• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 06:29:27
Алматы
+35°

Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Жастар аллеясында» жастар арасындағы көше спортын дамыту мақсатында «Ұлт болашағы – дені сау ұрпақ» атты «Street Workout» турнирі өткен болатын. Турнирге 14 округтен бағын сынауға 14-29 жас аралығындағы спортшылар келді. Ең қызығы ерлер арасындағы турнирге Нұлыкент ауылдық округінен екі спортшы қыз қатысып, «Ең үздік спортшы» және «Ең жас спортшы» аталымын жеңіп алды.

Олар – Ақбота Дүйин 2005 жылы дүниеге келсе, Нүрзие Назарова 2003 жылы өмір есігін ашқан. Қазіргі таңда спортшылар №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің 8 және 10 сынып оқушылары. Олар сабақтан тыс уақыттарын тиімді пайдаланып, спортпен айналысады. Оның ішінде кіші футбол, баскетбол және «Жауынгерлік каратэ» және «MIX COMВAT»-пен шұғылданады. Жаттығу аталған мектептің спортзалында өтеді. Жаттығудың қыздар үшін сабаққа еш кедергісі жоқ, сабақ үлгерімдері де жақсы. Қос қыздың ата-аналарының спортқа деген көзқарастары жақсы, күтер үміттері көп.

Ақбота мен Нүрзиенің жаттығу алаңында алған тәжірибелерін ойын барысында көрсетіп, спорт саласында жеткен жетістіктері де баршылық. Мәселен, Ақбота – кіші футболдан, баскетболдан ауданның бірнеше дүркін чемпионы, облыстық жарыстың ІІ орын жеңімпазы, 2015 жылы Кудо каратэден, Джиу-Джитсудан облыстық жарыстардың І орын иегері. Ал, 2015-2019 жылдары Тараз қаласында өткен Жауынгерлік каратэден облыстың 10 дүркін чемпионы атанды. Сонымен қатар, каратэ-до годзю-рюдан облыстық жарыста облыстың бірнеше дүркін чемпионы. 2017-2019 жылдары Алматыда өткен «Fullcontac Karate» Қазақстан Республикасының чемпионатының 2 дүркін жеңімпазы атанып, кубокпен марапатталды. 2018-2019 жылы Астана қаласында өткен шинкиокушинкай каратэден өткен Қазақстан Республикасының Чемпионатында І орын алып, алтын медальмен жане кубокпен наградталды. 2019 жылы өткен облыстық грепплинг жарысының алтын жүлдегері. 2019 жылы Тараз қаласында өткен Ашихара каратэден өткен Халықаралық жарыстың және Араши каратэден өткен Халықаралық жарыстың алтын медаль жүлдегері.

Нүрзие де – кіші футбол, баскетбол ойындарының жеңімпазы. Ол 2015 жылы Кудо каратэден облыстық жарыста І орын, Джиу-Джитсудан облыстық жарыста ІІ орынды иеленіп, 2015-2019 жылдары Тараз қаласында өткен облыстың қола, күміс, алтын жүлдегері атанды. Каратэ-до годзю-рюдан облыстық жарыста І орын, Алматыда өткен «Fullcontact Karate»Қазақстан Республикасының чемпионатында ІІ орын алып, күміс медальмен және кубокпен марапатталды. 2019 жылы өткен Алматы қаласының киеокушикай каратэ жарысында ІІІ орын алып, қола медальмен марапатталды. 2018-2019 жылдары Астана қаласында өткен шинкиокушинкай каратэден өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында ІІІ орын алып, қола медальмен жане кубокпен наградталды. 2017-2019 жылдары Тараз қаласында өткен Джиу-Джитсудан облыстық жарыстың, 2018 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық турнирі JEET KUNE DO шығыс жекпе-жегінің, 2019 жылы Тараз қаласында өткен Жауынгерлік каратэден республикалық турнирдің алтын медаль жүлдегері. 2019 жылы шинкиокушинкай каратэден өткен Халықаралық жарыстың күміс медаль жүлдегері.

Спортшы қыздар еліміздің көк туын көкте желбіретіп, ата-аналарының, ұстазының үмітін ақтап, ел намысын шет елдерде қорғап, биік шыңдардан көрінуді мақсат тұтқан жандар.

Сондай-ақ, мектеп мақтаныштары Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер. Қос спортшы осы жетістіктерге жеткізуге көп көмегін берген «Жауынгерлік каратэ» және «MIX COMВAT-тан» ұстазы Артық Рахымжанұлына алғыстарын айтуда.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір