• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 16:40:40
Алматы
+35°

Байзақ ауданында «Сананың жаңғыруы – қоғамның жаңғыруы» тақырыбында қоғамдық форум өтті Онда сананы жаңғырту мен бірлікті сақтау, сананың ашықтығын қалыптастыру, ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беру, таптаурын болған дағдылардан бас тартуға қоғамның назарын аудару мәселелері талқыланды.

Келелі жиынды модератор, ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыр ашып, жүргізіп отырды. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаз Айтмахан Тышқанбаев «Бірлігіміз-басымыздағы бағымыз» тақырыбында баяндама жасап, ел бірлігі мен тұтастығын сақтау жолында ерен еңбек сіңірген Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мен Абылай сынды хандардың салып кеткен сара жолы, ұлы бабалардың мұратын, Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерімізді, Елбасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілінің мәртебесін биіктету жолындағы еңбектерін нақты деректермен әңгімеледі.

Мұнан кейін «Тілеш қажы» мешітінің бас имамы Рахымбек Абировтың “Мақсат - ысырапқа жол бермеу” тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды.Рахымбек Кенжебайұлы дін мен дәстүрдің сабақтастығына сүйене отырып, қаралы жиында ысырапқа жол бермеу, ас беру, кесене салуды бәсекеге айналдырмау тұрғысында Құран аяттары мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінен үзінділер келтірді. Ал Сарыкемер мектеп-гимназиясының қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Раушан Абуева жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеудің жай-жапсарын әңгімеледі. Сондай-ақ, қазіргі таңда балаларды ғаламтор мен теледидар тәрбиелеп жатқандығы жайлы кеңінен толғанды. Ұрпақ тәрбиесін қаузаған ойды №3 Байзақ колледжінің директоры Мұхит Нысанбаев ары қарай өрбітті.

Қоғам алдында тұрған көкейкесті мәселелерді көтерген форумды аудан әкімі Нұржан Нұржігітов қорытындылады. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сананы жетілдіріп, құндылықтар мен ұлттық кодымызды сақтай отырып, заман ағымына икемделудің маңызын атап өтті. Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласының мәні өскелең ұрпақты еңбекке баулу, білімді жиып, ғылымды игеру екендігін, облыстық «Елдік елге байланысты» қоғамдық форум қатысушыларының Үндеуі бағытында жұмыстар жасалатындығын жеткізді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір