• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 03:25:16
Алматы
+35°

29 Қазан, 2019 Барлық аймақтар

Міндетті медициналық сақтандыру: 2020 жылдан  бастау алады  

Адамның денсаулығы ең алдымен өзіне байланысты екені сөзсіз

 

Келер жылдан, яғни 2020 жылдан бастап,  өмірімізге міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Мұның қандай тиімділігі бар? Осы уақытқа дейін бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет сайттарда бұл туралы талай рет жазылып келді. Алайда бұл жүйенің артықшылығын барын біз  бәрібір білуіміз керек. Бүкіл әлем өтіп жатқан жүйе Қазақстанда  да басталады.

Жалпы осыдан бес жыл бұрын, Елбасы қол қойып жарыққа шыққан «100 нақты қадам Ұлт жоспарында»  міндетті  әлеуметтік  медициналық сақтандырудың енгізілетіні хабарланған. Ұлт жоспарының 80 - қадамында мемлекет, жұмыс беруші мен жеке азаматтың арасында болатын ынтымақтастық туралы атап айтылған. Демек, міндетті  әлеуметтік  медициналық сақтандыру қорына аударылатын ақшаның қызметі қандай болмақ? Бұл ең алдымен денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын күшейтеді.  Қазір осыған байланысты елде жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде.

Әлемдік денсаулық саласының тәжірибесінде қолданылып келе жатқан жүйе арқылы азаматтарға кең ауқымды медициналық қызмет ұсынылады.

Елбасы тапсырмасына орай 2017 жылдан бастап күшіне енген бұл жүйе бойынша жұмыс берушілер қорға ақша төлейді. Бұл әрбір азаматтың кез келген дәрігерге пациент ретінде барып қаралуына мүмкіндік береді. Ал жұмыс істемейтін немесе әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған топтар не істемек? Оған қазынадан мемлекеттің өзі қаржы төлейді. Қазірдің өзінде ондай әлсіз топтардың санаты толықтай жіктеліп, белгіленіп қойылған. Олардың санатында  Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандар, Алтын алқа мен Күміс алқа, сондай-ақ мүгедектер мен тіпті қамауда жатқан азаматтар да бар. Мемлекет әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған топтарға осы қадамы арқылы толыққанды қолдау көрсетіп отыр. Ал жұмыс істейтін азаматтарға жұмыс берушілер ақша төлейді. 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл жүйе осы уақытқа дейін сақтандыру қорына ақша бөліп келді. Енді келер жылдан бастап, өзіңіздің атыңызға аударылған қордағы ақша сізге қызмет ете бастайды. Сіз емхананы өзіңіз таңдайсыз. Тіпті емдеуші дәрігерді де өз қалауыңыз бойынша таңдауыңызға мүмкіндік берілген.

Елбасы «емханалар арасындағы бәсекелестікті нығайту мақсатында жеке меншік емханалардың да мемлекеттік сатып алу жүйесіне қатыстыру керек» деп айтқаны мәлім. Сондықтан жеке меншік емханалар да келер жылдан бастап, қордағы өзіңізге тиесілі қаржы арқылы сізді емдей алады. Мемлекет жеке меншік емханаларды бұл жүйеге бекер қатыстырып отырған жоқ. Өйткені емханалар арасында бәсекелестік күшейеді. Ал мұның халыққа пайдасы өте көп. Неге дейсіз ғой? Өйткені таңдау өз еркіңізде. Әр жылдың қыркүйек айының 15 жұлдызынан бастап, Жаңа жылға дейінгі аралықта сіз келер жылы қай емхананы таңдауыңыз мүмкін? Оны өзіңіз шешесіз. Ол үшін келер жылы қай емхананы таңдайтыныңыз  жөнінде https://egov.kz/  арқылы өтініш жасасыз. Бұл сіз қалаған емхананың тіркеу бөліміне келіп түседі. Қазір денсаулық саласы қағазбастылықтан арылды,  цифрлану жүріп жатыр. Бұрынғыдай сырқатыңыздың тарихы жазылған қалың карточканы арқалап жүрмейсіз. Бұл – заман талабы.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  қорының бір пайдасы осы. Қорға соңғы екі жылдан бастап, аударылып жатқан қаржыға үрейлене күдікпен қараудың еш қажеті жоқ. Ол ақша жоғалмайды. Мұның барлығы да мемлекет тарапынан  кепілдендірілген.

Ал келер жылдан бастап енгізілгелі отырған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тиімділігі неде?

  1. Ақ халатты абзал жандар - дәрігерлердің жауапкершілігі артады.
  2. Жұмыс берушілер жұмыскерлерінің қаржы аударымының орнықты болуына мүдделі болады.
  3. Халықтың дәрігерлерге және мемлекетке және денсаулық сақтау саласына деген сенімі артады.
  4. Мұның барлығы да мемлекеттің болашақ ұрпаққа жасалынып отырған қамқорлығы.
  5. Ал сақтандыру қорына жиналған ақша сырқат адамның өзіне жұмыс істейтін болады.
  6. Мемлекет әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтардың 15 санатына жеңілдік беріп отыр.

Жалпы жеке адамға, халықтың денсаулығын нығайтуға қызмет ететін болғандықтан қордың жұмысы да ашық болады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басқарма төрағасының орынбасары Ермек Пірімбетов те өз пікірін ашық айтты. Оның пікірінше, алдағы жылы қор жұмысының ашықтығын көрсетіп тұру үшін арнайы сайт ашылмақ. Мұнда қанша ақша бар, ол қайда жұмсалады, тіпті сыйақылар мен қордың жұмысы  да ашық көрсетілмек.

Тағы бір айта кетер жайт, осы уақытқа дейін сақтандыру қорына жарнаны жұмыс берушілер аударып келсе, 2020 жылдан бастап бұл жүйе толықтай өзгереді. 2020 жылдың қаңтарынан бастап, сақтандыру қорына аударылатын жарна 1 пайыз көлемінде болады. Ол жұмысшының жалақысынан 1 пайыз көлемінде  ұсталады. Ал  жекелеген кәсіпкерлер 1,5 пайыз көлемінде жарна төлейді.

Әрине, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігі өте зор екендігін халық та тереңірек түсіне бастады. Өйткені оған алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілді. Үгіт-насихат та мемлекет тарапынан зор болды. Сондықтан Қазақстан  2020 жылдың 1 қаңтарынан басталатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне зор дайындықпен келді десек болады.

Әрине, адамның денсаулығы ең алдымен өзіне байланысты екені сөзсіз. Салауатты өмір салтын қалыптастыру әр адамның өмір сүру дағдысына айналуы тиіс. Сонда ғана «денсаулық зор байлық» екенін ұғамыз.  

 

 

 

 

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір