• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 15:49:55
Алматы
+35°

Халық даналығында “Бидайдан бір тамғанда, тарыдан екі тамады”, “Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деп тары дақылының маңыздылығын ерекше атап көрсеткен. Сонымен қатар тарыны «жауынгер дақыл» деп те атаған. Жесең тойымды, денсаулыққа ерекше пайдасы көп дақылды Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы шаруалар көптеп егуді әдетке айналдырған.

Аталған ауданда дақылдың бұл түрін Күшаман, Көкжелек, А.Назарбеков ауылдарының диқандары өсірумен айналысады. Бұл ауылдарда негізінен «қызыл тары» деп аталатын түрі өсіріледі.

Тарыны дайындаудың өзі бір басқа болса, оның жинау жұмыстары да оңай емес. Мұны Күшаман ауылындағы «Көркем» шаруа қожалығының тарысына орақ салып жатқанда көрдік.

— Осыдан 2-3 жыл бұрын шаруаға қолайсыз жыл болып, тарыдан ойдағыдай өнім ала алмадық. Себебі ағын су тапшы болды. Қазір жағдай түзелді, ауданға жаңа басшы болып Мәден Мұсаев келгелі, қазылмаған каналдар қазылып, сүдігер көтерліп, шаруашылыққа барлық жағдай жасалды. Биыл суармалы әдіспен 4 гектар жердің 2,5 гектарына жоңышқа, 1,5 гектарына тары ектік. Өсімі жаман емес, міне орақ салып отырмыз. Өнім жақсы шығады деген ойдамыз, – дейді Нұрлан Бұзаубаев.

Сонымен қатар тарының дәнін қырманға түсіріп жатқан Марал Томанов ағамен де тілдестік.

– «Дала жауынгері» аталған тары дақылын қырманға әкеліп, дәнін түсіріп жатырмыз. Биыл шаруашылыққа қолайлы жыл болды, су бар, арықтар, каналдар тазаланған, бәрі жақсы. Менде 4 гектар жерге тары егіп, мол өнім аламын деп отырмын. Келер жылы егістік алқабымды кеңейтсем деген ойым бар, — дейді Марал аға.

Сондай-ақ «Ынтымақ» шаруа қожалығының жетекшісі Мейірбек Шынжарбеков 11 гектар сурамалы жерін тиімді пайдаланып, оған жүгері, жоңышқа, тары, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егіпті. Мұнымен қоймай 4 гектар жерге ауылдағы 3-4 жігітпен бірігіп, тары дақылын өсіріп, мол өнімге кенелгелі отыр.

Аудан бойынша былтыр 3125 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі егілсе, биыл 5074 гектар жерге жаздық арпа, дәндік жүгері, тары, күнбағыс, картоп, көкөніс және бақша дақылдары, көп жылдық жоңышқа егілген. Ал Күшаман ауылының өзінде 129 гектар жерге жүгері, 72 гектар жерге тары егілгені көңілге қуаныш ұялатады.

Бұл дегеніңіз ауылдағы бос жүрген бірнеше адамға жұмыс болғанын да айта кеткен жөн.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір