• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 17:15:33
Алматы
+35°

Жамбыл облысындағы іргелі аймақтардың бірі-Қордай ауданы кейінгі жылдары қарыштап дамып келеді. Бұл, әрине, Елбасы Жолдауында айқындалған міндеттердің жемісі екендігі даусыз. Мысалы, өңірде мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде жаңа кәсіпкерлік нысандары ашылып, жұртшылықты жұмыспен қамтуға оң септігін тигізуде.

Бүгінде Сарыбұлақ ауылдық округі аумағында орналасқан, тек Қазақстан ғана емес, жалпы Орта Азияда баламасы жоқ ветеринарлық дәрі-дәрмек шығаратын «Биовет» ЖШС-нің тнысы-тіршілігі кім-кімді де қызықтырмай қоймайды. Кәсіпорын басшысы Уәли Шангараевтың айтуынша, бүгінде барлық құрылыс жұмыстары аяқталған. Серіктестік қосымша инвесторлар іздеумен қатар, препарат шығаратын қондырғылар алу үшін несие алуға құжаттарын да өткізіп қойыпты. Қаржы толығымен табылған жағдайда ветеринарлық препараттармен бүкіл елімізді қамтуға өндірістік қуаты жететін серіктестік республиканы шетелге деген тәуелділіктен толықтай арылтуы тиіс.

Қордай ауылының маңынан орын тепкен «Гринвил» ЖШС-нің аквапоника әдісін қолданып отырған жылыжай кешеннің тірлігі де көптің назарында. Оңтүстіккореялық технологиялар қолданылған жылыжай жақын болашақта толығымен жұмысын бастамақ. «МАNN CEA» деп аталатын әлемдегі үздік акваферма өндіруші компаниясынан тапсырыспен алынып, бүгінгі күнге толық орнатылған бірегей өндірістік жылыжай жылына 300 тоннадан астам «Айсберг», «Руккола», «Листовой», «Роблен» сынды жоғары өнімді салат түрлері мен 40 тоннадан астам «Тилапия» балығын сатылымға шығармақ ниетте.

Ал «Первомайские деликатесы» ЖШС- жылына 6380 тонна ет өндіре алатын әлеуетке ие кәсіпорын. Бүгінгі таңда азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорындарынан талап етілетін «НАССР» стандарттарына сәйкес сертификаты бар серіктестік былтырғы жылдың өзінде 260 тонна ет өнімін өндіріп, тауарын еліміздегі ең ірі гипермаркеттер арқылы сатылымға шығарған. Ендігі кезекте етті шетелге экспорттауға барлық мүмкіндігі бар серіктестікке сол бағытта жұмыстарды жандандыру қажет болып отыр. Мұнда да шетелдік озық техникалар талапқа сай жұмыс істеп, аудан тұрғындары жұмыспен қамтылып отырған жайы бар.

Қордайдағы «Central AsiaGold Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алтын және күміс металдарының қорытпасын өңдеу зауытының жұмысы да көш ілгері.

2017 жылы 117 келі алтын, 15 келі күміс, ал 2018 жылы 97 келі алтын, 14 келі күміс өндірген кәсіпорын өндірілген руданы ұсақтау кешенін Оңтүстік Африка мемлекетінен қомақты қаржыға сатып алған. Биылғы жылы өндіріс көлемі төмендегенімен, серіктестік өкілдері оның тек уақытша екенін айтып отыр. Өндіріс орнының болашағы зор.

Бір сөзбен айтқанда Қордайдағы ауқымды жобалар көңіл қуантарлықтай. Алдағы жоспарлардың да ауқымы үлкен.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір