• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:09:18
Алматы
+35°

Үндістан Ұлттық Кадет Корпусының делегациясы арнайыс сапарымен Тараз қаласына келді. Алыстан ат арытып келген меймандармен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков кездесті.

Екі ел арасында 2015-жылы қабылданған меморандум аясында келген бір офицер мен он екі кадет, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті қабылдаған үшінші делегация болып саналады.

– Меморандум аясында көп жұмыс атқарылып тұрғанына және нақты нәтижелердің бар екеніне қуаныштымын. Төрт жыл бойы екі оқу орындарына пайдалы түрлі қызықты іс-шаралар өткізіліп келеді. Біздің курсанттар Үндістан Ұлттық Кадет Корпусының жұмысымен танысса, үнді кадеттері біздің университетіміздің жұмысымен танысуға мүмкіндік алды, - деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Сондай-ақ, университет басшысы өткен жылдың басында Үндістанның Джамму және Кашмир қаласында Дулати бабамыздың жерленген жеріне барып келгенін айтып, бұл сапарды екі университетті байланыстыратын достық көпірі ретінде бағалады.

Үндістанның Қазақстандағы елшілігінің әскери атташесі, полковник Милан Винаяк Налаваде де екі елдің достығын нығайтуда М.Х.Дулатидың рөлін атап өтті:

– М.Х.Дулати қоғам қайраткері және ғалым ғана емес, Үндістан императоры тағайындауымен Кашмир әкімі де болған. Сондықтан біздің тарихи байланысымыз ұзаққа созылған. Үндістан елшілігі бұл университетті еліміздің Қазақстандағы кішігірім бөлшегі деп санайды. Осы үшін университет ректоры мен әскери кафедраның басшылығына алғысымыз шексіз,– деді Милан Винаяк.

Делегация басшысы, авиация подполковнигі Джаяндан Кандасами қонақжайлылық үшін рахметін айтып, осындай қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті. «Бұл академиялық байланыс бағдарламасының маңыздылығы өте зор. Осындай кездесулер арқасында Қазақстан мен Үндістанның болашақ басшылары танысып, араласып, достасып, келешекте екі елдің жақсы қарым-қатынаста болуына өз үлесін қосатынына сенімдімін», - деді ол.

Кездесуден кейін Үндістан делегациясы үшін университет кешендері мен мұражайда экскурсия ұйымдастырылды. Түстен кейін қонақтар әскери кафедра корпусында біздің студенттердің әскери-техникалық дайындық деңгейін тамашалады. Келесі күндері шетелдік қонақтар қаланың көрнекті жерлерін аралап, археологиялық қазба жұмыстары орындарымен танысып, «Ақыртас» қалашығын тамашалайды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір