• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 03:08:05
Алматы
+35°

       Қазидың өз қолымен жазылған бір жапырақ қағазы менде сақталып қалыпты.

       Меншікті тілшілердің газет редакциясындағы бөлімдермен тығыз байланыста болып, алдағы апталардағы басылымда жарияланатын мақалаларды бірге жоспарлап, бірге талқылап отыратын үрдісіне сай жазылған ескертпе іспетті: «1. Ауылды қалай аяғына тік қоюға болады? 2. Ауыл мектебін қарау. Интернет, электронды пошта? 3.Ауылдағы айтқыштар. 4. Бір жеке шаруа қожалығының экономикалық қалыптасу кезеңін талдау». Сол кездері яғни, екі мыңыншы жылдардың басында облыстық «Сыр бойы» газетінде «Ауыл ахуалы» атты ауыл өміріне арналған бет болатын-ды, жоғарыдағы тақырыпшалар газеттің алдағы санында қамтылатын материалдардың қысқаша нобайы болса керек. Жазушылығымен де, журналистік шеберлігімен де өзге әріптестерімізден оқ бойы озық тұратын Қази Данабаев расында көбімізге ақылшы, қамқоршы, жанашыр жан еді. Жалпы жұртты алалаушылығы жоқ әріптесіміз өзінен жөн сұраған адамға шын пейілімен көмектескісі келіп, білгенін сарқа айтудан, үйретуден әсте танған емес. Жоғарыдағы жазбалар да газетті тартымды етіп шығару жолындағы ұсыныстар тізбесі.

      «Сыр бойына» қызметке әуелгі келген кезімде «Руханият» бөлімінде Қазимен бірге қызмет істегендіктен де менің де оған үйірсектігім бар еді, бертінде қызметтік жақындастығымыз сырластыққа, достыққа ұласып кетті. Өзі де келісті, сырбаз жан еді ғой, жатырқамай, өз жайынан бұрын сенің жағдайыңды ойлап, қоғамның сырқатын емдегісі келіп аласұрып жүрсе де, қарапайым да, маңғаз қалпынан бір танған емес.

      «Жазушы-қоғамның сүйегінен адамның жанын іздейтін бейбақ», дейтін Асқар Сүлейменовтің пікірін бір жерден оқығаным бар, иә, сол айтпақшы Қазекең болған жәйттердің ақиқатын ашып, оқиғалар мен фактілерді оқырман көз алдына келтіре алатын, қабылдауға қолайлы пішін беретін шеберлігі толысқан қаламгер екендігін әлденеше рет дәлелдеген, өз ойы, өз өрісі бар азамат болатын. Онымен әңгімелесу барысында ойыңды нақты айтуға және де оны қорғауға шыныға беретініңді байқай бастайсың. Расында адамның өз ойын айтып жеткізе алмауы осалдық болса, өз ойының болмауы одан да үлен олқылық қой, бұл тараптан оның әріптестеріне, жақын жүрген азаматтарға берген өнегесі аз емес еді.  

      «Мақала үстірт жазылмауы тиіс, журналист өзі араласқан мәселені бүге- шігесіне дейін зерттеп, оның қан-жынына араласып кетуі керек, сонда ғана оның мәні ашылады», дейтін-ді ол редакцияның алқа жиынында.  «Иә» деген сөзді жазудың бір ғана, ал айтудың бес жүзден астам тәсілі бар», деп Бернард Шоу айтпақшы, Данабаев не нәрсені қай кезде, қалай айту тәсілдерін жетік меңгерген майталман қаламгер десем оны білетіндер, көргендер қолдайды деп ойлаймын.

       Аймағымыздан экологиялық жеңілдіктерді алып тастау жөнінде сол кездегі облыс басшысының бірінен сөз шығып, осыны насихаттау барысына біршама басылымдар белсене кірісіп те кеткен кез еді, сол шамада республикалық беделді басылымдардың бірінде журналист Қази Данабаевтың; «Әкім әлем халқын қалай алдамақшы болды?» деген көлемді мақаласы жарқ ете қалды. Өте өткір және де идея авторы сынға ұшыраған материал еді. Расында экологиялық зардап салдары бар деп танылған аймақты қалай тап-таза етіп шығаруға, ол жерде өнген өнімдерді кіршіксіз деп қалай айтуға, бұл пікірді көпшілікке тықпалауға кімнің дәті баруы мүмкін?!

      Осы жарияланымнан соң іле-шала жергілікті кадрларды қудалауға ұшыратқан бір мекеме басшысының жұмыс стилін сынға алған екінші мақаласы да «Жас алаш» газетінде жарық көре қалды. Бұл кісіңіз де жоғарғыдағыларға жақын жүретін, жұғымы бар адам екен, мұнан соң біздің газет басшылығына тықыр таянып, соңында журалисттің үлкен кабинетте ықпалды кісімен бетпе-бет кездесуіне тура келеді. Келген соң болған жәйтті қысқаша әңгімелеп берді. Екеуара әңгімелесу барысында Қази мақалаларындағы  фактілерді түгел дәлелдеп, өз ойына дөкейді де иліктіреді. «Дегенде, – деді ол әңгімесінің соңында,- Басшының түпкі ойы шынында жөн секілді, аймаққа экономикалық пайдасы бар екендігін аңғардым. Тек, онысын жұртшылыққа дұрыс түсіндіре алмады», деді ол қашанғы шындық сөзге мойынсынатын әдетіне басып. «Адам болған соң қателеседі, сүрінеді, жығылады, тұрады. Бұл әр пендеде болатын жағдай. Мас болуы да, біреуді тілдеуі де мүмкін. Мұның бәрін кешіруге болады, тек өтірік айтқанды, жұртты ақымақ көретін өтірікшіні кешірмеу керек», дейтін мінезі де әлі есімде.

      «Қайырда қалған кеменің капитаны» атты сын мақаласында сол кездегі білім саласындағы жүйесіздіктер талданып, білім министрі сынға алынды. Көп ұзамай бұл шенеунік те қызметімен қоштасты. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ » деген осы болса керек.

       Ол кездері газеттің, журналисттің беделі зор еді, редакциямызға өз ортасынан зәбір көргендер, шындықтың ауылын іздегендер жиі келетін-ді. Әділдік орнатамыз де газет қызметкерлері де ел-елді кезіп, оқиға ортасында болуға ұмтылып, ала-шапқын болып жататын-ды. Басшы-қосшылар да мақтауға оншалықты еліре бармейтін, атқарған қызметін міндетім деп түсініп, орынды сын болса, мойындап, оны қалпына келтіруге тырысып жүретіндігін байқар едік. Қоғамдық өзгерістерден соңғы қаржы тапшылығының әлі де етектен басып тұрған кезеңі ғой, журналисттердің де жалақысы мардымсыз, бір айлығы екінші айлығына жетпейтін, өзгеге түсірер көлеңкесі шамалы шағы. Сондайда әріптестеріміздің; «Өзің диуанасың, кімге пір болмақшысың?» дейтін зілсіз әзіліне Қази; «Журналист-қалқан ғой, қалқанды ешкім де, ешнәрсе де қорғамайды», деп шындап жауап беретін-ді. Расы да солай ғой, жұрт сенген қаламгер өз жағдайын қамдап, ықтап кетсе, қоғамдағы келеңсіздіктерді кім су бетіне шығарады, кім болашаққа қамқоршы болады?! Осы ұстанымның басында қашанда Қази досымыз жүрді. Ол қашанда шындықтың жүзіне тура қарады, және де онысын ешкімнен жасырмады, бүгежектемеді. Оның қыбын табу қиын еді, жағымпаздарды жақсы көрмейтін, ал көшелі іске қашанда басын иіп өтті. Осы қасиеті үшін бас редакторымыз Жақсылық Рахматулла, бас редактордың орынбасары Оразбек Мақсұтұлы оның уәжіне тұрып, бөлім меңгерушілері Жолдасбек, Әбдібай және басқалар құрмет тұтты, сыйлады. Солай болуы заңдылық еді.

      Мұнай өндіру саласындағы шетелдіктердің қандастарымызға әлеуметтік теңсіздік жасауын зерттеуде екі-үш күндеп сол жақта жатқан кездері де болды. Қашанда шындық жағында жүретін Қазекең бұл жағдай туралы бірнеше сериялды мақалалар жазды. Сол кездегі облыс әкімі Адырбековтің  журналист деректеріне ден қойып, қолдау білдіргенінде ұмытқанымыз жоқ.

      Редакция коридорына кіргенімде Қазидың Ақберген ағамен қалай сәлемдесетіні көз алдыма келеді. Екеуі екі жақтан шұрқыраса келіп, аяқтарымен тебісіп амандасып жататын. Бір қарасаң баланың ойыны секілді, дап-дардай адамдар, өздеріне салсаң, сірескен қалыптан ауытқығандары. Кастөм киіп, галстук таққанында сирек көретінбіз, иығына тек қарапайым тоқыма киімдерді іле сала көп ішінде момақан қалып танытатын еді-ау. Иә, қалыпқа сыймайтын, бұғаулап, бүркеп ұстауға көнбейтін басы асау күйі өмірден өтті, Қази дос. Биыл он жылдан асты аяулы әріптестің арамыздан кеткеніне, сонда да болса, оның өзі өмірден өткен соң ұлы Нұрлан мен шәкірт інісі Нұрбек жинақтаған кітабын оқитындар, ол туралы сұрайтындар ел арасында молынан кезігеді. Тіліміз жеткенінше, білгенімізді айтып, өзіміз де шер тарқатамыз. Жолын қуған ұлы Нұрланның бойынан Қазиға тән қасиеттерді, бекзаттықты көріп кейде, «орнында бар оңалар» деген осы екен-ау», деп тәубе айтып қоямын.

 Нұрмахан Елтай,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қази Данабаев

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір