• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 12:06:52
Алматы
+35°

Соңғы уақытта елімізде ұлттық спорт түрлеріне үлкен мән беріліп жүргеніне көпшілік куә. Осы игіліктен Жамбыл облысы да шет қалмай, бірқатар жобалар қолға алынып келеді.

Мәселен, өткен жылы Қордай ауданында ашылған ұлттық спорт ойындарын дәріптейтін №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бүгінгі таңда бірқатар жұмысты еңсеріп тастаған, мекеменің алға қойған жос-парлары да ауқымды. Оннан астам ұстаз бен жаттықтырушыдан құралған мектеп алты спорт түрінен шәкірт тәрбиелеуде. Атап айтсақ, мұнда балақайлар асық ату, бәйге, көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және жамбы атудың қыр-сырын үйреніп жүр. 2018 жылы алғаш рет асық атудан облыстық чемпионатқа қатысқан мектеп оқушылары жақсы нәтиже көрсеткен. Ұлттық спорттың өзге түрлері бойынша да жеңісті жолдарға түсетін күн алыс емес дейді ондағы ұстаздар. Биыл мектепте оқушылар саны артып, ұлттық спортқа қызығушылық танытқандар саны күн санап көбейіп келеді екен.

Осы тұста, мектеп тәрбиеленушілерінің қысқа аралықта жеткен жетістіктері жайында айта кеткен жөн. Мәселен, 2019 жылдың қаңтарында Т.Рысқұлов ауданында өткен қазақ күресінен облыстық чемпионатқа Жомарт Ұзақбайдың жетекшілігімен 14 жас палуан аттанып, Мейірбек Байзақ бірінші, Ұлан Закир жүлделі үшінші орынды иеленіп қайтты. Ақпан айында Меркі ауданында тоғызқұмалақтан өткен жарысқа 13 оқушы қатысып, оның 10-ы жүлделі орындарға ие болған. Ал, Байзақ ауданында тоғызқұмалақтан өткен облыстық турнирде спорт мектебі балаларының айы оңынан туып, жүлделі орындарды қанжығаға байлап қайтқан. Осы орайда, жаттықтырушы Мәди Шараптың еңбегін ерекше атап өткен жөн.

№3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ат спортына ерекше мән беріледі. Биыл наурыз айында көкпардан аудандық турнир өтіп, оған әр ауылдық округтен келген 12 команда қатысып, нәтижесінде қақпатастық көкпаршылар бас жүлдені жеңіп алған. Ұлыстың ұлы күніне орай көкпар, бәйге, тоғызқұмалақ және асық атудан жарыс ұйымдастырылып, үздіктер бағалы сыйлықтармен марапатталса, 1-мамыр мерекесінде асық атудан аудандық турнирде №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары жеңімпаз атаныпты. Ал, 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне орай Отар ауылында өткен қазақ күресінен жарыста кенендік жас палуан Әкімғали Сұлтанғали чемпион атанды. Сондай-ақ, күні кеше Өтеген ауылында өткен дүбірлі тойда №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйытқы болуымен қазақша күрес, аударыспақ, көкпар және бәйгеден ауқымды жарыстар өтті. Өтеген бабамыздың ұрпақтары қазақи дәстүрмен еліміздің түпкір-түпкірінен келген спортшыларды ынталандыру мақсатында қомақты жүлделер тіккеніне көпшілік куә.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір