• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 07:04:28
+35°

Шымкентте таэквондодан Азия чемпионаты кезінде жанжал шықты. Жарыс қарсаңында чемпионат өткізетін орын табылмай қалған – деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Екі күн болатын чемпионатқа Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан 400-ге жуық спортшы келген.

ITF таэквондо федерациясының президенті Айдос Аманжоловтың айтуынша, жарысты өткізу үшін  жергілікті университеттің залын жалға алынған. Ал кейін оқу орнының басшылығы келісімнен бас тартыпты.

Одан кейін ұйымдастырушылар спорт мектебімен келісті. Алайда турнир басталар кезде қатысушылардың бәрі далада қалды. Ешкім себебін түсіндірмеген.

ITF таэквондо федерациясының президенті бұл қасақана жасалған әрекет екенін айтып отыр. Ол бұған Шымкент және Түркістан облысы спорт бірлестіктері арасындағы бәсекелестік себеп болғанын алға тартты.

Ал жанжалдан соң чемпионат өткізетін орын табылды. Атап айтқанда, жарыс жеке оқу орнында өткізілді. Алайда, шетелдік қатысушылар мұндай жайттан кейін Шымкентке жарысқа келмейтінін айтып отыр.

Шымкенттің дене шынықтыру және спорт басқармасында ITF таэквондо федерациясы жарысты заңсыз өткізді деп отыр.

"Азия чемпионаты бір жыл бұрын жоспарланатын шара. Республикалық федерация, спорт комитеті, мәдениет және спорт министрлігі бірлесе аккредитациядан өткізеді. Федерация аккредитациядан өтпесе, мәдениет және спорт министрлігі мойындамады деген сөз. Бұл жарыстарда оқыс оқиға болып қалса, кім жауап береді?", – деді басқарма жетекшісі Әлібек Нұртай.

Оқиғадан кейін Қазақстанның таэквондо федерациясы полицияға арыз жазған. Олар өздеріне жергілікті спорт қауымдастықтары қоқан-лоқы көрсетіп жатқанын айтып отыр.

 

 

 

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір