• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
11 Желтоқсан, 20:04:49
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

19 Қазан, 2019 Аймақтар

Деподағылар дамылсыз еңбекке дағдыланған

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстан тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Атқарушы билік органдары «Нұрлы жол» бағдарламасын толық және сапалы іске асыруға баса мән беруі керек.

Бұл – стратегиялық жоба. Соның арқасында бүкіл көлік инфрақұрылымы жаңғыртылады.

Осы мақсатқа орай, мемлекет 2022 жылға дейін 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция салады» деп атап көрсеткен болатын.

Расында да көлік инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде темір жол саласын нығайту экономиканың өрлеуіне жол ашатыны белгілі.

Темір жол көлігі – бірнеше ғасырдан бері ел мен жерді байланыстырып, жолаушыларды діттеген жеріне жеткізіп, тауар тасымалының да негізгі қызметін атқарып келеді. Бір қарағанда тыныш та жайлы болып көрінетін бұл сала мамандарының жұмысы біз ойлағаннан әлдеқайда ауыр. Вагон жөндеушілер әрлі-берлі ағылған пойыз вагондарының жай-күйін тексеріп, қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін күні-түні тыным таппаса, жол бойындағы теміржолшылар жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязы, бет қаратпас боранында тыным таппай, шойын жол қатынасында үзіліс болмауын қадағалайды. Байланыстағылар болса стансалармен хабарласып, жол бойындағы тіркемелі пойыздардың бағыттарын анықтап біліп, вокзал кезекшілері жұмыс барысында пойыздардың қозғалу бағытынан хабардар болып, олардың уақытылы немесе кешігіп келе жатқандықтарын мәлімдеп отырады.

Біз жұмыс барысымен барып танысқан Жамбыл пайдалану вагон депосы "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ құрамына кіреді. Депоны соңғы екі жылда басқарып келе жатқан директоры, қалалық мәслихат депутаты, темір жол саласы сойынша техника ғылымдарының кандидаты Марат Мырзахметов алдымен депо тарихымен таныстыра кетуді жөн көрді.

Марат Асанұлының айтуынша, депо тарихы 1924 жылы Әулие-Ата станциясындағы паравоз депосы құрамындағы вагон шеберханаларын ұйымдастырудан басталады. 1930 жылдан бастап РКФСР Халық комиссарлары кеңесінің қаулысына сәйкес депо паровоз депосының құрамынан вагон шеберханаларын бөлгеннен кейін вагондарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету бойынша дербес кәсіпорын ретінде жұмыс істейді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының қарқынды дамуымен бірге халық шаруашылығы жүктерін тасымалдауға да қажеттілік арта түсті. Сәйкесінше темір жол көлігі, оның ішінде вагон шаруашылығы қарқынды дамып, вагондарға қажеттілік те күн санап өседі. Депода вагондарды жөндеудің жоспарын орындау үшін өндірістік алаңдар кеңейтіліп, қосымша арба цехы, автобақылау, қосалқы-дайындау бекеттері ашылады.

Вагондар ол кезде тақтайлардан қағылған цехтарда жөнделіп, ашық аспан астында құрастырылыпты. Одан кейінгі 40-50 жылдардың аяғында ғимарат қабырғалары бут тасынан тұрғызылыпты. Тек 1971 жылы вагон депосына қайта жөндеу жүргізіліп, 9 жөндеу позициясына вагон жинайтын жарық та кең цехтар, автотіркегіш құрылғыны жөндеу бөлімшесі, АКП цехы, вагондарды жуу ғимараты, доңғалақ жұптарын жуу, доңғалақ-роликті және басқа да цехтар салынады.

– Ал қазіргі уақытта темір жол көлігін қайта құрылымдағаннан кейін депода 6 негізгі техникалық қызмет көрсету пункті, 2 вагон дайындау пункті, 19 бақылау бекеті, ағымдағы ағыту жөндеуінің 2 пункті, 1 АКП, 1 механикалық цех, 1 қазандық, 1 компрессорлық, жолаушылар вагондарының доңғалақ жұптарын ауыстыру үшін мамандандырылған тұйықтары бар. Тұйықтар ККТ-5 крандарымен, электродомкраттармен, қажетті тетіктермен және құрылғылармен жабдықталған, – деді Марат Мырзахметов.

Депоның бас инженері, теміржол саласында отыз жылға жуық еңбек өтілі бар Сағидулла Абиевті сөзге тартқанымызда, ол:

– Жамбыл пайдалану вагон депосы вагондарға техникалық қызмет көрсетуге мамандандырылған. Атап айтқанда, техникалық байқау, ағымдағы ағыту және ағытпай жөндеу, вагондарды тиеуге дайындау, жөндеудің жоспарлы түрлерінен жүк вагондарын қабылдау, вагондарды техникалық беру пункттерінде қабылдау - беру, жүк вагондарының иелерімен өзара іс-қимыл жасау. Бізге тиесілі шойын жолдың жалпы ұзындығы 1148 километрді құрайды.

№27 Жамбыл пайдалану вагон депосының Тараз, Луговой, Қаратау, Жаңатас, Шу, Сары-Шаған станцияларында орналасқан 6 негізгі техникалық қызмет көрсету пункті (ТҚП) бар. Бұдан басқа, вагондарға техникалық қызмет көрсетудің барлық пункттері, сондай-ақ Боранды, Ақшолақ, Қияқты, Мыңарал станцияларында орналасқан бақылау бекеттерінің де атқарар өз функциялары бар. Сонымен бірге Боранды, Күркүреу-су, Шақпақ, Ақшолақ, Ақыртөбе, Тәтті, Қорағаты, Жиделі, Хантау, Қарасай, Қияқты, Қашқан теңіз, Мыңарал, Көктем, Қаражыңғыл, Бел, Еспе, Шоқпар сынды бақылау бекеттері де мінсіз қызмет етуде. Шығанақ стансасының бақылау бекеті жолаушылар пойызының доңғалақ жұптарын ауыстырумен айналысады.

Жалпы, саламыздағы қауырт жұмыс мұнымен бітпейді, – деді де, бас инженер Жамбыл вагон пайдалану депосының техникалық қызмет көрсету пунктіне алып барды. Мұндағы қарапайым жұмысшылар кезекті жүк пойызының қызып кеткен дөңгелегін КТСМ аппараты арқылы тексеріп, бұрандаларын қайта бекітіп, сапарға шығарып салғалы тұр екен.

Олардың айтуынша, көбіне жұмысынан ақау шығып келе жатқан пойызды кестесінен тоқтатпай, сол жерден жөндеп жіберуге бар күштерін салатын көрінеді. Екі қолды бос қойып, қарап отыратын күндер жоқтың қасы. Орташа есеппен бұл жерден жылына 3500-ден астам вагон ағытылып, жөнделіп, қайта жолға аттанады. Ұжымдағы 740 адамның 520-сы вагон қараушылары. Бір ауысымда 40-50 жүк пойызы, 17-20 жолаушы пойызы жүріп өтеді. Соның барлығының ақаусыз, діттеген жерге уақтылы жетуі үшін ұжым ауызбіршілікпен, тиянақты еңбек етуде.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір