• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 14:48:02
+35°

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған Қазақстанның киелі жерлер картасына есепке алынған жергілікті маңызы бар нысанның бірі–Өрнек қалашығы тайпалық қоныстан Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-экономикасы қарқынды дамыған қалаға айнала алған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Т.Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылының аумағындағы Сұлутөр шатқалында орналасқан. Ортағасырларда негізі қаланған қалашық түркі дәуіріндегі қала мәдениетінің ірі орталықтарының біріне жатады. Алғашында тайпалық қоныс болып кейін бірте-бірте ауқым кеңейген қалашық Қарахан хандығы тұсында қалалық-әкімшілік орталық болған. Ұлы Жібек жолымен халықаралық сауда-саттық жасау есебінен қалашық X-XII ғасырларда өзінің шарықтау шегіне жетті.

Өрнек қалашығы жайындағы мәліметтер араб жылнамашысы Ибн Хордадбек пен Құдама құрастырған жол картасына да белгіленген. Араб тарихшылары Өрнек қаласын Касрибас, Құлшуб және Жұлшуб сынды қалашықтармен бірге Тараз, Төменгі Барсхан және Құлан секілді ірі қалалардың маңында орналасқанын көрсетеді. Дегенмен аталмыш картада Өрнек атауы нақты көрсетілмегендіктен ғалымдар бұл қалашықтың сол кезде қарлұқтардың феодалдарының иелегіндегі Құлшұб қалашығы ретінде картаға енуі мүмкін екендігін алға тартады. Әрі бұл болжам толықтай шындыққа жанасады. Өйткені осы маңнан табылған заттай деректер қаланың тайпалық тұрақты қоныстың орнына пайда болғандығын растайды.

Өз заманында Өрнек ірі сауда орталығы болып қана қоймай ірі қала мәдениет шоғырланған өңір ретінде де танылған. Мұнда жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары алтын жууға арналған арнайы орындарын тапты. Өз кезегінде бұл фактілер Өрнек қалашығының аса дәулетті қала жұрты болғанын айғақтай түседі. Сондай-ақ бұл қала сол дәуірдегі отыршылық мәдениеттің озық үлгісі деп тануға болады. Өйткені мұнда көшпелі емес мәдени дамудың элементтерін көптеп кездестіруге болады.

Қалашық тарихшылармен 1985 жылдан зерттеліп келеді. Алғашында мұнда Жамбыл облыстық өлкетану мұражайының зерттеушілер тобы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізсе, бір жылдан соң академик Карл Байпақова бастаған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты зерттеу жасады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір