• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 00:36:33
Алматы
+35°

Тараз қаласындағы «Достық» үйінде «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйытқы болуымен түрлі ұлт өкілдерінің «гастрономилық дәмдер» фестивалі өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шараға облыстағы барлық этнос өкілдері қатысып, өздерінің ұлттық тағамдарының шығу тарихымен таныстырып, жасалу жолдарын көрсетті. Фестивальді облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. –Мұндай фестиваль бұған дейін республика көлемінде өткізіліп келген болатын. Биыл алғаш рет өзіміздің өңірде ұйымдастыруды жөн санадық. Ұйымдастырудағы басты мақсатымыз елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің достығын нығайту, ұлттық тағам мен салт-дәстүрдің мәдениетін жоғары деңгейге көтеру және насихаттау. Сондықтан шараға белсенді атсалысуға шақырамын. Тек қонақ болып кетпей түрлі ұлттардың аспаздық ерекшелігін саралап, баға беріңіздер. Бұл фестиваль, әсіресе, жастардың өздеріне аса қызықты болып, өзге ұлт өкілдерінің мәдениетіне сый-құрметін арттыра түседі,- деді Маржан Төреқұлқызы.

Шарада жиналған қауымға облыстағы үздік мейрамханалар мен кондитерлік орталықтардың бармағынан бал тамған аспаздары өнерлерін көрсетті. Фестивальдің алғашқы бөлімінде Абай өмір сүрген кезеңдегі тағамдар бойынша шеберлік сыныбы көрсетілді. Бұл бөлімде алғашқы болып көпбалалы ана, аспаз Сымбат Сиқымбаева «Бүрмеқарын», «Жаужүрек» тағамын дайындап, қазылар алқасына ұсынды. Құнарлы да, дәруменге бай «Жаужүрек» асының жасалуына ерекше тоқталды. Оның айтуынша бұл тағамды ертеде аналарымыз әсіресе ұл балаларға жаужүрек, батыл болсын деп жиі дайындап береді екен. Келесі аспаз Майса Алдабаева тау халықтарының «Хачапури», «Хичины» тағамдарын жасап көрсетіп, дайындауда ыждахаттылық пен пысықтықты талап ететін бұл дәмді жасаудағы құпияларымен бөлісті. Лола Әбдіқахарова жеңіл жасалатын суши, көкөністерден жасалатын тіскебасарлар жасаудың қыр-сырымен бөлісті. Александр Богданов түрлі сусындар мен коктейльдерді дайындап көрсетті. Әсіресе Александардың алмамен әрлеп жасаған «шалап» сусыны қазылар алқасының көңілінен шықты. Шараның келесі бөлімінде ұлттық нақыштағы, ұлттық тағамы мен ыдыс-аяғы қойылған бірнеше этномәдени бірлестіктің дастархандары жайылды. Онда сол ұлттардың дәстүрлі мәдениеті, салт-дәстүрлері таныстырылды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір