• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 03:06:53
Алматы
+35°

«Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалының ұйымдастыруымен аудандық Орталық стадионда ұлттық спорт түрлерінен аудандық турнир болып өтті. Бас партияның Саяси Доктринасын іске асыру аясында өткізіліп отырған бұл турнирге ауданнан 500-ге жуық адам қатысты. Сондай-ақ, аталмыш турнирдің өтуіне демеушілік жасап, қолдау танытқан «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі Әлімбек Әсембекұлы Жұмабаев, аудандық мәслихаттың депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары, БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты кездесуді «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің бишілері «Қазақ биімен» ашты. Аудандық турнирдің ашылу салтанатында Әлімбек Жұмабаев сөз сөйледі. Ол өз сөзінде: «Кез-келген ел, салт-дәстүрін сақтағанда ғана дамыған елдер қатарына қосылады. Ұлттық ойындарды ұлықтаудағы басты мақсат та осы еді. Ертеден келе жатқан ұлттық ойындарымыз бір кезде ұмыт болып, кейінгі жылдары қайта жаңғырып, ел арасында кеңінен таралып келеді. Қазақтың ұлттық ойындары халқымыздың мәдени асыл мұрасы. Бүгінгі өткізіліп жатқан Ұлттық ойындар бәйгесін дәстүрге айналдыру керек»,- деді. Ал, «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Ахметова өз тарапынан жиналған спортсүйер қауымды құттықтап, өткізіліп отырған турнирдің мақсат-міндеттерімен таныстырып, демеушілік жасап отырған азаматқа алғысын білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Содан соң, турнирдің бас төрешісі, партия мүшесі Арзымбетов Мақсұтбек Әбдіұлы жарыс ережесімен таныстырып, турнир бастау алды. Жарысқа қатысушылар ұлттық ойындардың 7 түрінен сынға түсті. Атап айтсақ, аударыспақ, теңге ілу, қошқар көтеру, асық ату, қатын күрес және арқан тартудан шеберлік байқасты. Алғашында көрермен-жанкүйерлер «Теңге ілу» ұлттық ойынын тамашалады. «Аттың құлағында ойнаған» әр ауылдан келген жігіттер стадион алаңында бірдей арақашықта ақ орамалға түйілген теңгені шауып келіп, алу керек. Бірі жарыстың ережесін орындай алса, екіншілері аттың жетегінде кетіп, түйіншекті ұстай алмай жатты. Екінші кезекте өткен «Аударыспақ» ұлттық ойынында ауыл азаматтары күштілік, тапқырлық мен шыдамдылық танытты. Ақтөбе, Қарасаз, Жетітөбе, Боралдай, Қошқарата, Күреңбел ауылдарынан келген палуандар екінші айналымға жетіп, үшінші орынды күреңбелдік Алмас Қадыров алса, қошқараталық Рауан Нұрпейіс екінші және жетітөбелік Бақыт Дәуренбеков жүлделі бірінші орынды иеленді. «Арқан тарту», «Қашпа доп», «Қатын күрес», «Асық ату» ұлттық ойындар барысында ауылдық округтерден келген командалар өз ептілігі мен тапқырлығын танытып, күш сынасты. Жарысқа қатысушылар бірінен-бірі озып, өз өнерлерін ортаға салды. Жарыстың төрешілері ауылдық округтерден келген командаларға жалпы командалық

баға беретін болғандықтан, олардың әр мүшесі жанашырлық танытып, жан-тәнімен ойындарға қатысып отырды.

Жарыстың ең соңғы ерекше ойыны - «Қошқар көтеру» ұлттық ойын барысында күштілігі мен ептілігігін танытып, ең көп рет 60 келілік қошқарды көтерген Қайрат ауылының тұрғыны Нұрсейіт Маханбетжан жеңімпаз атанып, сол көтерген қошқарын қанжығасына байлап кетті. Осы жерде өткен аудан өнерпаздарының концерті де мерекенің шырайын ашты. Ән айтылып, күй тартылды. Аудан өнерпаздарының өнері де көпшіліктің назарын аударды. Төрешілердің берген бағасының қорытындысымен командалық бірінші орынды Ақсай ауылдық округі, екінші орынды Күреңбел ауылдық округі және үшінші жүлделі орынды Жетітөбе ауылдық округінің спортшылары жеңіп алды. Турнир соңында демеуші болған халық қалаулысы Әлімбек Жұмабаев салтанатты түрде бірінші орын алған жеңімпаздарға 200 мың теңге, екінші орынға – 150 мың теңге және үшінші орынға - 100 мың теңге тапсырды. Сонымен қатар, қатын күреске Мыңбұлақ ауылдық округі атынан шығып, өз өнерімен ерекше көзге түскен жасы 60-қа таяп қалған апамыз Алтынай Байғабыловаға 20 мың теңге табыс етті. Турнирдің соңы аудандық мәдени демалыс және халық шығармашылығы орталығы әртістерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір