• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 13:59:47
Алматы
+35°

Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау бағытында түрлі көмектер көрсетіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев та «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстан тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытудың басым бағыттарын айқындап берді.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, өз ісін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі- Гүлдана Досымбекова. Ананың тәлімін терген балалары да еңбекке бейім болып өсуде. Әсіресе, кенжесі Мейірлан жайлы көп айтуға болады. 28 жастағы жігіт Ақтау тауының етегіндегі Үшбұлақтың маңайында ойпаңдау жерде шаруа қожалығының тізгіні ұстап, тірлігін тіктеуде.

– Осыдан оншақты жыл бұрын жан жарым Дүйсенбек Сағынтаев ойламаған жерден опат болды. Теміржол саласында еңбек ететін. Қатардағы теміржолшыдан директорлыққа дейін өсті. Балалары Мейірлан мен Ерлан да әкелерінің жолын қуып жүрген. Әкенің өмірден озғаны әрине, отбасымызға ауыр тиді. Мен өзім Сарысу ауданындағы мектептердің бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет жасап жүрген едім. Төрт ұл-қызды бағып, шаруаның не екенін білген де емеспін. Қазақтың дәстүрінде ананың бақыты – бала сүю, отағасының парызы – отбасына тірек болу. Бірақ отағасы өмірден өткенде ойланады екенсің. Өзі жаңадан ғана ашқан шаруа қожалығы бар, басқа да кәсіпті ойластырып жүрген отағасының арман отын өшірмей әрмен қарай жүзеге асырсам деген ой пайда болды. Содан Талас аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровқа жолықтым. Қиналғанда ақыл берер, көмектесер жанның бары қандай жақсы. «Сіз, балаларыңыз көнсе, күйеуіңіздің тірлігін алға жылжытыңыз, одан өкінбейсіз» деді ағалық ақылын беріп.

Ақылға салып едім, «Әкеміздің шаруашылығын қолға аламыз» деп, олар да келісе кетті. Жасыратын не бар, мал жаюдың қыр-сырын жете білмегендіктен алғашқы кездері балапандарым көп қиналды. Алайда, олар табандылық танытты. Қора-жай соқты, жеке үй салды. Не керек, әлеуметтік жағдайларын жасап алды. Еңбек етемін дегенге мемлекеттің де көмегі көп екен. «DAMU» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 6 миллион теңгеге дейін жеті жылға несие алып, оны орнымен жұмсады, – дейді Гүлдана.

Бүгіндері «Мейірлан» шаруа қожалығында 700 басқа тарта қазақтың еділбай қойы бар. Ірі қараны да өсіріп отыр екен. Мейірлан батыр мал тұқымын асылдандырып, үкіметтен субсидия алу жағын да ойластырып жүр. Бауыры Ерлан да кәсібін тастап, інісінің тірлігіне көмекке келді. Ал оның жұбайы Айжан «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Көктал ауылындағы Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектепте жұмысқа тұрып, ағылшын тілі пәнінен ұстаздық етуде.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір