• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 22:02:31
Алматы
+35°

Қазақтың аса көрнекті әдебиет өкілдері Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров және Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған «Үш бәйтерек» атты шығармашылық кеш өтті.

Концертте Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Халық әні» кафедрасының меңгерушісі Амангелді Күзеубай бастаған дәстүрлі әншілер өнер көрсетті.  Барақпай Бексұлтан М.Егінбаевтің «Үш арыс» әнін шырқаса, Жандос Сыздықов С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнімен көрермен көңілінен шықты. Бұл кеште «Үш бәйтеректің» әндерімен қатар алаш арыстарының мұраларынан да шығармалар орындалды. Атап айтқанда, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұм», Мағжан Жұмабайұлының «Сен сұлу» сияқты әндері айтылды. Осы ретте «Үш бәйтеректің» шығармашылық кешінде алаш арыстарының әндері де шырқалғаны өте құптарлық шешім болғанын баса айтқымыз келеді. Себебі, алаш арыстарын сол замандағы әдебиетшілерден бөліп қарауға болмайды.

Шығармашылық кеште Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шәкірттері өлеңдерді театрландырылған көріністер арқылы оқыды. Мұнда Айарыс Дәуқараев, Айдос Қыздарбек, Шахмардан Алмахантегі, Нұрсұлтан Нажекенов, Нариман Егінбаев, Нұржігіт Таңатар және т.б. тәлім алушылар өнерлерімен көзге түсті. Аталған оқу ордасының ұстазы Елік Нұрсұлтан шәкірттерінің шығармашылық кешке үлкен дайындықпен келгенін жеткізді.

«Болашағын үлкен сахнамен байланыстыратын шәкірттеріміз әрдайым ізденісте жүреді. Ол бүгінгі кеште де байқалды. Ілияс Жансүгіровтің «Толғану», «Құлагер», Б.Майлиннің «Қазаққа», «Кедейге», С.Сейфуллиннің «Біз» сияқты өлеңдерін шебер орындады» деп атап өтті.

Сондай-ақ бұл кеште өте ауқымды көрме өтті. Оған «Үш бәйтеректің» шығармалар жинағы және де алаш арыстарының өмірінен сыр шертетін фотолар мен баннерлер қойылды.      

          «Әдебиет әлемі» жобасы аясында өткен шығармашылық кешті Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

          Б.Молдахмет, «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры төрағасының міндетін атқарушы:

–«Қазір көп адамдар 1937-1938 жылғы репрессияны күні кеше ғана, осыдан мың жыл бұрын, сонау тас ғасырында болған оқиға сияқты қабылдайды. Алайда сексен-ақ жыл бұрын төгілген қан әлі кепкен жоқ. Сол кездердегі қырғынды көрген адамдардың көзі әлі тірі. Бүгінгі кешімізге сол қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлердің ұрпақтары да қатысып отыр.

 

Ж.Сарқасқа

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір