• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
06 Желтоқсан, 09:04:03
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

22 Қазан, 2019 NEWS

"Шекараны кесіп өткен" шыңжаңдық қазақтар қамауға алынды

«Қазақ-қытай шекарасын кесіп өтіп, Қазақстанға келген» Шыңжаң қазақтары Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлы екі айға қамалды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттықтың дерегін негізге алып. 

Бұл туралы 21 қазанда олардың қорғаушысы Ләззат Ахатова хабарлады. Қорғаушының сөзінше, екі жігітке бұлтартпау шарасын белгілейтін сот отырысы дүйсенбі, 21 қазанда өтуі тиіс болған. Алайда бұл сот отырысы аяқ астынан өзгеріп 20 қазанда мемлекеттік қорғаушының қатысуымен өтіп кеткен.

– Соттың жексенбі күні түсте өтіп кеткенін естіп, таңғалдық. Сот төрағасы Нияз Хасеновпен кездесіп, өз уәжімізді жеткіздік. Сотты өткізіп, қаулы қабылдаған да сол кісі екен. Ол кісі бұлтартпау шарасы адам қамауға алынған сағаттан бастап 48 сағат ішінде шешілуі керегін, 18-і күні қамауға алынған Әлімұлы мен Мұсаханұлының уақыты кеше кешкі 18.00-де аяқталып жатқандықтан, мемлекеттік адвокаттың қатысуымен сотты өткізгенін айтты. Бізге, яғни адвокаттарына "ескерттік" деді. Бірақ маған адвокат ретінде ешкім ескерткен жоқ. Сондықтан облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірдім, - деді адвокат Ләззат Ахатова Азаттыққа.

Қорғаушының сөзінше, шекараны кесіп өту аса ауыр қылмыс санатына жатпайтындықтан "екі айға қамау - ауыр жаза".

– Судьяның тергеу аяқталғанға дейін қолхатпен босатуына, үйқамақта болуы туралы қаулы шығаруға да құқығы бар еді, - дейді адвокат. Ләззат Ахатова ертең таңретең қорғауындағы азаматпен кездесетінін айтқан.

Ал Өскемендегі тергеу изоляторының кезекті қызметкері "мекемеге жеткізілген адамдар туралы қандайда бір ақпаратты тек туыстарына және тек мекеме рұқсатымен ғана бере алатынын" жеткізді.

30 жастағы Қастер Мұсаханұлы мен 25 жастағы Мұрагер Әлімұлы Дөрбілжің аймағынан жолға шығып, 1 қазанда Қытай шекарасынан өткендерін айтқан. Өздерінің айтуына қарағанда, қазақ-қытай шекарасы аралығындағы бейтарап аумақта бес күндей жүріп, қазанның 6-сы күні Шығыс Қазақсан облысының Зайсан, Шілікті, Маңырақ ауылдарының тұсынан Қазақстанға өткен. Кейін жолай такси жалдап, 10 қазанда қазанда Алматыға "келген". 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы лагерьде қамауда отырып шыққанын, ал Мұрагер Әлімұлы сол жақта қысым көргенін айтқан. Баспасөз мәслихатынан кейін оларды шекара қызметінің өкілдері алып кетіп, 15 қазанда тергеу амалдары үшін Шығыс Қазақстанға жеткізілген.

ҰҚК Шекара қызметі Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының үстінен Қылмыстық кодекстің 392-бабы 1 бөлігі, яғни "Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өту" бабы бойынша тергей жүріп жатқанын хабарлаған. ҰҚК-нің мәліметінше, Қастер Мұсаханұлы бұған дейін 2006 жылдың 21 маусымында шекараның Қазақстан жағына өтіп кетіп кейін Қытайға қайтарылған. Шекара қызметі сол кезде оның жылқы ұрлап, қылмыстық жауапкершіліктен қашып шекара бұзғанын айтады.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір