• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 20:51:31
Алматы
+35°

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған тұңғыш Жолдауында төтенше жағдайлар қызметкерлерінің ерен еңбегін ерекше атап өткені белгілі. Және саланы қолдау үшін мамандардың айлық жалақысын өсіріп, адал еңбектерінің әділ бағасын беруді тапсырды. Бұл бағытта Жамбыл облысында бірқатар жұмыстар жүйесін тауып үлгерді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.  Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бағдат Даниловтың айтуынша, қазіргі таңда бұл жұмыстармен жауапты тұлғалар жіті айналысуда екен.

- Президент Жолдауда азаматтық қорғау саласына айрықша көңіл бөлгенін ел естіде. Бұл бізді жігерлендіргені анық. Қазір департаменттің есепші мамандары Нұр-Сұлтан қаласында бюджетті нақтылау мәселесімен жүр. Бұйыртса 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап төтенше жағдайлар қызметі мамандарының айлық жалақысы өседі деп күтілуде. Бұл Жолдаудан кейін қолға алынып отырған ең басты жайт. Бұдан бөлек те сала мамандарының жұмысын жүйелеп, оңтайландыру бағытында келер жылға бірнеше жобаларымызды әзірлеп отырмыз. Оның бәрі кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады, -дейді Бағдат Жұмаұлы.

Иә, бұл сөз жоқ бас бармақпен бағалауға тұрарлық дүние. Жолдау жүктеген міндеттің мінсіз орындалу барысын айғақтап тұр. Жалпы тек төтенше жағдайлар қызметінің мамандарының ғана емес, келер жылдан қорықшылар мен орманшылардың да айлық жалақасы өседі деп күтілуде. Осы таңға дейін техникалық қызмет мамандарының беделімен теңестіріліп келген табиғат жанашырлары енді өз алдына мамандық ретінде қаралмақ. Әрине қай саланың мамандарының айлық жалақысы қаншалықты өсетінін қазір болжау қиын. Себебі бұл мәселе Үкіметте пысықталып, есеп-қисабы жасалуда. Десе де, сең қозғалғаны белгілі.

- Жасыратыны жоқ, қазіргі біздің айлық жалақымыз техникалық мамандардың алатынан да аз болып тұр. Алайда біздің жұмыстың ауырлығын әркім біледі. Мәселен Мойынқұм ауданында бір қорықшыға 22 мың гектар жерден белгіленіп берілген. Енді өздеріңіз ойлап қараңыздар бір адам осынау аумақты аралап, күнделікті қорғауы тиіс. Оған тағы апта сайын орын алып жатқан өрт оқиғаларын қосыңыз.

Сондықтан Мемлекет басшысының «қорықшыларды қамқорлыққа алып, айлық жалақысын көтеру қажет» деген ұсынысын қос қолдап қолдаймын. Одан бөлек тағы бір айта кетерлігі, еден жуушы, қарауылдарға емдеу-сауықтыру төлемі төленіп жатса, бізге мұндай төлем мүлде қаралмаған.

Үкімет осы жағын да реттеп берсе, нұр үстіне нұр болар еді, -дейді Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің орман күтушісі Естай Тілеужанов.

Иә тілек орынды. Бұйыртса қорықшылардың қалауы орындалатын күн алыс емес.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір