• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
06 Желтоқсан, 19:45:19
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

14 Қазан, 2019 NEWS

«Мұзбалақ» анимациялық фильмі Германиядан жүлдемен оралды

"Мұзбалақ" анимациялық фильмі үстіміздегі жылы қазанның 7-і мен 13-і аралығында Германияның Хемниц қаласында өткен 24-ші Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған Schlingel кинофестивалінде  Германияның анимациялық фильмдер институты (DIAF) тағайындаған  «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қазақфильм ресми сайтына сілтеме жасап.

Мұзбалақ

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениеті туралы сыр шертетін «Мұзбалақ» анимациялық фильмі бүркіт пен адамның достығы туралы баяндайды. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген. Режиссерлері –Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы.

Тұрдыбек Тілек

«2D  анимациясының  таң қалдырарлық үлгісі. Disney және Pixar анимациялық кеңістігінен тыс жерде жасалған нағыз жаңалық», делінген фестивальдің баспасөз баянында.

Schlingel халықаралық фестивалін Германияның балалар мен жасөспірімдер жөніндегі Саксон қызметі ұйымдастырған. Биыл бұл байқауда 52 елден келген 233 балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдер көрсетілді.

Көз майын тауысып жасаған туындымыз Еуропадағы ірі фестивальде үздік деп танылып жатқанына қуаныштымыз. Бұл фильм ұлттық бояуы қанық, қазақтың болмысын көрсететін туынды, сондықтан да шетелдіктерге қызықты болды деп ойлаймын. Осы орайда, бізге қолдау көрсетіп, осы фильмнің шығуына себепкер болған Мәдениет және спорт министрлігіне, «Қазақфильм» киностудиясына алғысымызды білдіреміз. Осындай жеңістер көп болып, «Мұзбалақ» баршамызды қуанта берсін, - деді фильмнің режиссері Тұрдыбек Майдан.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр «Мұзбалақ» фильмі Қазақстанның кинематографистер одағы тағайындаған «Құлагер» сыйлығы – «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен  марапатталған. Сонымен қатар, анимациялық туынды Ресейде өткен XVII Халықаралық «Алау рухы» («Дух огня») атты дебюттік фильмдер кинофестивалінің жасөспірімдер мен балаларға арналған байқауына және  Чехияның Злин қаласында өткен 59-шы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Панорама» фестивалінің конкурстан тыс бағдарламасына  қатысты. Одан бөлек, бұл фильм Ресейде өткен 14 Халықаралық «Отбасымен бірге» фестивалінде арнайы жүлдеге қол жеткізді.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір