• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 15:20:37
Алматы
+35°

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айқындап берген маңызды міндеттерге сәйкес, Жамбыл облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісі қарқын ала бастады. Аймақта мемлекет қолдауының нәтижесінде өз ісін дөңгелентіп отырған шаруалар аз емес. Солардың қатарында Талас ауданындағы Үшарал ауылдық округі еңбеккерлерінің де тындырымды тірлігі туралы ауыз толтырып айтуға болады.

Жалпы аталған ауылдың төрт түлікті түлетуге ыңғайлы жер екені бесенеден белгілі. Олай дейтініміз, ауыл іргесі 1930 жылы асыл тұқымды қаракөл қойын өсіретін «Талас» кеңшарының орталығы ретінде қаланған. Сол уақыттан бері ата кәсіпке адалдық танытып келе жатқан бүгінгі халық мал шаруашылығынан айныған емес. Бұл орайда, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасының екінші бағыты бойынша ауылдық окургте 170 адам ниет танытып отыр екен. Аталған бағыт аясында мал өсіруге және бордақылауға мүмкіндіктер қарастырылған. Дегенмен үшаралдықтардың барлығы төрт түлікті өсіруге бет бұрып отырған көрінеді. Негізінен жобадағы көрсетілген ережелер бойынша бір қолға 5 сиыр, 10 жылқы, 15 бұқашық қана алуға болады. Қазіргі таңда ниет білдіруші 170 азаматтың құжаттары «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жіберіліпті. Алдағы уақытта корпорация тарапынан қаржы бөлінетін болса, тұрғындар қорасындағы түлік санып арттырып, төскейді малға толтырмақ. Ол үшін ауылда жайылым жер де жетеді екен.

– Расында, егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамыту үшін де суармалы жер қажет екені белгілі. Шындығын айтар болсақ, бізде су тапшылығы сезілетіндіктен жобаның үшінші бағыты бойынша ауыл сыртындығы жерлерді пайдалана алмаймыз. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында біз осы аудандағы Қаратау ауылдық округіне қарасты Қаратау жотасынан 500 гектар тәлімді жерді сондағы шаруа қожалықтарымен келісіп, алдық. Ол жерге алдағы көктемде арпа егу жоспарымызда. Айта кетерлігі, ол суарылмайтын жер. Осылайша, ауылды арзандатылған жемшөппен қамтамасыз етілмек. Дегенмен 500 гектар жерден алынатын жемшөп арқылы ауылдық округті толықтай қамту мүмкін емес. Келер жылы бір рет өнім алатын болсақ, одан кейінгі жоспарымызда – егін егілетін жердің көлемін ұлғайту. Айта кетерлігі, аталған ауылда суармалы жер жоқ емес, бар. Бірақ лотоктары қирап, магистральді каналдары істен шыққан. Оны ретке келтірген күннің өзінде Таластың жоғары сағасынан мардымды су келе қоймайды, – дейді Талас аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубай.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір