• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:55:22
Алматы
+35°

Ақтауда жорық жыршысы Қалнияз жырау Шопықұлының «Ер Қармыс» дастанының негізінде түсірілген кино-жырдың тұсаукесері өтті. Туындының режиссері - Нартай Сауданбекұлы. Бас кейіпкер - жетпіс бес жастағы Ер Қармыстың рөлін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров шебер ойнап шыққан.

Күтпеген жерден шапқан жау, азаматтардың қапыда қыршыннан қиылуы, мал-жанның талан-таражға түсуі. Бұл хабарды естіген бойда Ер Қармыс батыр жауға тойтарыс беруге бет алады. Ер Төлепке хабарлап, ол келгенше жауды қуып жетіп жалғыз өзі қарсы тұрады. Кино-жырдың желісі осылай өрбиді. Елін қорғаған батыр бейнесі қайсарлық, қаһармандық, мәрттікпен жеткізілген.

-Қалай мен ойладым солай шыққан. Өте ризамын. Халықтың қабылдауы ерекше. Өзімнің ойымнан шықты. Жыр біздің ұлттық жадымыз. Ғасырдан-ғасырға ұлт болып қалу үшін осы жырды өзегімізді мықты ұстауымыз керек, дейді сценарист-драматург Жәнібек Әлікен.

Кино-жырдың тұсаукесері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы аясында өтуі бекер емес. Себебі, абыздың өзі «Дуадақ қонған боз төбе» атты тарихи танымдық еңбегінде «Ер Қармысты», «Балуанияз батыр», «Тоғыз ауыл» дастандарымен байланыстырып жазып кеткен. Жаңа фильмнің ерекшелігі - аталмыш дастанның желісі бұзылмай, оқиғалар жырдың негізінде өрбіп отырады.

-Әбіш ағамыз енді Маңғыстаудың бүкіл ұңғыл-шұңғылын, батыр-бағыландарын, жалып салт-дәстүрлерін өзінің шығармаларында айтып мақтан тұтып өткен. Әбіш ағаның шығармалары ішінде де осы Ер қармыс жайлы бар. Әбіш ағаның 80 жылдық мерейтойында біз осы фильмді көзайым қылып алып келіп жатырмыз. Халықтың қабылдауы ерекше сияқты. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Жырау айтып отырғанда экранда оқиғаның өрбіп отыратыны болмаған. Бұл қазаққа тән, қазақтың санасына тән нәрсе деп ойлаймын, дейді ҚР халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Тұңғышбай Жаманқұлов.

Ерекше толқыған көрерменнің көбі көзіне еріксіз жас үйірді. Бейнеклип немесе қысқаметражды фильм деуге мазмұны мен ауқымы сыймайтын туындыны көргендер бір ауыздан кино-дастан деп бағалады.

- Қазақ батырларының елді, адамдарын, байлықтарын қалай қорғанын осы фильмнен-ақ нәтиже шығаруға болады. Себебі, 75 жас деген оңай жас емес. Бұл үлкен жас. Оның бер жағында тұрған күші кеудесіне сыймай тұрған жастардың өзі ондайға бармайды. Сол кездегі үлкен адамдар елін, халқын қалай қорғаған, қалай сыйлаған, жастарды да өзіне қаратып тәрбиелеген, дейді «Балықшы ата» қоғамдық қорының төрағасы, «Тұлпарқұрылыс» ЖШС бас директоры Қылышбай Көшербайұлы.

Көптің көңілінен шыққан кино-жыр алдағы уақыта қалың көрерменге жол тартады. Ақтау

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір