• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 18:37:21
Алматы
+35°

Біздің Кереку өңірінде күні бүгінге дейін патшалық-кеңестік дәуірді көксеп жүрген жерлестеріміздің бар екені рас. Ондай топтар тарапынан патшалық Ресейдің басқыншылық жорықтарын дәріптеу, жеріміздің біртұтастығына және тарихи-құқықтық негізділігіне күман келтіру, күнтізбемізге енгізілген, тіпті енгізілмеген кеңестік мерекелерді кеңес кезеңіндегідей құрметтеу немесе сағыныш сезімімен еске түсіру сияқты әрекеттері байқалып-ақ тұрады.

Мәселен, 1990 жылы патшашыл-кеңесшіл топ Павлодар қаласының негізі 1720 жылы әскери бекініс ретінде салынғанына 270 жыл толуын салтанатпен тойлау мақсатын жүзеге асыруды көкседі. Абырой болғанда, Керекудің зиялылары мен қоғам белсенділері бұларға: «Қазақ жерін патша әскерлерінің жаулап алып, бекініс салуын неліктен тойлауымыз керек?!» деген қарсы уәж айтып, наразылық білдірді.

Бұл кезде кеңестік-партиялық органдардың әлеуеті жүріп тұрғанымен, жергілікті билік тарапынан әділ шешім шығарылып, тек «Қала күні» аталып өтілді. Сонда да патшашыл-кеңесшіл топтар осы әрекетін әрбір 5 жыл сайын қайталап тұрудан танбады. Бірақ әскери бекіністің 275, 280, 285, 290, 295 жылдығын тойлау жөніндегі ұсыныстары да қабылданған жоқ.

Тәуелсіз орыстілді басылымдар редакциясы бұған жауап ретінде «Павлодар облысының аумағы қазақтардың тарихи мекені емес, Кеңес үкіметі тұсында Қырғыз (Қазақ. А.Қ.) автономиялық республикасының құрамына қосылып кеткен ежелгі орыс жерлері» деген пайымдауларын жариялап, қоғамдық пікір қалыптастыруды көздеді.

«Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігінің басшысы, журналист Александр Вервекин болса, бұл мәселеге басқа қырынан келді. Патша әскерлерінің жорық жолдарын зерттеген ол 2016 жылы «Ертіс және оның бекіністері» атты деректі фильм түсірді. Сондай-ақ Ертістің Кереку өңірінде 1716 жылы Ямышев бекінісін тұрғызған жасақ басшысының «ерлігін» жұртшылыққа дәріптеу мақсатында Ресейдің Омбы қаласынан «Бухгольц жолдарымен» атты экспедицияны облыс аумағына шақырды...

«Достық үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 2018 жылы өткізілген «Қарттар күні» шарасында аға буынның жас кезінде БЛКЖО мүшесі болғаны және бұл ұйымның құрылғанына 100 жыл толғаны мақтаныш сезімімен айтылып, «Комсомольцы, добровольцы» әні шырқалды!..

Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұжымы қолдарына қызыл жалаушалар ұстап тұрып челлендж өткізді!.. Сондай-ақ өткен жылы 7 мамырда Естай атындағы мәдениет сарайында ұйымдастырылған мерекелік бағдарламада соғыс жылдарындағы майдан әндері, патриоттық әндер, тіпті Ауған соғысының интернационалист жауынгерлері туралы әндер де шырқалды. Бірақ сол 7 мамыр Отан қорғаушылар күні екеніне қарамастан, Қазақстан Қарулы күштері жайында бірде-бір ән шырқалған жоқ!

Ал жыл сайын 9 мамырдағы Жеңіс мерекесі күні Кеңес үкіметі кезеңіне қайта оралғандай күй кешесіз! Павлодар қаласы неміс фашист әскерлерінің шабуылынан ерлікпен қорғанған Мәскеу, Курск, Сталинград сияқты қаһарман қалалардың санатына жатпаса да, сондағыға ұқсатып парад, театрланған көріністер ұйымдастырылады және Ресей идеологтарының кейінгі жылдары ойлап тапқан жобасы «Мәңгілік полк» шеруі де өткізіледі.

а

а

Көңілге ең ауыр тиетіні, бұл шараларда соғыс культының дәріптелуі, ҚР Президентінің қаулысымен бекітілген қазақстандық көк түсті Жеңіс таспасын кеудесіне тағушылардың аздығы, керісінше алабажақ григорий ленталарын омырауына қадап, қызыл туды бастарынан асыра көтерушілердің көптігі! Бұл рәміздердің Украинаның Қырым, Донецск, Луганск өңірлерінде сепаратизмнің белгісіне айналғанын біреулер білмейтін шығар, бірақ шенеуніктер де білмейді емес, біледі...

Біздің ойымызша, өз еркімен ядролық қаруларды сынаудан бас тартып, атом полигонын жапқан бейбітшіл ел Қазақстанда Жеңіс күні мерекесі басқа форматта өткізілуі керек. Еуроазия мен Америкадағы мемлекеттер дәл сол мейрамды Ресейдегіден басқаша, өзіндік өрнекпен атап өтеді  ғой.

Жүз миллиондаған жетімдер мен жесірлерге, жалғызілікті жандар мен мүгедектерге қайғы-қасірет тарттырған, 50-55 миллион адамның өмірін жалмаған ІІ дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні мерекесін қоғамдық орындарда ысқырып би билеп, шаттана ән салып тойлау дұрыс па?.. «Зұлымдық империясы» атанған Кеңес одағының мұрагері Ресейдің үлгісін неге біздер пайдалануымыз керек? Өз елімізде мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндердің сценарийлерін мемлекеттік, ұлттық идеологиялармен үйлестіріп ұйымдастыруға заңдық, морольдық тұрғыдан толық құқымыз бар емес пе?  

...Сонымен, 2020 жылы Ертістің Кереку өңірін жаулаған патша жасақтарының әу баста Павлодар қаласының орнына әскери бекінісі салынғанына 300 жыл, ІІ дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толады.

Межелі мерзімге жақындап келеміз, көңіліміз күпті, жүрегіміз қобалжулы. «Ақ ордадағы ұлықтар мен Керекудегі әкім-қаралар ертеңгі сын сағатта қайтер екен?» – деген бір ой санамызда сумаңдап тұр...

Арман ҚАНИ,

Павлодар қаласы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір