• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:27:23
Алматы
+35°

2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 25 қазаны аралығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 222,3 млрд теңге жарна түсті. Оның 213,4 млрд теңгесі жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,9 млрд теңгесі – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Бұл туралы Алматы әкімдігінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық ақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

Алматы қаласы жарналар мен аударымдардың көлемі жағынан республика бойынша көш бастап тұр. Жиналған соманың бестен бір бөлігі оңтүстік астаналықтарға тиесілі. Жалпы 2017 жылдың шілдесінен 2019 жылдың 25 қазанына дейінгі аралықта Алматы қаласынан қорға 45,9 млрд теңге жарна аударылды. Оның 43,4 млрд теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлерінің атына жасаған аударылымдар.

Сақтандыру төлемдері тұрақты аударылмағандықтан халықтың 7%-ға жуығы «сақтандырылмаған» болып саналады. Қазір елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған 1,1 млн адам бар. Олардың да сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндігі бар. Нақтырақ айтқанда, ресми жұмыс істемейтін, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде қызмет көрсетпейтін тұлғалар өз бетінше жарна төлей алады. Жарна мөлшері ең төменгі жалақының 5%-ын құрайды. Немесе бірыңғай жиынтық төлем төлеуге болады.

Бірыңғай жиынтық төлем елімізде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Жиынтық төлемнің ішінде өзге де әлеуметтік төлемдерге қоса сақтандыру жарнасы да бар. Ол жалпы соманың 40 пайызын құрайды. БЖТ – республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2525 теңге, ауылдық жерлер үшін – 0,5 АЕК немесе 1263 теңге көлемінде белгіленген. Төлемнің бұл түрін фрилансерлер, сантехниктер, құрылысшылар, такси жүргізушілері т.б. төлей алады.

– Қазіргі таңда қалада статусы анықталмаған 55 мыңнан астам азамат тұрады. Бүгінгі күнге дейін барлығы 5,9 мың адам бірыңғай жиынтық төлем төлеген, – деді Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы жетекшісінің орынбасары Данияр Әлкебайұлы.

Естеріңізге сала кетсек, бірыңғай жиынтық төлемді Egov порталы арқылы онлайн режимде, сондай-ақ кез келген екінші деңгейлі банк пен «Қазпошта» бөлімшелері арқылы төлеуге болады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір