• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 21:36:54
Алматы
+35°

Қазір қоғамда «жәрдемақы төлеу бюджетке салмақ болып отыр екен. Бара-бара әлеуметтік жәрдемақы төленбеуі де мүмкін екен» деген пікірлер қаулап тұр. Ал мұндай пікірлер біздегі әлеуметтік аз қамтылған топты алаңдататыны даусыз. Себебі әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың басым бөлігі осы мемлекеттен бөлінетін жәрдемақыға ғана сеніп, үміт артып отыр. «Ал бұл жағдай күні ертең мемлекеттік бюджеттің өзіне айтарлықтай салмақ салуы да бек мүмкін», – деді мамандар.

Бұған қатысты әлеуметтанушы Меруерт Молдабаева:

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қатысты сұрақ туындайды. Елде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатындардың саны жыл сайын артып отыр. Осы уақытқа дейін үкімет елде жұмыссыздықтың көрсеткішін төмендету үшін және әлеуметтік аз қамтылған топтың көлемін азайту үшін қаншама бағдарламаларды қолға алды?! Ол бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Ал бұл арада елімізде жағдайы төмен отбасылардың көрсеткіші төмендеудің орнына жыл сайын артып отыр. Сондықтан алдағы уақытта бізге жаңаша бағыттарды ұстанған жөн», – дейді.

Маманның пайымынша, нақ қазір халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу керек. Жұмысқа жарамды азаматтарға отбасын асырай алатын деңгейде жалақы төленуі тиіс. Табысы төмен отбасылар белгілі бір бизнеспен айналысып кетуі үшін шағын несие берудің тиімді жүйесі қалыптасуы қажет.

Бұған қатысты экономист-сарапшы Дәурен Арынның айтуынша, біз 2003 жылдан бері «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне арналған жәрдемақыны бірнеше мәрте ұлғайттық. Бірақ бұдан экономика да айтарлықтай  алға жылжыған жоқ. Халықтың жағдайы да аса түзелген жоқ.

«Мысалы, 2018 жылдан бастап елде халыққа төленетін атаулы әлеуметтік көмек мөлшері 16 мың теңгені құрады. 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап көп балалы аз қамтылған отбасыларға әрбір адам басына 21 мың теңгеден жәрдемақы төлене бастады. Қазір ауылды-аймақтарда халықтың  80 пайызы осы жәрдемақымен күнелтіп отыр. Қазақстанда жұмысқа жарамды 8 млн адам бар болса, оның  800 мыңы мемлекет тарапынан бөлінетін түрлі жәрдемақымен күнелтіп отыр екен. Болашақта бұл бізді алаңдатуы тиіс дүние. Күні ертең мұндай салмақты ел бюджеті көтере алмай қалуы мүмкін. Сондықтан Мәжіліс депутаты айтып отырғандай, бізге жаңа бағытты ұстанған дұрыс», – еді экономист-сарапшы Дәурен Арын.

Ауылдық жерлерде жұмыс орындарының аздығы, жұмыспен қамту жайының әлі де шешілмей отырғандығы рас. Қол-аяғы балғадай қарулы жігіттердің өзіне ауылда жұмыс жоқ. Мұндайда не істеу керек?

Бұған қатысты біз тілдескен мамандар «жұмыспен қамтып адам капиталының күшін арттырған абзал. Бізде жұмыспен қамту, өңірлерді дамыту бағдарламасымен қоса индустриалды-иновациялық біршама бағдарламалар бар еді. Осы бағдарламалар сауатты жұмыс істегенде ауыл халқын жұмыспен қамту, өндіріс орындарын ашу жайттары тиянақты шешілер еді. Сондықтан болашақта осы мәселелерді ескеруі керек. Халықты жұмыспен қамту, шалғай ауылдарды дамыту мәселелері шешімін табуы керек» деді.

Сала мамандарының пайымынша, болашақта мынадай жайттарға баса назар аударған жөн:

А) Бірінші жәрдемақыны жыл сайын үш рет өсіргеннен гөрі, «Жұмыспен қамту» бағдарламасы, «Өңірлік даму» бағдарламаларының жұмысы жандануы керек.

Ә) Бұқара мемлекеттік қолдауды нақты сезінуі үшін халықтың шағын және орта кәсіппен айналысуына жағдай жасалуы тиіс. Бұл да болса халықтың өз жағдайын өзі жасауына мүмкіндік беретін жоба.

Б) Ауылға тартылатын инвестиция көлемі артуы керек. Себебі қазірде ауылды-аймақтарда тек қана жәрдемақыға күнелтіп отырғандардың саны артып келеді. Ауылға жекелеген инвесторлар инвестиция салып, жұмыс орындарын ашуға күш салса, ауыл азаматтарын жұмыспен қамту мәселесі де жеңілдеп, олардың отбасына табыс көзі кірер еді де, «екі қолға бір күрек ұстаған шаруа» мемлекетке масыл болмас еді.

В) Ауылды-аймақтарда мал өсіруге қолайлы жағдай жасалуы керек. Қолында малы бар шаруаны да жеңілдіктермен қамтып, мал басының көбеюуіне ықпал ету керек.

Бұған қатысты сала мамандары да «алдымен осы айтылған жайттар ескерілсе, біртіндеп мәселелер де азаяр еді. Сондықтан инстанциялардың айтылған ұсыныстарға мән бергені жөн» деп отыр.

Қарлығаш Зарықханқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір