• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 00:06:59
Алматы
+35°

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысымен жарияланған Жастар жылында Жамбыл облысында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, арнаулы орта және жоғары оқу орындары тарапынан да тиянақты тірліктер тіктелуде. Солардың қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті де егемен еліміздің ертеңі саналатын жастардың жарқын болашағы үшін аянып жатқан жоқ.

Бүгінде аталмыш оқу ордасы студенттерді білім нәрімен сусындатып қана қоймай, кәсіпкерлік негіздеріне бейімдеуге де басымдық беруде. Осы орайда университет қабырғасында 2003 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Enactus Dulaty командасының бастамалары құптауға тұрарлық.

Айта кету керек, бастапқыда ұйым SIFE (студенттер еркін кәсіпкерлікте) деп аталған. Кейін ұйымның ауқымы кеңейе түскен. Жетекшісі – Әмина Насибулина. Оның айтуынша Enactus Dulaty командасына мүше бола отырып, студент жас өз мамандығымен қоса, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгереді, әлемді таниды, көзқарасы өзгеріп, ұмтылысы артады. Өзгеге көмектесе отырып, қоғамды дамытады.

– Команданың белсенді жастары мұқтаж адамдардың өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсарту үшін кәсіпкерлік әдісті пайдаланады. Оқытушы мен бизнес-көшбасшының қолдауына сүйене отырып, Enactus студенттері барлық әлемде жобалар жасап, оларды іске асырады. Жобаларды іске асыру барысында алынған тәжірибе өмірді өзгертіп қана қоймай, сонымен қатар студенттерге нағыз көшбасшы болуға көмектеседі. Елімізде 50-ден аса ЖОО мен колледждерінде Enactus командалары бар. Сәуір айында өткен республикалық жарыстан біздің университеттің командасы чемпион атанып, АҚШ-тың Сан-Хосе қаласында өтетін әлемдік чемпионатқа қатысуға мүмкіндік алды. Enactus Dulaty командасына әр түрлі мамандықтың студенттері мүше. Олар сан қырлы. Осы студенттер экономикалық, экологиялық, әлеуметтік мәселелерді көтеріп, жобалармен жұмыс істейді,-дейді Әмина Уәлиқызы.

Бүгінде команда жастары Тараз қаласындағы Көлтаған аумағының проблемасын қамти отырып, халықтың тұрмысын жақсартуда үш жобаны жүзеге асырған. Ондағы басты мәселе – ауылда газ жоқ, әйелдер арасында жұмыссыздық деңгейі жоғары. Міне, осы мәселелерді шешу үшін олар ауыл адамдарына шаруашылықты жүргізудің тиімді жолдарын көрсетті. Мәселен, жыл айын жерге пияз еге берген соң, жердің құнарсыздығы байқалған. Мұндай кезде бір жыл бұршақ ексе жер қайта құнарланып, өнімді екі есе көп береді. Ауыл адамдары осылай етті де. Бір жыл бұршақ, келесіде пияз егіп, екі есе өнімге қол жеткізген. Екінші жоба, газдың жоқтығына, отын мәселесіне қатысты. Ал көмірдің тоннасы 20 мың теңге шамасында тұрады. Көмір жетпегендіктен жергілікті халық балондағы газды қолдануға мәжбүр. Балон жарылып, қайғылы жағдай орын алған оқиғалар да болып жатыр. Команда жастары көмір, картон және тезекті біріктіру арқылы отын ойлап тапты. Ол тұрмыстық қалдықтардан жасалғандықтан, көмірдің бағасынан әлдеқайда арзан түседі. Және жергілікті халықты отынды жасайтын құрылғының жұмысымен таныстырып, тәсілін үйретті.

Ал, үшінші жоба, жұмыссыздықпен күресуге қатысты. Ауылдың қыз-келіншектеріне жұмсақ ойыншықтар жасауды, қол-өнер бұйымдарының түр-түрін тігуді үйретіп, оны нарыққа шығарудың жолдары көрсетілді. Қалай бизнес-жоспар әзірлеуді, әлеуметтік желілерде парақша ашу арқылы істі қалай алға жылжытуға болатыны айтылды.

Қуантарлығы, Enactus бағдарламасы студенттерге бизнес пен экономиканың мәселесін толық түсіну үшін жан-жақты білім, дағды мен тәжірибе береді. Бұл бағдарлама университет біліміне қосымша білім болып табылады, өйткені іс жүзінде теориялық білімді қолдануға және практикалық тәжірибе алуға мүмкіндік мол.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір