• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 02:12:00
Алматы
+35°

«Қыс шанаңды жаз сайла» дейді қазақ даналығы. Расында қыс қыр астында. Осы кезеңде төтенше жағдайлар жиілеп кететіні белгілі. Әсіресе қар басқан ауылдар мен тайғақ жолдағы апаттар қос бүйірден қысатыны бар. Осы қыс мезгіліне қазір қандай сақтық жұмыстары жүргізілуде. Бұл жайында Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Данилов айтып берді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

- Қыстың тауқыметі оңай емес. Әсіресе облыс шеңберіндегі төрт асудың жайы жылда алаңдатады. Облыс орталығына тиіп тұрған Күйік асуының өзінде көлік кептелесі орын алғанда халықтың наразылығына ұшыраймыз. Өздеріңіз білесіздер «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» атодәлізі ашылғалы бері аталмыш жол бойымен ағылған көліктердің қарасы көбейді. Қыс мезгілінде осы жол бойымен қатынас қиындай түскен тұста, біз Күйік асуын жабуымызға тура келеді. Алайда осы сақтық шарасына көп жүргізушілер түсінікпен қарамай, шағымын өзімізге қарша боратады. Әрине оларды да түсінеміз. Бірақ егер біз қар басқан жолды тазаланғанша жаппасақ адам өміріне қауіп төнуі мүмкін. Осыны ойлап біз қыс айында «Қазавтажол» мекемесімен бірігіп, жолаушыларға арналған жылыту бекеттерінің қызметін іске қосып жатырмыз. Одан бөлек, бетон бетіне қатқан мұзды еріту үшін тұз араласқа құм сынды инертті заттар әзірленуде. Бұл жұмыстардың барлығы 4-5 қараша аралығында өтетін республикалық «Қыс-2020» оқу-жаттығу жиынында тағы пысықталады. Және білім, денсаулық сақтау саласына қарасты мекемелерді жылыту маусымына дайындап, төтенше жағдайсыз қыстан аман алып шығу жағы да облыс әкімінің жанынан құрылған кеңесте қаралмақ. Осылайша біз өзімізге тиесілі міндетті мінсіз орындауға күш салып, қысқа дайындықты қарқынды жүргізудеміз, - дейді Бағдат Жұмаұлы.

Әрине биыл қыс қалай болатындығын ешкім дөп басып айта алмайды. Алайда қарашаның қара суығы келді дегенше, қылышын сүйретіп кәрі құда қыс та төрге шығатыны белгілі. Сондықтан жылыту маусымына дайындық шараларын қазірден бастап, кез келген жағдайға дайын болғанымыз абзал. Сонда ғана қара халықтың ұйқысы тыныш, ел-жұрттың амандығы болмақ. Ең бастысы халықтың амандығы мен өмірі.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір