• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 20:50:57
Алматы
+35°

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, Шерхантану ғылыми-зерттеу орталығы және «Филология» кафедрасының ұйымдастыруымен халықтың біртуар азаматы, кесек тұлға, кенен дарынның қайтыс болған күніне байланысты «Жұлдызы нұрлы суреткер» атты еске алу кеші өткізілді.

Еске алу кешіндегі алғашқы тебіреніске толы сөзді университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі Ерболат Байұзақұлы Саурықов алды. Өз сөзінде белгілі жазушы, көрнекті қоғам қайраткері, талантты драматург, дарынды журналист, ұлт жанашыры Шерхан Мұртазаның өмірден өткеніне бір жыл толғандығын, қазақ руханиятының ауыр қазасына баланған бұл күннің болашақ ұрпақ тәрбиешілері үшін аса маңызды екендігін атап айтып, қазақтың Шерағасына баланған зау тұлға шығармашылығымен мақтану қажеттігін, үлгі-өнеге алар өмірлік мектеп екендігіне тоқталды.

Келесі кезекте студенттердің Ш.Мұртазаның ғұмырнамасы бойынша әзірленген бейнеролигі көрсетілді. Еске алу кешін жас ақындардың жұлдызы нұрлы суреткер мен «Намыс найзағайына» балайтын тұлғаға деген арнау өлеңдері жалғастырды. «Менің Шерағам» деп әрқайсысы зау тұлғаның азаматтық тұлғасын, ұлттық рухымызды, тәуелсіздігімізді тұғыр етудегі дара болмысын жырға қосты.

Еске алу кешінде Ш.Мұртазаның аманатын ту еткен патриоттық әндер шырқалып, би биленді. Сондай-ақ, кешті ұйымдастырушылар Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті ректоры Саурықов Ерболат Байұзақұлының бастамасымен тағайындалған «Ш.Мұртаза» атындағы стипендия иегерлері жас ақын, республикалық жыр-мүшәйралардың жеңімпазы Спанәлі Серік пен шерхантанушы, жазушы шығармашылығы бойынша республикалық ғылыми жоба байқауында «үздік жоба» бойынша жеңімпаз атанған Алтынбекқызы Алтынай сөз алып, бүгінгі күн әрбір зиялы қауым өкілі үшін бір тебіренетін күн екендігін, жазушының өздеріне аманаттаған ұлттық рухымызды биік ұстау үлкен азаматтық міндет екендігін атап айтты.

Осылайша даламен үндесіп, бабамен тілдесіп, жаңамен үйлесіп, санамен күн кешіп өз биігіне жеткен, халқына арқа сүйеп, қайсар болған қазақтың Шерағасын еске алу кеші студенттер мен оқушыларға, профессор-оқытушылар құрамына, кеш қонақтарына үлкен рухани азық болды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір