• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 12:33:43
Алматы
+35°

22 Қазан, 2019 Барлық аймақтар

Дау-жанжалды реттеуде татуласу орталықтарының қандай пайдасы бар?

Араздықтан гөрі адамдарды татуластыру негізгі мазмұнға айналуы тиіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановты қабылдады. Мақсат – біреу. Азаматтардан түскен шағымдарды қарау, нақты айтқанда әділетті қарау. Сонымен қатар, халықтың сотқа деген сенімін арттыру. Бұл қашан да күн тәртібінде тұрған мәселе, Президент мұны Жоғарғы сот төрағасымен болған болған әңгімеде ашық айтты.  Тоқаев Жоғарғы сот төрағасына сапалы судьялар корпусын жасақтау және олардың жүктемесін азайту және сотта мәселені әділ қарау секілді бірқатар тапсырмалар берді.

Жалпы халықтың әділдік іздеп, сотқа жүгіне бермесі үшін не істелінуі керек? Бұл салада бүгінгі таңда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Сот төрелігінің 7 түйіні» атты бағдарлама қабылданғаны белгілі. Дәл осы бағдарламада «Сотсыз татуласу орталығы» деген бар. Бұл  мәселе бүгінде көкейкесті болып тұр. Халық үшін. Өйткені әділдік іздеген адам алдымен қайда барады, сотқа талап арызын тастайды. Бірақ онсыз да жүктемесі көп судьялар үшін адамдардың немесе екі тараптың татуласқаны керек. Шетелдерде осы мәселе жедел шешіледі. Араздасқан адамдар мен келісімге келе алмағандардың мәселесін  сотқа дейінгі татуласу орталықтары шешеді. Мұндай орталықтарда психологтар, заңгерлер, конфликтолог секілді арнайы мамандар жұмыс істейді.

Президент Тоқаевтың айтып отырғаны бекер емес. Қазір Президент тапсырмасына  орай барлық жерле татуласу орталықтары құрылып жатыр. Ал мұның қаншалықты пайдасы бар?

  1. Бұл араздасқан немесе әділдік іздеген екі жаққа тиімді.

  2. Осындай орталықтар арқылы дау-жанжалды реттеу мәдениетіміз қалыптасады.

  3. Ағайын арасындағы араздық сотта жалғасса, бауырластыққа сызат түседі. Сондықтан мұндай орталықтың тиімділігі зор.

  4. Татуласу орталықтары «дау-жанжал сотта ғана ғана шешіледі» деген кеңестік кезеңнен қалған қасаң көзқарасты құрдымға жібереді.

  5. Егер түйінді мәселелер татуласу орталықтары арқылы реттелсе, іс сотқа бармай-ақ жедел шешіледі.

  6. Мұның тағы бір тиімділігі талап -арыз үшін баж салығын төлеп, заңгер жалдаудан құтыласыз, шығын өте аз кетеді.

  7. Қарсы тараппен, егер ол сіздің кәсіптегі әріптесіңіз болса, жұмысыңызды одан ары жалғастырасыз.

  8. Ал ағайыныңыз болса, онда көңіліңізде дық қалмай, бауырластық, туысқандық сезім одан ары жалғасады.

  9. Қалай айтқанда іс сотқа түссе,  эмоцияға беріліп, артық сөз айтып қоюыңыз мүмкін. Сол үшін орталықтың мамандарына жүгінудің пайдасы зор.

  10. Сондықтан да қол алысып, татуласу орталығында әріптесіңізбен немесе туысыңызбен мәмілеге келгеніңіз абзал. Ең дұрыс амал осы.

Жалпы татуласу бұрыннан ата-бабамыздан қалған ұлттық құндылық. Сондықтан байырғы құндылық бүгінгі күнге орайластырылып, іс келісімді жағдайда жүзеге асып жатса, бұл ең алдымен екі тарапқа абырой, қуаныш екендігі сөзсіз.

Бұл нені білдіреді? Ең алдымен сот жүйесі саласының  ашықтығын, мөлдірлігін және шынайылығын көрсетеді. Нақты айтсақ, 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында «сот жүйесінің ашықтығы мен айқындылығы деңгейін арттыру қажет» деп атап көрсетілген. Демек, бұл халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру. Президент Тоқаевтың да Жоғарғы сот төрағасын қабылдауы бекер емес. Өйткені әділдік іздегеннің бәрі де сотқа жүгіне берсе, біріншіден судьяға да оңайға соқпайды. Екіншіден, араздықтан гөрі адамдарды татуластыру негізгі мазмұнға айналуы тиіс. Заңды ізгілендіріп, адамдар арасында  жылы қатынасты арттыру да мемлекеттің маңызды саясатының бірі. Араздасқанның бәрін соттау міндет емес. Сондықтан да Президент тапсырма бергендей, қоғамды ізгілендіру басты мақсатқа айнала бастады.

Қазір барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларда татуласу орталықтары құрылған, тіпті халық көп қоныстанған шаһарларда татуласу кабинеттері де жұмыс істейді.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметінен берген деректерге назар аударсақ, бүгінгі күнде республика бойынша 50-ге жуық татуласу орталығы мен 1000-нан астам татуластыру кабинеттері жұмыс істеп тұр. Сауалнама нәтижесі азаматтардың 90 пайызының осы жобаны, атап айтқанда, «Татуласу: сотқа дейін және сотта» жобасының дұрыс нәтиже беріп жатқанын айтқан. Демек, бұдан шығатын қорытынды не?

Қазақта «ауру –астан, дау-қарындастан» деген аталы сөз бар. Бірақ қазіргі дау-жанжал мен араздықтың жөні бөлек. Ағайын арасында жылжымайтын мүлікке таластың өзі көбейіп барады. Бір-бірін сотқа сүйрей берсе, туыстықтан не қадір-қасиет қалады?! Қазақ аталы сөзге тоқтаған. Президент Тоқаевтың да татуласу орталықтарының жұмысын жандандыру керектігін айтып отырғанының сыры осы. Мұның пайдасы үлкен. Өйткені...

Татуласу орталықтары араздасқан  адамдарды мәмілеге келтіріп қана қоймай, олардың қарым-қатынас мәдениетін қалпына келтіреді. Жалпы кейінгі кезде адамдар да бірден сотқа бармай, мәселені алдын ала шешуге болатынын түсіне бастағандай. Олар алдымен татуласу орталығына барады. Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі берген деректерге сенсек, қазірдің өзінде азаматтардың 55 пайызға жуығы  медиаторлардың еңбегінен кейін бір-біріне ренішінің жоғын айтқан. Олар татуласу орталығы мамандарының жанкеші еңбегінен кейін ымыраға келіп,  татуласқан көрінеді.

Демек татуласу орталығы керек, оның орасан зор тиімділігі бар. Өйткені екі тарап қол алысады. Одан кейін бұл мәселе қайтадан қозғалмайды, күн тәртібіне шықпайды. Заң тілімен сөйлесек, мұндай татуласу орталықтары арқылы мәмілеге келген адамдарда ешқашан кінәлі жақ болмайды. Мұның ең үлкен пайдасы да осы.

Еркін Қалдан, сарапшы

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір