• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:44:45
Алматы
+35°

Былтыр «SK GROUP» үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы Таразда тұңғыш мәрте «Қоғамдық лекция» атты арнайы жобаны қолға алып, ол бойынша облысқа, тіпті республикаға танымал бірнеше зиялы қауым өкілдері мен мәдениет, өнер, әдебиет, спорт, саясат, кәсіпкерлік, өндіріс секілді өзекті салаларда жұртшылыққа кеңінен танымал болған тұлғаларды жастармен кездестіріп, олардың жетістікке жету жолын, өмірде көрген-түйгенін, айтар ақыл-кеңесін еркін-сұхбат түрінде ұйымдастырып келген еді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Биыл міне, жобаның екінші маусымында М.Үркімбаев атындағы «Жастар сарайына» лектор ретінде облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген шақырылып, емен-жарқын әңгіме өрбітті.

–Жоба Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, олардың бәсекеге барынша қабілетті, жан-жақты болуына жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Негізінен бұл жобаны елімізге белгілі журналист Руслан Жолдыбай ағамыз алып келген болатын. Біз де осы жобаны жүзеге асыру арқылы ұлтқа тән игіліктер мен адами құндылықтарды құнттау мақсатында жас ұрпақты елге қызмет ететін азамат ретінде тәрбиелеуді көздедік. Белгілі тұлғалардың жетістігін осылай дәріптей алсақ, ұлт ұрпағы еңбексүйгіш, жаңашыл, іскерлік қабілетке ие болады деген ойдамыз, – дейді еркін сұхбатты жүргізген жоба авторы, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.

«Ел тірегі – еңбек адамы» атты қоғамдық лекция барысында Мейрамбек Мылтықбайұлы өзінің Талас ауданының Түгіскен ауылының тумасы екенін, Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдап, республикалық бірнеше басылымдарда еңбек етіп, өмір бойы еңбектің тәтті нанын журналистикадан тапқанын, бір кездері облыс әкімінің орынбасары, осы қызметке дейінгі 5 жарым жыл облыстық телеарнада басшылық еткенін, жастық шағы мен студенттік жылдарын және отбасы жайын әңгімелеп берді.

Сондай-ақ Мейрамбек Мылтықбайұлы мемлекеттің негізін қалайтындар да, мемлекетті қорғайтын да, мемлекеттің болашағын баянды ететіндер де тек жастар екенін, оқу-білім, еңбек, кісілік келбет, адамдық қасиет ұшпаққа шығаратынын, жастарды мүмкіндігінше кітапқұмар болуға, ұлтық болмыстан ажырап қалмауға, салт-дәстүрге қырын қарамауға, мүмкіндігінше көп тіл білуге, өз тіліңе, өз ұлтыңның болашағына жаны ашитын азамат болып қалыптасуға шақырды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір