді тоқтату туралы келісімге келген. Экологиялық сарапшылардың пікіріне қарағанда, мұндай шара толық жүзеге асса, онда осындай пакеттерді пайдалану 30 пайызға азаятын көрінеді. Демек, бұл керек нәрсе. Әлемдік тәжірибеде қолданылып, жемісін беріп отырған шарадан біз де кейін қалмауымыз қажет.

Ал 1 миллион көшеттің отырғызылуы да бекер емес. Ағаштар да «қартаяды». Қурайды. Сондықтан орнына жаңа өскін керек.

Негізі  «жасыл экономика» туралы сөз қозғағанда, біздің көз алдымызға зауыттың мұржасынан будақтаған түтін немесе өндірістік қалдықтар келуі мүмкін. Ал «жасыл экономика» бұл – жасыл табиғат, жасыл желек екенін де ұмытпауымыз керек. Айналаға әр беретін, көркем сұлу табиғатты кейде отап, жаныашымастық білдіріп жатамыз.

Бірақ кейінгі кезде Қазақстан мемлекеті экологияға жаңаша көзқараспен қарай бастады. Бұл дұрыс та, Өйткені әлем соңғы бес-он жылда «жасыл экономикаға» көше бастады. Бұл баламалы энергия көзі, будақтаған өндірістің түтіні мен өндірістік қалдықтардан ада болатын кез жетті. Сондықтан  ең дұрысы, табиғатқа жанашырлықпен қарау. Ол үшін мықты қатаң заң-зөкөн керек. Қазақстан парламенті желтоқсан  айында Экологиялық кодексті қабылдамақ. Осы заң қабылданғаннан кейін экологияға көзқарас біржола өзгереді деген сенімдеміз. Өйткені...

Әлі де өзе су мен көлдерді, қоршаған ортаны ластап жатқан өндіріс орындары баршылық. Оларға енді аяушылық болмайды. Оның үстіне аталған Экологиялық кодексте айыппұл салу мен бақылау жағы қатаңдатылғанын айта кеткен жөн.

Желтоқсан айында мәжілістің талқысына ұсынылатын Экологиялық кодекс қабылданса, мұның жемісі зор болмақ. Заң жобасын талқылау барысында оған депутаттар мен сарапшылар, халық пен экологиялық ұйымның мамандары кеңінен қатысты. Аталған заңда ең назар аударатын нәрсе бар: Ол табиғатқа нұқсан келтірген, экологияны ластаған ірі кәсіпорындарға жаза қатаяды. Жаңа талап бойынша енді бәрін «ластаушы төлейді»  және бүлдірген нәрсенің барлығын да қалпына келтіреді. Егер бұл тәртіп орындалмаса, онда тиісті орындар кәсіпорынның жұмысын тоқтатуға дейін барады. Жаңа заңда ірі өндіріс орындарының экологияны сақтаудағы міндеттемесі жоғары екендігі атап көрсетілген.

Атап айту керек, осы уақытқа дейін қолданыста болып келген заң бойынша егер қоршаған ортаға зиян келтірсе, онда қай бір кәсіпорын болмасын, бәріне бірдей ортақ айыппұл төлейтін. Ол кіші немесе ірі өндіріс орны бола ма, айыппұл ортақ еді. Ал жаңа  Экологиялық кодексте кәсіпорындардың санатына байланысты айыппұл да әртүрлі болмақ. Нақты айтқанда, бірінші санаттағы кәсіпорындардың  айыппұлы  өте жоғары болмақ.

Сонымен қатар, жаңа Экологиялық кодексте халықтың экологиялық қауіпсіздігіне баса назар аударылған. Бұл жобада елімізде «жасыл экономиканы» дамыту, яғни баламалы энергия көзін дамытуға айрықша көңіл бөлінген.  

Әрине, «жасыл экономика» бұл баламалы қуат көзі ғана емес. Ол –ауыз су, су сапасын арттыру, оны тиімді, үнемді пайдалану, қалдықсыз экономиканы қалыптастыру. Өйткені ақиқатын айту керек, өндірістен және тұрмыстан мыңдаған тонна қалдықтар қалады. Ал қалдықтан да өнім шығаруға болады. Экологиялық кодексте мұның барлығы да айқын әрі ашық көрсетілген. Жалпы экология мемлекеттің немесе экологиялық ұйымдар ғана айналысатын шаруа емес. Ол бәрімізге тиесілі нәрсе. Ал ауа таза болса, адамның денсаулығына жақсы.

Сондықтан жаңа жоба, жаңа Экологиялық кодекс экологияны сақтау үшін, «жасыл экономиканы» дамыту үшін, азаматтардың экологиялық қауіпсіздігі үшін керек екенін ұмытпауымыз керек.


 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір