• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 21:53:17
Алматы
+35°

«Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында түзілген Қазақстанның киелі жерлері картасына жергілікті маңызға ие қасиетті нысан ретінде енген Қостөбе қалашығы Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының маңында орналасқан. Бұл нысан 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени Мұралар тізіміне алынса, 2017 жылы Қостөбе қалашығына республикалық дәрежедегі тарихи мәдени орын мәртебесі берілген болатын, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Қалашық орнына жүргізілген зерттеу жұмыстары оның VІ-ХІІ ғасырларға жататын археологиялық ескерткіш екенін дәлелдеді. Жазба деректерде Қостөбе қаласының атауы Жамұқат деп аталады. Сол дәуірден жазба мәлімет қалдырған тарихшы Нершахид қаланың аты бұқаралық Жамұқтың атымен аталғанын растайды. Жамұқ VІ ғасырда дәл осы қаланы салуға Бұқарадан арнайы келген жұмысшылардың басшысы болған екен. Ортағасырлық тарихшы Әл-Максиди жазбаларында Жамұқат және қабырғалы мешіттері мен базарлары бар қала ретінде сипаттайды. Шығыстанушы В.В. Бартольд бұған дейін Қостөбе қалашығына қатысты зерттеушілер келтірген мәліметті жоққа шығарып, оның Сырдарияда емес, Талас аңғарында жатқанын дәлелдейді. Шын мәнінде қаланың орналасуына қатысты ғалымдардың шатасуы бекер емес. Өйткені қаланың орналасуы әрі ондағы құрылыс нысандардың салынуы да сол дәуірдегі Суяб, Навакет, Ақбешім, Краснаяречка қалаларына ұқсас келеді. Аталған қалалардағы сәулетіндегі басты ерекшелік оның биік әрі ұзын қамал қоршауында болуын айтуға болады. Сондай қала рабад, шахристан, орталық бөлік сынды бөліністерден тұрған. Қостөбе қалашығының орнында өз заманында қаланың шаруашылық аумағы саналған орталық бөлігі жеткен. Биік етіп қаланған қабырғалармен қоршалған өлшемі 460х375 метр болатын аумақ Жамұқат қаласының сауда-саттық, шаруашылық бөлігі болғандығын зерттеушілер де растап отыр.

Қостөбе қалашығы тарих ғылымына өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап белгілі бола бастады. Осы сәттен археолог мамандармен жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстары қаланың өмір сүру кезеңінің VІ ғасырдан басталып, ХІІІ ғасырға дейін жалғасқанын дәлелдеді. Өйткені оның құрылысында сәулеттік ерекшелік осы ғасырлардағы құрылыс нысандарына тән болып келеді. Сондай қала қабырғаларына салынған ою-өрнектер ондағы ислам дінінің ықпалының жоғары болғандығын аңғартады. Сондай-ақ ерекше сәулеттік үлгілер Талас өңірдегі сәулет өнерінің дамығандығының белгісі саналады. Қаланың ХІІІ ғасыр басына дейін ірі сауда орталығы болғандығын қазба жұмыстары кезінде табылған тиындар мен қыш бұйымдар дәлелдей түседі. Ғалымдар қаланың моңғол шапқыншылығы кезінде қойылған алапат өрттің кесірінен жер бетінен жойылып кеткен деген деректі ұсынады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір