• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 07:32:36
Алматы
+35°

Журналист Жанболат Мамай бастаған бір топ белсенді Қазақстанда жаңа демократиялық партия құратындарын мәлімдеді. Бұл туралы белсенділер бүгін, 16 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Баспасөз мәслихатында Мамайдан бөлек, саясаткер, қоғам қайраткері Төлеген Жүкеев, журналист Сергей Дуванов, журналист Әсел Жаңабаева сөз сөйледі. Олар партия құруды бұрыннан жоспарлап жүргендерін айтты.  Олардың айтуынша, құрылғалы отырған партия "Қазақстанның демократиялық партиясы" деп аталмақ. 

- Біз Қазақстанда жаңа саяси, демократиялық партия құратымызды мәлімдегіміз келеді. Біз бұл мәселені кеше немесе бүгін ғана көтерген жоқпыз. Бұл ой бізде бұрыннан бар болды. Біздің басты мақсатымыз - саяси реформа жүргізу. Саяси тұтқындардың бостандығына қол жеткізу. Арон Арынбек, Мұхтар Жәкішев сияқты саяси тұтқындардың босатылып, мемлекеттің оларға өтемақы төлегенін қалаймыз. Сондай-ақ, Қазақстанда "митингіге заңсыз шықты деп" белсенділер мен азаматтарды 15 тәулікке қамайды. Осы жағдайды өзгерткіміз келеді. Біз Әділет министрлігіне өтініш тастап, бәрін заңды түрде жасаймыз", - деді Мамай.

Баспасөз жиынына скайп арқылы қатысқан журналист Сергей Дуванов құрылғалы отырған партияны "тіркеуден өткізу қиын" болатын жеткізді. 

- Тіркей ме, жоқ па, екінші мәселе. Біріншіден тіркеу процедурасының өзі маңызды. Егер жаңа саяси партияны тіркемейтін болса, биліктің демократияға қарай қадам басуға құлқы жоқ екені, Қазақстан президенті Қасым-ЖомартТоқаевтың саяси реформа туралы айтқандарының жай сөз екені белгілі болады. Онда билік біржола сенімнен айырылады, - деді Дуванов.

Жанболат Мамай "Қазақстанда өзгеріс жасауға талпынып жүрген топтар бар" екенін айтып, оларды бірігуге шақырды.

- Бізде әртүрлі саяси күштер мен топтар бар. Мен барлығын бірлікке шақырамын. Демократиялық қоғамды аңсайтын саяси күштерге бірігейік дегім келеді. Бөлісетін еш нәрсе жоқ, біз бірге болуымыз керек. Әркім ұстанған позициясына қарамастан, бүгінгі билікті өзгерткісі келсе бірге жұмыс істеуі тиіс. Үлкен күрделі мәселелерді шешуде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қоян-қолтық жұмыс жасайық. Біз тәуелсіз, өз пікірін ашық айта алатын азаматтарды партияға қосылуға шақырамыз. Қазақстандағы шын өзгерістерді қалайтын азаматтар қатарымызға қосылсын, - деді Мамай.            

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір