• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:56:19
Алматы
+35°

ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне әрі Қазақстанның киелі жерлер картасының тізіміне өңірлік қасиетті орын ретінде алынған Құлан қалашығы бірнеше тарихи қатпардан тұрады. Осы қатпарлардан өлке тарихының әр кезеңіне жататын хан сарайы мен ғибадатхана және ислам өркениетіне жататын зират орны да табылған. Әрі бұл көне заманнан бері маңына адамзат баласы қоныстанған бірден-бір тарихи жәдігер саналады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Өйткені тарихи Құлан қалашығы Т.Рысқұлов ауданының орталығы саналатын Құлан ауылының маңында орналасқан. Мұнда соңғы рет академик Карл Байпақовтың жетекшілігімен қазба жұмыстары жүргізілді.

Өз заманында Құлан Ұлы Жібек жолы бойындағы үлкен қала болған.Қалашық орнына соңғы рет жүргізілген археологиялық қазба жұмыстар бұл орынның үш тарихи қабаттан тұратынын анықтады. Мәселен қала жұртының алғашқы қабатынан XVII-XVIII ғасырларға жататын зират табылған. Адамды жерлеу дәстүріне қарап ғалымдар бұл зиратқа Ислам дінін қабылдаған адамның жерленуі мүмкін екенін айтты. Қалашықтың екінші тарихи қабаты Қарахан дәуіріне жатады. Бұл шамаммен ХІ-ХІІ ғасырлардың шамасы. Археологтар қазба жұмыстары кезінде сол ғасырға жататын тұрғын үй орындарының бөлмелерін ашқан. Ал қазба жұмыстарының ең төменгі қабатында хан сарайы мен ғибадатхананың орны табылған.

–Құлан қалашығы орнындағы ғибадатхананың қабырғасының ақ түсті бояумен сырланған. Әрі сырланған қабырғаларға жауынгерлік киім киген, тұлпарға мініп қолына қылыш ұстаған адамдардың суреттері салынған. Суреттердегі сызба түрінде салынған тазы иттер мен құстардың бейнелері ежелгі замандық үлгі саналады. Ғибатхананың қабырғаларының кей тұсына ою-өрнектермен безендірілген ,–дейді археолог Серік Шәймерденұлы.

Сондай-ақ қалашықтың ең төменгі бөлігіне жүргізілген қазба жұмыстары кезінде онда сыпалардың орны анықталды. Сыпа деп ескі қазақ үйлеріндегі адам отыратын орынды атайды. Сәйкесінше Құлан қалашығы билеушісінің сыпасы биіктеу етіп салынған. Және оған басқа адамдар арнайы баспалдақ арқылы шығатын болған. Хан сыпасынан кейінгі төмендеу сыпаларды ғалымдар уәзірлерге арналуы мүмкін деп болжайды. Қазба жұмыстары кезінде осы сыпаларды жарықтандыруға қолданылған шамдардың орны да табылды. Сонымен қатар қалашықтың әр бөліктерінен ас үй жабдықтары да табылған. Бұл жәдігерлер арнайы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Нұр-сұлтан қаласындағы Ұлттық музейге жөнелтілді. Және ғылыми зерттеу жұмыстары аяқталған олардың кейбірі об-лыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Ежелгі Тараз» қорық-мұражайының еншісіне берілуде.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір